КӨКҚАЙНАР ТАРИХЫН ТӨЛҚҰЖАТТАН ТАНЫ

109
Бүгін Шу ауданының қақпасы саналатын Көкқайнар ауылдық округінде ауыл төлқұжаты жазылған стелланың ашылу салтанатты өтті.
Аталған шараға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтады.
Бөлім басшысы құттықтауында көкқайнарлықтарға аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Өскелең ұрпаққа өнегесі мол бұл оқиғадан ауыл ақсақалдары қалыс қалған жоқ. Көнекөздер ауылдың арғы-бергі тарихынан сөз қозғап, бастамаға ақ баталарын берді. Әжелерімізде шашу шашып, тойдың шырайын келтірді.
Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жүргізіп отырған жемісті саясаты мен жүйелі реформалары нәтижесінде ауылдағы ағайынның еңсесі айтарлықтай көтерілді. Бір ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасы мол мүмкіндік сыйлап отыр. Осы ауыл аталған жобаға белсене қатысып, өз кәсіптерін ашуда. Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесов атамыз туған бұл мекенде бүгінде біраз шаруалар жүзеге асып, ауылдың әл-ауқаты артып келеді. Бүгінгі ашылғалы тұрған стелла да Көкқайнар ауылына шырай бермек. Сонымен қатар жас ұрпақтың жадына сақталатын мұра болатыны ақиқат. Сіздерді осы салтанатпен шын жүректен құттықтаймын,-деді Б.Алибиұлы ақжарма тілегінде.
Ізгі лебіздерден соң іле шала қызыл лента қиылып, төлқұжатты бүркеген ақ мата көпшілік қошеметімен ашылды. Қадірлі қариялардың қолымен жасалған жоралғылар осы шараны салмақтай түскені белгілі.
Ендігіде Алматы мен Қордай жақтан келетін қонақтар осы төлқұжатқа тоқтап, ауыл тарихымен танысуға мүмкіндік алмақ. Бұл да өз кезегінде руханиятты ұштау үшін жасалған қам екені анық.

 

Шу ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.