Өмір сыйла!

443

Жамбыл облыстық қан орталығында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері ұйымдастырған «Өмір сыйла» қан тапсыру акциясы өтті. Шараға қатысқан 50-ге жуық донордың қанымен 100 адамның өмірін аман алып қалуға болады екен.

Қан тапсыру акциясы облыста Волонтер жылын өткізу жөніндегі «SAÝLYQ» волонтерлық бағытының «Өмір сыйла» жобасы аясында іске асырылып жатыр. Маусым айында бастау алған жаңа жоба жылдың аяғына дейін жалғасын табатын болады. Аталған акция басқарманың ұйымдастыруымен үшінші мәрте болып жатыр. Бұл жолғы донорлардың арасында Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан келіп қан тапсырушы еріктілер бар. Сонымен қатар, игі іске жас кәсіпкерлер де атсалысуда. Атап айтар болсақ, «Salam bro» және «Zheka’s doner house» мейрамханаларының иесі Омаров Еламан өзінің қызметкерлерімен бірге «Өмір сыйла» донор болу акциясына қатысады.

Айта кетелік, ғаламшарымыздың әрбір үшінші тұрғыны өмірінде кем дегенде бір рет қан құйдыртуға мәжбүр болады екен. Сондай-ақ донорлық қансыз өмір сүре алмайтын адамдар тобы да кездеседі. Үнемі қан тапсырып отыратын жанашыр жандардың көмегі қашан да аздық етеді, сондықтан аталған акция кезінде келген белсенді қан тапсырушыларды дәрігер мамандар үлкен қуанышпен қарсы алды.

Облыстық қан орталығы толығымен заманауи құрылғылармен жабдықталған және донор қаны мен оның құрамының қауіпсіздігін толық анықтай алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.