Аудан әкімі үздік спортшыларды қабылдады

235

Өткен аптада аудан әкімі Бақыт Қазанбасов аудан әкімдігінде биылғы жылы әлемдік жарыстарда жүлделі орындарды иеленген бірнеше үздік спортшыларды қабылдады. Олардың арасында Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие Ата» ат спорты клубында еңбегі сіңген жаттықтырушылар, көкпардан 2022 жылы Түркия мемлекетінің Бурса қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпаздары, көкпардан ҚР-ның спорт шеберлері Ернар Жарылқасын, Есжан Құрманбай, Ерғалым Жақсылық, № 8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қол күрес бөлімшесінің спортшылары, Түркия мемлекеті, Анталия қаласында биылғы жылдың тамыз айында өткен қол күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары Нұрбике Торғайбай, Гүлназ Керімбекқызы, Айзат Саттарова, Бибіжан Әжіғұл, № 9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим, қазақ күресі бөлімінің спортшылары, грек-рим, қазақ күрестерінің спорт шеберлері, 2022 жылы Италия, Румыния мемлекеттерінде грек-рим және қазақ күрестерінен өткен әлем чемпионаттарының қола жүлдегерлері Юсуф Ашрапов пен Бекжан Төлегеновтер бар.

— Мемлекет басшысы басқа да салалармен бірге спорт саласына да көп көңіл бөлуде. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан да бізде аудандағы бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңіл бөліп, жыл сайын жеткілікті мөлшерде қаржы бөліп келеміз. Соның арқасында былтырғы жылға қарағанда биыл спорттық жарыстарда жеткен жетістіктеріміз көп. Әрбір ауылдарда спорттық ғимараттар бой көтеруде. Біз әрдайым өз спортшыларымызды қолдаймыз. Ал сіздер аудан абыройын асқақтатып, жоғары жетістіктерге жетіп отырсыздар. Қол жеткізген жетістіктеріңіз құтты болсын. Алдағы уақыттарда да жеңіс тұғырынан көріне берулеріңізге тілектеспін,-деген аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы үздік спортшыларға аудан әкімінің Грамотасы, «Байзақ ауданының спортын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов те үздік спортшыларды қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақыттарда да биік белестерден көріне берулеріне тілек білдірді.

Кездесуге аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров қатысты.

Кездесу соңында үздік спортшылар аудан әкімімен бірге ескерткіш суретке түсті.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

«Ауыл жаңалығы»

Сарыкемер ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.