«Бүгінгі қоғамда жастар еліктеп, бой түзейтін азаматтар көп болуы керек»

86

Бексұлтан Нұржеке, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі жазушы

– Бексұлтан аға, ет пен сүйектен жаралған адамның бәрі де бірдей айналасындағыларды көре де, сезе де, оны бейнелеп жеткізе де біледі. Алайда, сөз өнері бойына дарыған ақын-жазушылар көзбен көргенін айрықша сезіммен қабылдайтын тәрізді. Айтыңызшы осы, шығармашылық адамдарында басқалардан бөлек нендей ерекшелік бар?
– Жалпы, қазақ баласы өнерге жақын болмай тұра алмайды. «Өзіңе сенбе жас ойшыл, Тіл өнері дертпен тең» деп Абай бекер айтпаған. Тіл өнері адамның бойына біткен дерт сияқты. Одан арыла алмайсың. Оған еш ем жоқ. Жас кезімізде «Ұшты, ұшты» деген ойын ойнайтынбыз. «Ұшты, ұшты, қарға ұшты» дегенде бәріміз жамырай қол көтеретінбіз. «Ұшты, ұшты, арба ұшты» деп жалғасқанда алдыңғысына қол көтерген әдетпен байқамай тағы көтеріп қаласың. Міне, сол ойынның өзі «қарға, арба, дорба» деген ұйқастармен баланы сөз өнеріне үйретеді. Сол арқылы өлеңнің құрастырылуына баулиды. «Өнер алды – қызыл тіл» демей ме халық. Тіл үйреніп, сөйлеу мәдениетін меңгермей ешкім де бола алмайсың. Тіпті, техника саласында қызмет етсең де, кәсіпкер болсаң да көркем тіл қолданбай, ісіңді алға бастыра алмайсың. Өйткені, тіл адамның ішкі ойын сыртқа шығарушы құрал. Адамдарды бір-бірімен байланыстырып, қарым-қатынасты жақсартатын да осы тіл.
Мысалы, қазақтан басқа ешбір халықта жоқ айтыс өнері қалай дамып отыр? Бұл біздің туабітті тіл өнеріне жақындығымызды, өлеңқұмарлықтың қазақтың қанында бар қасиет екенін аңғартады. Тіпті, ақ жаулықты әжелерімізге дейін ауылдың алты ауызын қалай әдемі айтады, ә…
Жақында Сарыағашқа барып қайттым. Сонда тоқсанның айналасындағы екі кейуананың қосылып ән айтып, алаңқайда концерт бергеніне куә болдым. Екеуі бір-біріне құдағи екен.
Көрдіңіз бе, қазақта еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін ән айтады, сөзді шебер ұйқастырып сөйлей біледі. Бірақ, бойдағы бар қабілетті бәріміз бірдей ұштай білмейміз. Оны ары қарай шыңдап шығармаймыз.
Күнделікті өмірде көргеніңнен әсер алып, соны көркем сөзбен суреттей білсең, әдемі дүние туады. Көбіне өнер адамдары біреуге ғашық болып, сол арқылы үлкен туындыны дүниеге әкеледі.
Алайда, бір ескерерлік нәрсе – бойдағы табиғаттан берілген талантты, ортадан алған әсерді кітап оқумен дамытпаса, бәрі бекер. Сенен бұрын ата-бабаң қалай жазған, болған құбылысты қалай сипаттап жырлаған? Ертегісі, дастаны қалай? Әр жанрдың құрылысын қалай қиыстырған? Міне, осының бәрін оқып, түбіне терең үңіліп, түйсінбейінше не артыңдағыны білмейсің, не алдыңдағыны көрмейсің. Яғни, мұхиттың ортасында теңселген бір кеме болып қаласың. Ондай күй кешпей, бар талантыңды біліммен шыңдау үшін көп оқу керек. Әсіресе, сөз өнерінің ізіне түсуге ниетті жас адам әдебиет танытқышты, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет хрестоматиясын» оқыса, көп нәрсені үйренеді. Әдеби жанрдың әрқайсысының ерекшелігін түбегейлі түсіндіріп береді. Қазақ әр нәрсені өз орнымен сөйлеп, тиісті ойын бірде ымдап, енді бірде астарлап жеткізген. Осының бәрінің қолдану жолдарын білмейінше қанша талантты болса да әсерлі дүние жаза алмайды. Мысалы, атқа мінгенде оң аяқты қалай салу керек, сол аяқ қалай тұрады, қамшыны қайтіп ұстайды, ер, өмілдірік, құйысқан қайтіп тұрады, осының бәрін орын-орнымен қолданбаса, тұлпар үстінде еркін шаба ала ма?
Сондықтан сөйлем құрылысын мәдениет­тендірмейінше талғампаз оқырманның жүрегінен орын алардай дүние жазу мүмкін емес.
– Негізі, өткен дәуір жазушыларының туындыларын көп оқыған жас қаламгерлер ескі сарынның шырмауынан шыға алмайтын секілді…
– Жалпы, өзгенің жазғанын көп оқу адамға салыстырмалы ой тудырады. Сондай-ақ, әр ақын-жазушының өзіндік қолтаңбасын тануға бейімдейді. Сол оқырман өзі қалам ұстағанда, оқыған дүниелеріне ұқсамайтын, тың тәсіл іздейді. Өзге авторларды қайталамайтындай биікке ұмтылса, олардікінен де зор дүние тудыра алады. Әрине, бұған білім керек. Білімнің кені – кітап. Адам баласы өзіне керектінің бәрін де осы кітаптан табады.
– Дұрыс айтасыз, адам баласының білімсіз биік белестерді бағындыра алмайтындығы даусыз. Алайда, тек қазақты емес, дүйім елді тамсантқан жыр алыбы Жамбыл атамыз хат танымай-ақ ақын болды емес пе?
– Иә, ол хат танымағанымен, ауыл ақсақалдарының ақылымен сусындады. Біле білген адамға ауылдың қариясы – ақылдың дариясы. Жамбыл да өзіне дейінгі ақындардың өлең-жырын тыңдап өскен. Сол арқылы бойына ілім жиған. Әйтпесе, өзінен үлкен Құлмамбетті жеңер ме еді?! Құлмамбет тек қазаққа емес, қырғызға да танымал айтыскер болған. Міне, осындай от ауызды, орақ тілді ақынды Жамбыл айла-тәсіл арқылы жеңеді.
Кенен атамыздың бір естелігінен оқығаным бар. 1924 жылы бір айтысқа Жамбылды шақырмай қойғанда, ұйымдастырушыларына жырмен шатақ мінезін көрсеткен екен. Тіпті, олардың ата-бабаларының шыққан тегін тәптіштеп тұрып айтып, «Бәрін шақырғанда мені неге шақырмайсың» дегенді шебер жеткізеді ғой. Қазақы мінезбен кінә тағады. Міне, осындай жырларынан-ақ Жамбылдың қара танымаса да, өткен-кеткенді нақты білетінін көрсетеді. Тарихты, шежірені біледі. Жыр-дастандарды көп тыңдау арқылы өзінің қарсыласын қай сөзбен қалай ұстау керегін білген. Яғни, Жамбылдың оқу құралы – халықтың ауыз әдебиеті болған.
– Айтқандарыңызға қарағанда, барлық адамның бойында өзіндік дарыны болады дейсіз ғой…
– Әрине, барлық бала Жаратушы берген ерекше сыймен туады. Соны ары қарай дамытып, ұштайтын – білім. Айталық, 1-2 кітап шығарған­нан кейін ештеңе жазбай, тоқырап қалғандар көп. Неге? Ары қарай кітап оқымағаннан, сөздік қорын, ой-өрісін дамытпағаннан. Балалық кездегі оқығаннан, көргеннен алған әсер бітеді. Оны тоқтатпай, қайрай түсу үшін бұрын оқымағандарын оқып, жаңа дүниемен танысу керек. Кейінгі кездері кітап оқу азайып барады дегенді көп айтып, оны қайта жандандыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бірақ, тым кеш қолға алынуда. Көпшілік кітап оқуды қоймай тұрып, ақылдың кеніне деген қызығушылықты арттыратын амалдарды ертерек жасау керек еді. Сонда сабақтастық үзілмес еді. Кейінгі жастар «оқымадым, кітап оқымаймын» дегенге мақтанады. Бұл мақтанатын емес, қайғыратын әрекет. Оқымағанның кесірі бір күні шолтаң етіп алдынан шығады. Тіпті, кітап оқымау – мемлекеттің болашағына зиян. Сарыағашқа барған сапарымда ары қарай Өзбекстан астым, кішігірім сауда дүңгіршектеріне дейін кітап сатуды қайта қолға алған. Демек, алысқа қарап отыр, халықтың болашағын бүгіннен қамти бастаған деген сөз. Өз еліне, мемлекетіне деген патриоттық сезімі берік адам жасайтын іс бұл. Кітапсыз күнің қараң екенін әрбіріміз жүрекпен түйсінуіміз керек. Кітап, білім тек ғылыми тұрғыда дүниені тануды ғана үйретпейді, адами биік қасиеттерді бойыңа жинатады. Жақсыға құмартып, жаманнан сақтандырады. Біз, адамдар басқа жаны бар жаратылыстардан ақыл-санамыз арқылы жоғары тұрамыз. Ал, оны кітаппен, біліммен жандандырмасақ, хайуаннан неміз артық болмақ?
– Білім демекші, қазіргі таңда балаларды оқыту-тәрбиелеу саласында реформа көп, бұған көзқарасыңыз қандай?
– Рас, білім беру ісінде өзгерістер өте көп. Жаңаланған жүйе бұрыннан келе жатқан сабақтастықты үзеді. Ал, белгілі бір жүйеде бұрынғылардан жалғасып келе жатқан сабақтастық дәстүрді қалыптастырады. Реформа сол дәстүрді жойса, оңбай құлау сонда болады. Білім беру жүйесінде оқулық та жылда өзгереді. Мысалы айтсақ, кешегі оқулықтардағы Ыбырай Алтынсаринның «Асан мен Үсені», «Мақта қызы» есіңнен кетпейді, «ұмыт мынаны» десе де ұмытпайсың. Себебі, өз халқымыздың салт-санасымен жазылған дүниелер ғой, жанымызға жылы тиеді. Одан бергідегі ұрпақ «Менің атым Қожамен» өсті, еліктеді, сол арқылы дүниені таныды.
– Білімнің аздығынан өз халқымыздың діңгегін, асыл дінімізді танудан да қалып бара жатқандаймыз…
– Иә, жан-жақтағы елдерге қарап-ақ ой түйе беруге болады. Дінді жиіркенішті, пасық пиғылмен шатастырудың өзі сауатсыздықтан. Әйтпесе, Ислам біреудің қанын төгу былай тұрсын, діні бөлек кісінің көңіліне қаяу түсіруді де құптамайды. Талай сындардан өткен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзіне қиянат жасағандарға жақсылық етіп, Исламның ақиқатын мойындатқызбаған ба еді?! Біздің халықтың «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген нақылы нағыз әділ діннің ұстанымын көрсетеді. Қазіргі қоғамдағы теріс ағымдардың қақтығысынан бөлек, әлсіз балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтар, қауіп-қатердің бәрі кітап оқымаған сауатсыздықтың салдарынан орын алып жатыр. Қатыгез қоғам ата-ананың, баланың қадірін білуден қалып барады. Тіпті, мал да, аң да өз баласына қиянат жасамайды. Сонда біздегі бүгінгі жаға ұстатар сұрқия әрекеттер адам болып туылғандардың хайуаннан да төмендеп кеткенін көрсетеді.
Бала деген жас шыбық тәрізді. Қалай өсірсең, солай қалыптасады. Сол себепті, алдымен сауат әкелер мен аналарға керек. Егер үлкендер өзінің санасын сәулелендіріп, баласының әр қадамына үлкен жауапкершілікпен қарап, жақсы нәрсе үйретуге мән берсе, жер бетінен жамандық жойылады.
– Қазіргі уақыттағы қатігездікті психологтар адамдар арасындағы жылы жүздесу, ашық пікірлесудің жоқтығынан деп жүр, сіз қалай ойлайсыз?
– Ол сөздің де жаны бар. Ғаламтордың жан-жақтан жылдам да мол ақпарат алуға көмегі бар шығар, бірақ көбіне зиянын шегудеміз. Тіпті, жылап жатқан баласына қарауға мойын бұра алмай, «соткаға» байланған аналар да бар. Автобусқа мінгенде көрем ғой, ұялы телефонынан көз ала алмай отырған жас келіншектер арбадағы жылап отырған баласына көңіл бөлмейді. Тіпті, «тыныш отырмадың» деп баланы жұлқып қояды. Сонда «соткадағы» қызық бауыр еті – баласынан артық па? Бұл, тіпті ауру. Бұл мәдениетсіздіктің бір түрі. Ол өріс алып бара жатыр. Ондайда ақыл айтуға да бата алмайсың. Себебі, қазір біреуге бірнәрсе десең, бетіңнен алып, жағаңа жабысуға дайын тұрады. Қазіргі жастардың ашуы мұрнының ұшында тұратын болған. «Үлкен кісі ескертуді менің игілігім үшін айтты-ау» дегенді ойламайды.
– «Отан отбасынан басталады» деп өсиет қалдырған бабалардың бүгінгі ұрпағының арасында отау тігіп, жұптасқандардың артынша-ақ бөлек өмір сүретініне үйреншікті үрдіс секілді қарайтын болдық. Бұл да батыстың салқыны ма?
– Көш бастайтын да, ел басқаратын да, отбасының тізгінін ұстайтын да ер-азаматтар. Шаңырақ шайқалса – тізгінді бос жіберген отағасының әлсіздігі. Азамат ең алдымен өзінің отбасына ие болуы керек. Мен сендерден гөрі бұрынғы ұрпақпын ғой. Өз замандастарымның арасында әйеліне риза емес ерлерді көрдім. Бірақ, ажырасамын демейтін. «Балаларға бас-көз болмадың, малға қарамадың, үйдің шаруасына салғыртсың» деп ұрысатын. Бірақ, бала-шағасы үшін «мен осыған үйлендім, осымен ғана үй боламын» дейтін, ошағын ойрандамайтын. Бүтіндігін бұзбай, балаларымен қатар әйелін де өз ығына қарай тәрбиелеп алатын. Байқаймын, қазіргі жігіттердің бірсыпырасы «бар» жердің қызын алып, әйелінің арқасында күнелткісі келеді. Одан да сорақысы – әйелінің тапқан табысымен күн көретіндер де бар. Содан кейін ол қалай үйдің егесі бола алады, қалай отбасын басқарып, билігін жүргізеді? Күнделікті өмірде көріп жүрміз ғой, әйел ажырасса да күнін көреді, баласын да асырайды. Керісінше, ер кісілер көбіне ажырасқаннан кейін күйзеліске түсіп, ішкі күйігін басамын деп араққа салынады. Әйтеуір, күйрейді. Ал, балалар ше? Ажырасқан анасымен бірге басқа жұртқа барып, жалтақ болып өседі. Бұрын бабаларымыз отағасы өлсе де жесірі мен жетімін жат жұртқа жібермей, өз елінен шығармай, ұрпағын туғандарының ортасында өсірген. Міне, біздің осы бір мағыналы үрдісімізді кеңес өкіметі үзіп кетті. Жұбайлар ажырасса, бала анасына берілетін болды. Әрине, балаға алдымен ана құшағы керек. Бірақ, баласын, өз ұрпағының ертеңін ойлаған еркек болашағы үшін әйелді алдыға шығармау керек еді. Жігіт шаңырақ құрып, отағасы деген атты иемденумен мойнына үлкен жауапкершілік алады. Ол сол отбасындағы барлық жанның тағдырына, тәрбиесіне, аш-жалаңаш қалмауына жауапты. Сондықтан да ол асыраушы, үйдің иесі. Ал, әлсіздік танытып, өз отбасына ие бола алмай кеткен жігіттердің бұл әрекеті – ұрпақты бағаламау. Жігіттердің тағы бір осалдығы – бірнеше әйелмен көңіл қосқанын мақтан ететіні. Ақ некемен жұптасып, ұрпағын дүниеге әкелген жарына деген құрметті жоғалтпаса игі. Ер азаматқа тағдырын қосқан жұбайы – аманат. Ал, кіндігінен тараған әрбір баланың ертеңіне әке міндетті. Міне, осы парызды ұмыттық. Борыштан жалтару әлгіндей қасіреттерге әкеп соқтырды. Адамның өмірдегі басты мақсаты – артына саналы ұрпақ қалдыру емес пе? Өмірде баладан тәтті не бар? Бала деген Жаратушының жіберген сыйы ғой. Соны бағаламағаннан кейін, не болғанымыз?..
Біз тек «Аталарымыз мынандай болған, бабаларымыз былай еткен…» деп өткен тарихымызбен ғана мақтанып жүрміз. Біз сол ата-бабалардың ізі емеспіз бе? Ел мақтанатын бүгінгі азаматтар қайда? Қашанғы өткенімізді ғана айта береміз. Бүгінімізге қарап, ертеңімізге бағыт жасамаймыз ба? Жастар еліктеп, бой түзейтін үлгі болу керек. «Міне, сенің заманыңның үлгісі» дейтіндей тұлға бар ма? Біз кешегі Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтарды пайғамбардай көретінбіз. Алдарынан шығып «Ассалаумағалейкум» дегенге төбеміз көкке жеткендей қуанатынбыз.
Баланың ең бірінші үлгі тұтатыны әке-шешесі болу керек. Әке мен ана баланы ақыл айтумен емес, өзінің іс-әрекетімен тәрбиелейді. Бала олардың сөзінен гөрі істегеніне қарап еліктейді. Қазір баланы моральдықтан бұрын материалдық қамтуға көбірек көңіл бөлінгендіктен, көп ата-аналарымыз азаннан кешке дейін жұмыста. Баланың тәрбиесін балабақшаға не мектепке тапсырып тастаған. Ал, қазіргі мұғалімдер мектепті тұрақты жалақы алатын қызмет орны деп қана біледі. Әрине, бәрі түгел сондай демеймін, бірен-саран ұстаздық жауапкершілігін сезінетіндер де бар. Біздің кезімізде мұғалімдеріміз туған ата-анамыздай жақын еді. Тіпті, кейде ең бірінші әке-шешеміз қымбат па әлде мұғаліміміз бе, білмей қалатынбыз. Мұғалімдеріміз бізге сондай жанашыр болатын. Бұрын нашар мұғалімдер аз болса, қазір керісінше, жақсы ұстаз аз.
– Бірақ, қазіргі оқушылар да мұғалімнен тайсалмайтын болып барады ғой…
– Ол үйдегі тәрбиенің салғырттығы. Біздің ұлттық менталитетімізде, тіпті түгел түркі елінде үлкенді сыйлау бірінші орында тұратын. Әкең, анаң, ұстазың қате айтып тұрса да бетінен алып, сөз қайтару деген болмайтын. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет болмайынша, адамдық асыл қасиеттерден айырыламыз.
– Сіз қандай бала болып едіңіз?
– Мен атам мен әжемнің баласы болдым. Әжемді апа деймін. Апам он жеті құрсақ көтерген. Он бес қыз, екі ұл. Әдіке, Нұржеке деген екі ұлының бірі кішкентай кезінде көз жұмған. Сол жалғыз ұлдан туған мен де жалғыз өстім. Жасым 15-ке келгенде атам мен әжем екеуі де бір жылда 77 жастарында ақтық сапарға аттанды. Ал, әкем мен ақпан айында туылғаннан кейін, мамыр айында әскерге кеткен. Оның артынан соғыс басталды.
Менің тәтті балалығым қазіргі Алматы, бұрынғы Талдықорған облысының Октябрь ауданындағы Ақжазық деген кішкентай ғана ауылда өтті. Сол кездерде ол ауылда 80 үй болатын. Қазір 1 500 адам тұрады. Әлі күнге дейін сол ауылға барсам, баладай еркелегім кеп тұрады. Себебі, ол жер маған әлдилеп тербеткен тал бесігімдей елестейді.
Қазақтың алтын бесігі – ауыл. Ауылды көркейтпейінше, қазақтың көсегесі көгеруі екіталай. Әрбіріміз туған ауылды жақсы көрсек, қандай биікке шықсақ та сол мекенге қолдан келген құрметімізді аямай, барымызды берсек, еліміз өркендейтіні даусыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.