Жаңа заң жобасынан журналистер не күтеді?

516

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс», – деп БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін тапсырған болатын.

Жолдау жүктеген тапсырманы орындау мақсатында жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» Заңның жобасын қоғамның ашық талқылауына ұсынды. Осы орайда журналистер қауымы жаңа заңнан не күтеді? Соны білмек мақсатта әріп- тестер пікіріне құлақ түрген едік.
Облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, ҚР Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионовтың айтуынша, аталған заң әуелі мерзімді басылымдардың жағдайын жақсартуға бағытталуы керек екен.

Ж.Миллионов

– Қазір қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың жағдайы мүшкіл. Себебі таралымы аз. Соның салдарынан онда еңбек етіп жүрген журналистердің жалақылары мардымсыз. Оның үстіне қоғамда «Мына заманда газетті кім оқиды?» деген қате түсінік қалыптасқан. Ұлтымыздың келешегі – өскелең ұрпақты тәрбиелеп жүрген кейбір ұстаздар да «Педагог мәртебесі туралы» Заңды алға тартып, басылымдарға жазылғысы келмейді. Мұның бір себебі идеологиялық құндылықтардың құлдырауында жатыр. Мәселен, мемлекет жыл сайын баспасөзге миллиардтаған қаржы бөліп, қолдауды аяп жатқан жоқ.

– Алайда оқырмандардың саны жыл сайын кеми беретін болса, соншама қаржының желге ұшқаны емес пе?! Сондықтан министрлік газеттердің таралымын арттыратын кешенді шаралар жүзеге асыруы керек. Әрине, ешкімді мәжбүрлеп газетке жаздыра алмайсың. Сол себепті халықтың өзі соған ынталы болатындай тиімді жоба-жоспар жасалуы тиіс. Әлбетте, басылым редакторларының өзі де оқырманды қызықтыратын – танымдық дүниелерді жариялауы тиіс. Бұл – бір.
Екінші мәселе блогерлерге қатысты. Бүгінде солардың тарапынан әлеуметтік желілерде небір қауесеттер, тіпті жала жабулар толастамай тұр. Дегенмен оны дәлелдеп жатқандары шамалы. Осы орайда блогерлерді де жеке кәсіпкерлер сияқты мемлекеттік тіркеуге алған жөн. Сонда олар да жауапкершілікті сезінер еді. Мысалы, газет бетіндегі бір қате ақпарат үшін сол басылымның бас редакторынан бастап корректорына дейін жауап береді. Ендеше, блогерлерге де дәл сондай жауапкершілік артатын кез келді. Сондай-ақ қоғамда журналистерге арнайы мәртебе берілуі қажеттігі жөнінде де бастама көтеріліп жүр. Жарайды, мәртебесі айқындалсын. Мемлекеттік бағдарламалар аясында пәтер кезегіне тұрсын. Бірақ кезекке тұрып, пәтер алуға сол журналистің жағдайы келе ме? Міне, мәселе осында. Ол үшін газет-журналдарда жұмыс істейтін журналистердің жалақысын көтеру мәселесі күн тәртібіне қойылуы тиіс. Журналистердің мәртебесі заңдылық тұрғыда айқындалады дейік. Сонымен бірге әр журналист өз беделін қаламының ұшымен, талантымен, біліктілігімен биіктеткені абзал деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе – журналистердің мұңын мұңдап, жырын жырлайтын Қазақстан Журналистер одағы осындайда ылғи тасада қалады. Билік не оларды қоғамдық, мемлекеттік маңызды тірліктерге маңайлатпайды, болмаса олардың өз тарапынан әрекет аз. Былай қарап отырсаң, барлық салалардағы өз қауымдастықтары көп мәселеге бастамашы болып жатады. Ал біздің төл ұйымымыздың көп жағдайда дауысын ести бермейміз. Журналистердің еңбегі еш нәрсемен бағаланбайды. Оны көзі қарақты жұрт біледі, мойындайды. Бір-екі рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан журналистерді марапаттарға қосу туралы бастама айтылды да. Бірақ нақты қолға алынып жатқан жұмыс шамалы. Менің ойымша, экономиканың, әлеуметтік және руханияттың салалары бойынша мемлекет тарапынан мәртебелі марапаттар беріліп жатады. «Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі» деген атақты ең жоғары деңгейде тағайындайтын уақыт жетті. Бұл атаққа қалам ұстаған қауымда лайықтылар, әлбетте, аз емес, – деп өз ойын түйіндеді ардагер журналист.

Ал облыстық «Aulieata-media» ЖШС-нің бас директоры Оралхан Дәуіт заң жобасының әлі де толықтыра түсетін тұстары жетерлік деп санайды.

О. Дәуіт

– Қай кезде де халықтың мұң-мұқтажын, проблемасын көтеріп, билік пен бұқараның арасында дәнекер болып жүретін журналистер қауымы біраздан бері БАҚ-қа қатысты жаңа заңның жобасын қызу талқылауда. «Масс-медиа» деп аталатын бұл құжатта бірқатар жаңалықтар, өзгерістер бар. Мәселен, журналистке берілетін «Баспасөз картасын» айтуға болады. Ақпарат саласындағы жұмыстарды, қарама-қайшылықтарды реттеу үшін кәсіби қоғамдық кеңес құру да көзделген. Баспасөзге жазылуды, пошта қызметін субсидиялау, мемлекеттік тапсырыстарға грант енгізу мәселелері қамтылған. Журналистік сұрау салу мерзімін жеті күннен бес күнге қысқарту ұсынылған. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстегі «Журналистің жұмысына кедергі келтіру» бабын Әкімшілік кодекске ауыстыру мәселесі де қарастырылып отыр.
Әрине, «БАҚ туралы» Заң сонау 1999 жылы қабылданғандықтан бірқатар тұстары ескіріп, қазіргі заманға сай келмейді. Жаңа заң қабылданса, бұл салада бірқатар реформаның болатыны да анық. Әйтсе де, заң жобасын әлі де толықтыру қажет сияқты. Байқағаным, мұнда әлеуметтік желілерге қатысты ешқандай норма жоқ. Қазіргі уақытта ақпараттардың негізгі бөлігі әлеуметтік желі арқылы таратылатындықтан, блогерлердің мәртебесі, желідегі жазба үшін жауаптылық сияқты мәселелер арнайы баппен реттелуі тиіс еді. Сондай-ақ «Баспасөз картасын» иеленген журналист қандай әлеуметтік және құқықтық артықшылықтарға қол жеткізеді? Бұл жағы да анық емес. Сондай-ақ газет саласындағы проблемалар да жан-жақты зерттелмеген.
Қоғамдық кәсіби кеңесті құрудың, оның жұмысын реттеу, басшысын тағайындау сияқты мәселелерді де әлі де пісіру қажет сыңайлы. Журналистің қызметіне кедергі келтіруді қылмыстық істен әкімшілік іске ауыстыру бұл қоғамда БАҚ қызметіне деген жауапкершіліктің төмендігін білдірсе керек. Керісінше, шенеуніктер журналистің қызметіне кедергі келтірудің қылмыс екенін сезінуі тиіс емес пе?
Әрине, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қазіргі уақытта осы заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерді жинап жатыр. Енді оның барлығы сарапталып, ескеріледі деген ойдамын. Сондықтан бұл заңның сапалы болуына бәріміз атсалысуымыз қажет. Қызу пікірталас пен ұсыныстар жаңа заңды тек шыңдай түседі, – дейді Оралхан Әбдірашұлы.

«Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева болса, бұл құжатта саладағы көптеген өзекті мәселелерге басымдық берілгенін айтады.

Г. Құланбаева

– Осыған дейін әрқайсысымыз сан рет оқыған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң ескірген, БАҚ-тың қоғамдағы қатынасын реттеп беруде әлсіз еді. Сонымен қатар соңғы оқиғалар ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығын көрсетті. Жаңа заңды қалам ұстаған қауым көптен күткен болатын. Біршама уақыт талқылаудан өткен тұжырымдамада ақпаратпен танысуға кедергі келтірмеу, журналистердің құқығы мен міндеттері, сөз бостандығы, отандық телерадиоларға қолдау көрсету мен дамыту жайы нақтыланды. Сонымен қатар журналистің әлеуметтік және құқықтық мәртебесін көтеруге де назар аударылға-ны – өте қуантарлық жағдай. Ерекше атап өтерлігі, біздің әріптестеріміз төтенше жағдайларда, түрлі оқиғаларда қауіпке бас тігіп өзге сала мамандарымен тең дәрежеде еңбек етіп келеді. Енді жаңа заң бойынша осындай төтенше жағдайда журналистердің ақпарат жинауы мен ұсынуына, яғни өз қызметін орындауда арнайы қамқорлық көрсетілетіні де назарға алынбақ. Мұның бәрі қазіргі БАҚ үшін өте маңызды деп ойлаймын. Бұдан бөлек, аталған құжатта өңірлік БАҚ-ты қаржыландыру, грант бөлу, телерадиохабарларды таратуда заманауи трендтерді пайдалану, заң шеңберінде мемлекеттік органдармен ықпалдастығының арнайы нормаларын қалыптастыруға да екпін түсірілген, – дейді Гүлбаршын Қайратқызы.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп бағалаған журналистер қауымының жаңа заңнан күтері мол. Тіршілігін тілшіліктен тапқан қаламгерлер құнды құжат саланың дамуына серпін береріне үмітті. Ал сол үміттің қаншалықты ақталары алдағы уақыттың еншісінде.

Құрбанәлі Шахабай, Жамбыл Тараз газеті

Leave A Reply

Your email address will not be published.