Жер учаскелерін мақсатты пайдалану керек

149

Қалада да, ауылда да пайдаланусыз жатқан жер жетеді. Ондай жердің иелері әлдебір құрылыстың іргетасын қалап қояды немесе қоршайды да ары қарай құрылысын жүргізуді «ұмытып» кетеді. Тіпті, іргетасы қаланып, қоршалмақ түгілі бос жатқан жер әр аймақтан да кездеседі. Сұрастырып көрсең «Ол жерді түгенше пәлен жылы сатып алған» дейді білетіндер.  Жерді алған соң пайдалану керек. Міне, бұл мәселе облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының бас ауруына айналғалы қашан.

Облыстық әкімдікте өткен «Облыс көлемінде құрылысқа арналған жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған жер иелеріне шара қолдану және мәжбүрлеп алып қою туралы»  өткен жиында мәселе қабырғасынан қойылды. Жиынға облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық, Тараз  қалалық соттарының судьялары, облыстық, қалалық прокуратураның қызметкерлері,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары қатысқанынан-ақ мәселенің аса маңызды екені сезілді. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылдар бойы құрылысы аяқталмайтын «сақалды құрылыстар» туралы айтқан сөзін еске салып, жердің заңдылығын анықтау қажеттігіне назар аударды, егер жұмыс істемесе заң арқылы мемлекет меншігіне қайтарып алу қажеттігін атап көрсетті.

Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек өңірде мақсатты пайдаланылмаған құрылысқа арналған жер учаскелері және құрылысы аяқталмаған «сақалды құрылыстар» бүгінгі күні өзекті мәселеге айналғанын жеткізді.  Басқарма  тарапынан Жер Кодексінің 92-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, аталған бұзушылықтар бойынша тексеру жүргізіліп жатса керек. Былтыр басқарма тарапынан Тараз қаласы бойынша тексерілген 149 жер учаскесінде 27 заң бұзушылық анықталған.  Жер иелеріне заңбұзушылықты жою туралы бір жылға нұсқама беріліп, Тараз қалалық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімі тарапынан жер учаскелеріне ауыртпашылық қойылуға жолданып, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан салық мөлшері 10 есеге ұлғайтылыпты.

Жер учаскесі иелерінің тұрғылықты мекен жайынан табылмайтыны да проблемаға айналса керек. Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөліміне осындай 26 жер учаскесін иесіз мүлік ретінде есепке алу туралы хат жолданған. Сонымен қатар, 43 жер учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан прокуратура «Заңбұзушылық анықталмады» деп тексеру тоқтатылған.  Ал бұл жер учаскелері әлі күнге толық игерілмеген.  Жер Кодексінің 92 -бабында егер құрылысқа арналған жер учаскесі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл ішінде мақсатты  пайдаланбаған жағдайда мәжбүрлеп алып қоюға жатады делінгенін алға тартқан басқарма басшысы өздерінің тарапынан атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды кеңінен сөз етті.

42 жер учаскесі сатылып кетуіне және сыйға берілуіне байланысты тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Қалалық жер қатынастар бөліміне осы учаскелердің жаңа иелерін анықтап, басқармаға қайта жолдау бойынша облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасы беріліпті. Екі жер учаскесінің жалға алу мерзімінің аяқталуына және үшеуінің сот шешімі негізінде әкімдік қаулысының күші жойылуына байланысты жер иелерінің атында жер учаскесі тіркелмегені анықталған. Алты жер учаскесі жер иелерінің кәмелет жасына толмауына қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі рұқсат бермегендіктен тексеру жұмыстары жүргізілмей қалған.  Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған мораторийге байланысты жеке кәсіпкерлік нысандарын тексеру және оларға берілген нұсқамалардың орындалғанын  тексеру  тоқтатылған. Басқарма тарапынан былтырғы бір жылға берілген нұсқамаларды бақылау мақсатында мораторий талаптарына сәйкес, тек қана жеке тұлғаларға   қайта тексеру жұмыстары жүргізілген. Төрт жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары нұсқаманың талаптарын орындамағандықтан, мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Тараз қалалық сотына жолданып, қаралуда екен.

-Алайда, жерді мәжбүрлеп алып қою бұл жай ғана жер дауы емес, күрделі процесс. Бұл тек сот шешімінің күшіне енумен ғана шектелмейді. Шешім күшіне енген соң, ары қарай сот орындаушыларына жолданып,  аукцион арқылы  сатылуы тиіс және сатылудан түскен қаражат жер иесіне беріледі. Егер де бір жыл көлемінде үш рет аукцион арқылы сатылмаса, онда жер учаскесі арнайы жер қорына сот шешімімен қайтарылады. Бұл жағдайда, жер иесіне өтемақы төленбейді. Осы айтылғандарды сот барысында ескерген дұрыс деп пайымдаймыз,-деді басқарма басшысы Ә.Тамабек.

Басқарма тарапынан құрылысқа арналған жер телімін мәжбүрлеп алып қою бұрын соңды орын алмаған. Биылғы екінші тоқсаннан бастап басқарма тарихында алғаш рет бес жеке тұлғаға қатысты сотқа талап-арыз жолданыпты.  Дегенмен, 2012-2017 жылдары аукцион арқылы берілген құрылысқа арналған жер учаскелерін мақсатты  пайдалалануына зерделеу жұмыстары жүргізілген.  Бүгінде 24 жер учаскесі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр екен. Алайда, тексеру туралы пошта арқылы жіберілген хабарламадан бас тартып жататын жағдайда жиі кездесетін көрінеді. Содан барып тексерістің уақыты 2-3 айға дейін созылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлжамал Тәжиева және Тараз қалалық сотының судьялары  Марлен Тілеубеков, Айман  Джамбырбаева, облыстық, қалалық прокуратураның прокурорлары, жерге қатысты құрылымдардың басшылары өз ойларын ортаға салды. Сөз алған құзырлы орган өкілдерінің бәрі де заң талаптарының орындалуын айтады.

Дұрыс,  Жер Кодексін басшылыққа алып, өзекті мәселені шешетін уақыт жетті.  Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының қызметкерлеріне құзырлы мекемелерден осы жер дауына байланысты  қызметтік жаза қолдану туралы хат келіп жататыны да еркін пікір алысу түрінде өткен жиын барысында әңгіме болды. Жұмыста жіберілген кемшілік болса жазаға тартылу да заң талаптарының бірі. Ең бастысы, қызметкерлер жазықсыз жазаланып кетпесін дейік.

«Сақалды құрылыс» деген қаланың да, ауылдың да ажарын кетіріп, сәулетін бұзады. Сосын жерді алған соң, оны мақсатты пайдаланбайтындар да кездеседі. Мәселен, биылғы шілде айының өзінен бері Тараз қаласы-52, Меркі-10, Талас-7, Жуалы, Шу, Т.Рысқұлов аудандары 5-тен  және Сарысу ауданы 1 жер учаскесін тексеру үшін облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасына хат жолдаған.  Мораторийге байланысты басқарма кәсіпкерлік нысандары болып табылмайтын жеке тұлғаларға, орта және ірі кәсіпкерлік нысандарына тиесілі жер учаскелері бойынша Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сай тексеріс жүргізуде. Алынған жер мақсатты жұмыс істеуі керек, бұл кәсіпкерлікпен айналысып, шағын бизнесті қолға алам деген әрбір азаматтың есінде болса дейміз. Сосын ол жерден салынатын құрылысты белгіленген мерзімде соғып аяқтау қажет. Құзырлы органдармен жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылайтын басқарма қосыла отырып, енді ұзын арқан кең тұсауға жол бермейтін сияқты.  Сондықтан жер алып, рахатын көрем деген әрбір азаматтың ойланғаны абзал.

Амангелді ӘБІЛ

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.