ТӨЛЕМ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

779

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осыған байланысты біздің тілшіміз аудандық кірістер басқармасының бастығы Нұрзат Егесіновке жолығып, аталған заң туралы толығырақ түсінік беруін сұранған еді.

— Нұрзат Тұрсынбекұлы, алдымен аудан тұрғындары өздерін банкрот деп танып, қарыздарынан құтылуы үшін нені білуі қажет?

— Бұл заңның қабылдануы республика халқына жасалынып отырған жағдай, тіпті қамқорлықтың бірі деседе болады. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қол қойылған күннен соң 60 күннен кейін күшіне енетін болады. Демек, қазақстандықтар, 2023 жылғы 3 наурыздан бастап өзін банкрот деп жариялау үшін өтініш бере алады.
Банкроттық туралы рәсімнің соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәрізді үш түрі бар. Барлық рәсім түрі қарыз алушының бастамасымен ғана жүзеге асады. Ал бұл банк борышкерлердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмайтынын білдіреді.

— Соттан тыс банкроттық қашан қолданылатыны туралы айта кетсеңіз?

-Жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттік алдындағы қарызы 1600 АЕК-тен (2023 жылы-5 млн. 520 мың теңге) аспаған жағдайда соттан тыс банкроттық қолданылатын болады. Алайда төмендегі талаптар сақталуы тиіс:
● атында мүлкі болмауы тиіс;
● өтініш берген күнге дейін 12 ай қарызын төлей алмаған болуы тиіс;
● берешектің мерзімі өткен күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген;
● өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы керек.
Мұнымен қатар банкроттық рәсімнің бұл түріне 5 жылдан астам уақыт қарызын төлей алмаған жеке тұлғалар да жүгіне алады.

— Сот арқылы банкроттық қашан қолданысқа енетіні туралы да білсек?

— Бұл рәсімді қарызының сомасы 1600 АЕК-тен асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Сот арқылы банкроттық кезінде қарыз алушының мүлкі сатылады. Алайда несие берген ұйым азаматтың жалғыз баспанасын ол кепілде тұрған болса ғана алып қоя алады. Қазақстандықтар соттан тыс банкроттыққа «Электронды үкімет» арқылы өтініш бере алатынын да айта кетейін. Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына:
●заңды тұлғалардың және ДК банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
● кәсіби бухгалтерлер;
● заң бойынша кеңесшілер;
● аудиторлар кіреді.
Қаржы басқарушыларының қызметіне ақы борышкердің мүлкі есебінен төленеді. 2023 жылы-бұл 70 мың теңге. Ал әлеуметтік осал топтағы, мүлкі жоқ тұлғаларға қаржы басқарушылар тегін қызмет көрсетеді. Қаржы басқарушылардың тізімі қаржы министрлігінің сайтында жарияланған.

— Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қашан қолданылады?

— Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін иелене алады. Жалғыз шарт-қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс.
Қалпына келтіру шаралары:
● мүліктің бір бөлігін сату;
● мүлікті жалға беру;
● жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату;
● құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.

— «Банкрот болған адамдар» үшін мұның салдары қандай?

-Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкерлер мыналарды білгені дұрыс:
● 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда);
● қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
● банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.

— Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі туралы толық консультацияны қайдан алуға болады?

— Жеке тұлғаның банкроттығы тәртібі туралы анағұрлым толық ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурстарында жарияланады.
Қосымша ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ байланыс орталығына 1414 нөміріне (қосымша нөмір 3) не https://t.me/SalyqBot тeleqram-чатына хабарласуға болады.

— Әсерлі сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.