Жамбыл облысында 150-ге жуық нысанда құрылыс жұмыстары жүруде

13
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және индустриялық аймақтарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы 143 құрылыс нысаны жүзеге асырылуда. Оның 96-сын биыл пайдалануға беру жоспарланған.
2026 жылы құрылыс саласына 418,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Жыл соңына дейін 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 326 мың шаршы метрі қаңтар-маусым айларында пайдалануға тапсырылды.
Бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 60 995 азамат тұр. Оның ішінде 31 321 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.
Биыл кезекте тұрған 2 035 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның 680-і – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар.
Жалпы биыл 2 941 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 1 685 пәтерді қамтитын 35 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында 125 пәтерлі екі кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар Асқаров көшесі алқабында 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік-кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, осы аумақта 1 800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 350 жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 78 пәтер сатып алынды.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту аясында 30 жоба іске асырылуда. Оның 24-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Мемлекет басшысы құрылыс саласын ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындап отырғанын атап өтті. Ол өңірде тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және инвестиция тарту жұмыстары тұрақты бақылауда болуға тиіс екенін айтты.
– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде құрылыс саласын кешенді құқықтық реттейтін жаңа Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі толық күшіне енді. Кодекс құрылыс қызметіне қойылатын талаптарды біріздендіріп, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтті. Сонымен қатар құрылыс саласындағы жауапкершілік пен мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа тетіктер енгізілді. Құрылыс кодексінің талаптарын өңірде сапалы іске асыру – барлық жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті, – деді облыс әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға Құрылыс кодексінің талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, биыл жоспарланған барлық құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтау, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту, сондай-ақ құрылыс нормалары мен стандарттарының сақталуын қатаң қадағалау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.