«ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ»

112

 

Осындай тақырыппен Үлгілі ауылдық клубында қазақ, орыс, ағылшын пәндерінің мұғалімдері, тілдер бірлестігінің ұйымдастыруымен іс-шара өтті.

Айтулы шараға Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің “Баспасөз қызметі” орталығының басшысы Бибігүл Шахзада,  медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева, медиатор, аудандық қоғамдық штаб мүшесі Ғайни Көшекбаева қатысты.
Алдымен сөз алған Ғайни Ақылбекқызы ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру мен патриоттық тәрбие беру, ең бастысы — елдің өсіп- өркендеуі мен гүлденуінің жолында топтасудың маңызын атап өтті. Ел алдында тұрған басты міндет — ел тәуелсіздігін тұғырлы ету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтау екендігін жеткізді. Динара Мелдебекова және Валентина Досыбиева бірлесе отырып шығарған «Медиациялық қызметті жетілдірудің жолдары» атты оқу-әдістемелік құралдың маңызын атап өтті. Мұнан кейін аталған туындының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Аталған жинақта білім мекемелерінде туындаған кикілжіңдерді шешу, қылмыстық әрекетке жол бермеу, жасөспірімдердің құқығын қорғау, отбасылық берекені сақтаудың жолдары айтылғандығына Ғайни Ақылбекқызы тоқталды. Жинақтың жарыққа шығуына үлкен қолдау көрсеткен Динара Сабырбекқызы мен Валентина Николаевнаға алғысын білдірді.

Одан кейін  «Ұлттар татулығы» атты көрініс көрсетілді. Онда қазақ жерінде тату-тәтті тұрып жатқан этнос өкілдерінің бірлігі мен татулығы суреттелді. Мұнан соң достық, бірлік, татулық, бейбітшілік туралы әндер шырқалып, домбыра шанағынан күйлер төгілді.

Әрмен қарай  ретімен сөз алған қонақтар ел тарихына тоқталып, ұлттық дәстүр мен мәдениет, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, дамыту, ұлтаралық ынтымақтастық пен сабақтастықты өркендетуге қатысты сұрақтарға жауап беріп,  ойларын ортаға салды. Үлгілі ауылының тұрғыны, неміс ұлтының өкілі Ирина Рейнк «Қазақстанда туылғаныма, осында өмір сүріп жатқаныма өте қатты қуанамын. Қазақ халқының салт-дәстүрін білемін. Тіпті мереке кезінде ұлттық тағамдарды, бауырсақ әзірлегенді  жақсы көремін. Балаларым қазақ мектебінде  оқиды, қазақ тілінде сөйлегендерін мақтан тұтады»,-деп сөзін аяқтады.
Үлгілі орта мектебінің директоры Нүркен Кенжеқұлов сөз алып,  ел бірлігінің  тірегі-мемлекеттік тілді құрмет тұту-ортақ міндет екендігі жөнінде ойымен бөлісіп, терең мағыналы  әңгімелері үшін қонақтарға алғысын білдірді.
Достық пен татулықты ұлықтаған шара «Елім-менің»  әнімен түйінделді.

 

 

Айнұр Аскербай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.