Аңыз да баға жетпес дерек көзі

60

(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және Шоқан Уәлиханов жазбаларындағы қазақ аңыздары туралы)

Ұлт тарихы үшін аңыздар да дерек көздері деуге болады. Өйт­кені онда тарихи шындықтың іздері бар. Белгілі оқи­ға­лар мен тарихи тұлғалар туралы аңыздар қай кезде де бағалауға лайық құнды мұралар. Қазақ аңыздарының жиналып хатталуына ұл­тымыздың ірі тұлғалары да ерен еңбек сіңірді. Солардың ба­сында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шоқан Уәлиханов тұр.

Халықтық үлгілерді жазып алу әдісін қалыптастыруда Ш.Уәлиханов пен В.Рад­­­лов сіңірген еңбегінің маңызы зор. В.Рад­ловтың жазбалары өз замандастарына қара­ғанда қысқартусыз, өзгертусіз берілген. Зерт­теушілер үшін ауызша тарихи дәстүр­дің белгілі не беймәлім мәтіндерінің не­ғұр­лым көп нұсқалы болуы тарихи таным үшін маңызды. Себебі деректі терең және мей­лінше жан-жақты түсіну, тану үшін де, зерт­теуші оның неғұрлым көп үлгілерімен та­ныс болуы керек. Жалпы, кейбір ауызша та­рихи шығарманың қағазға түсу уақыты мен орнының көрсетілмеуі, сондай-ақ мә­тінді айтушы, жеткізуші жөніндегі ақ­па­рат­тар болмауы бұл деректің ғылыми құн­ды­лы­ғын төмендетеді. Демек, ауызша тарихи дәс­түрдің ғылым талабына сай жиналуы үшін алдымен оның дұрыс қағазға түсуі мен жазылынып алынуы (паспорты) толық толтырылуы қажет. Сонымен қатар ауызша та­рихи деректерді жинаушылар мәтіндерді неғұрлым көп таба отырып, оларды не­ғұр­лым ұқыпты түрде қағазға түсіруі шарт. Шарт­тардың дұрыс орындалуы тарихи та­нымның аясын кеңейтеді және тарихи шын­дықты қалпына келтіруге өз септігін ти­гізеді. Зерттеушінің ауызша тарихи де­рек­терді жинаудағы тағы бір мақсаты – ол мә­тіннің сол, не басқа бір жерде өмір сүру ерек­шелігін анықтау екенін естен шы­ғар­мауы керек. Шығарманың белгілі бір ме­кен­дегі өмір сүру жағдайын қарастыра оты­рып, жинаушы сол елді мекендегі ха­лықтың тарихи, әрі саяси-экономикалық ерек­шеліктеріне де көңіл бөлуге міндетті. Жи­наушылық жұмыс кезеңде сол елді ме­кенге қатысты жүріп жатқан түрлі этног­ра­фиялық материалдарды да қоса қам­туды ойластыруы керек.
Ауызша тарихи дәстүрді на­си­хат­тай­тын­дар, тарататындар, айтушылар мен жет­­­­­кізушілер т.б. төңірегінде де ақпараттар мен мағлұматтар қоса қамтылады. Ол биог­рафиялық мәліметтерден бастап, яғни ту­ған күні, айы, жылы, білімі т.б. тәрізді де­рек­терден тұрады. Патшалы Ресей өкіметі тұ­с­ында жиналған мәтіндер христиан дінін уағыздауға, патшаның шексіз билеу саясатын дәріптеуге және сонымен бірге мем­лекетке қызмет ету мақсатында жи­на­лып, жарияланып отырды. Бұл мәтін­дерде сондықтан да кейбір деректер сұрыпталып, өңделіп, түрлі цензуралардан іріктеліп өз­ге­ріс­ке ұшыраған. Мәтіннің текс­то­ло­гия­лық жағынан дұрыс басылмауы, аудармасы бол­са, оның дұрыс берілмеуі оның мағы­на­лық жағынан түрлі өзгерістерге, ауыт­қуларға ұрынуына әкеледі. Ауызба-ауыз жазудың қиындығы: кейбіреуі басын толық жазса, кейбіреуі аяғын; ал, кейбіреудің оқиғаны, кейіпкерлерін шатастыруы мүм­кін. Бұның барлығын зерттеуші ғалым зерт­теу барысында үнемі ескеріп отыруы қа­жет.
Қазақ тарихын зерттеу iсiнде ауызша та­рихи дәстүрдің маңызын ерекше атап, ғы­лыми айналымға «тарихи бiлiм» (устная историология) түсінiгiн енгiзiп кеткен
В.Юдин­нің еңбектерiнің де маңызы зор. Қа­зақтың бай ауызша тарихи дәстүрін зерт­­теуші ғалымдары: М.Көпеев, Ш.Уәли­ханов, В.Бартольд, В.Радлов, Г.Потанин,
Ә.Ди­ваев т.б. еңбектері қазір әлі толық жа­рия­лан­ба­ған. Олар өз еңбектерінде ауызша тари­хи дәс­түр үлгілерін әрі жинаудың, әрі жария­лау­дың, әрі зерттеудің тиімді өзіндік әдіс-тә­сілдерін пайдаланған. Сонымен бірге ауыз­ша тарихи дәстүрді жинау, жариялау мен зерттеу жұмыстары этнографиялық ба­қылаулармен тығыз қарым-қатынаста қа­растырылып отырды.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қ­азақтың ауызша тарихи дәстүрін жинау жұ­мыстары, негізінен алғанда, тарихи-эт­нографиялық сипатта болды. Қазақ да­ла­сында болған ғалымдар мен саяхатшылар ішінде: А.Левшин, А.Янушкевич, Г.Спасский, А.Назаров тәрізді зерттеушілер қазақтың ауызша тарихи дәстүрін халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен байланыстыра жинады.
ХІХ ғасырда қазақтың аңыз-әңгіме­ле­рін жинауда Ш.Уәлиханов елеулі үлес қос­ты. Сонымен бірге, Ш.Уәлиханов өз еңбе­гін­де кез келген халықтың құрылуы жөнін­дегі ең қиын мәселені шешуге бастайтын әдіс­теме жасаған. Оның Рашид ад-Диннің «Жәми ат-тауарих», атақты ориенталист Г.Клапроттың, көрнекті неміс географы А.Гумбольдтың, орыс авторлары: А.Лев­шиннің, И.Бичуриннің, П.Рычковтың, А. Шренктің, А.Ремюзаның, Г.Мейендорфтың ең­бектерін түпнұсқада оқуы да аталған са­ладағы ізденіс сапасын биіктете түскен. Қазақтың біртума ғалымы Ш.Уәлиханов та кезінде қазақтың ауызша тарихи дәстүрін жинаумен әрі зерделеумен айналысқан. Ол жи­наған тарихи мұралар әлі күнге та­рих­шы ғалымдарға зерттеулерінде дереккөзі ретінде қызмет етуде. Оның өскен ортасы, жастай алған тәрбиесi оның болашағына үл­кен әсер еткен. Ең алдымен Ш.Уәли­ха­нов­тың ежелден ел билеген ақсүйек отба­сын­да туған, халық тағдырына қатысты әң­гiмелердi бала кезiнен естiп, қанып бiл­генiн елеулi мәселе деп карау керек. Көрген-бiл­гендерi, бастан кешкендерi жас Шо­қан­ның санасына жанды тарих секiлдi кұйыла берген. Қазақ халқының келешек бағыты ай­қындалған жолайрық заманда Абылай­дың атына қатысты аңыз сөздер аса көп бо­латын.
Абылай туралы деректердi архивтен емес, тiкелей отбасылық шежiре ретiнде ес­тiп, тану Шоқанның өткен iстерге, ел тари­хына ой жүгiртiп үйренуiне септескен. Бұл заманда бетiне жан қаратпаған ай­бар­лы хандық династияның өкiлi Шоқан өт­кен тарихтың көңiл сүйсiнер даңқты бет­те­рiн де, өкiнiштi сабақтарын да жаттап өс­кен едi. «Бұл қалай?» деген сауал оның көңiлiне ерiксiз тұрақтайды. Қазақстанның Ре­сей қарауына өтуiнiң жағдайлары, өз әу­летiнiң халi, Абылай балаларына, екi жiк­ке бөлiнiп, бiр жағы ақ, патшаның се­нiмдi қызметшiсi болуға бейiмделуi, екiншi жа­ғының тәуелсiз қазақ хандығын көксеуi, осы негiзде туыстардың өзі бiр-бiрiн көр­местей династияға айналуына нағыз шы­тырман болатын.
Уәли ханның кезiнде Орта жүзде хан­дық жойылып, елдi билеудiң жаңа жүйесi жасала бастағаны ел iшiнде қан­дай пiкiр тудырғаны да, болашақ ға­лым­ға бала күнiнен азды-көптi таныс едi. Кейiн­нен Ш.Уәлихановтың ғылыми ең­бек­терiнде орын тебетiн тарихи-этног­ра­фия­лық мағлұматтардың көбi оның балалық шақ­та ұққандары мен байқағандары бола­ды. Өз ата-бабаларының отбасылық ше­жi­ре­сiн жастай бiлiп алуыньң өзi аса қымбат бi­лiм едi. Ол шежiренi ең жақын адам­дары­нан естидi.
Шоқанның әжесi Айғанымның ақылды ел әңгiмелерiне жетiктiгi де зор маңызы бол­ғанын зерттеушiлер атап отырады. Қа­зақ руларының iшкi кұрылысы, олардың өза­ра қарым-қатынасы, халықтың үш жүз­ге бөлiнетiнi туралы шежiре бiлiмдерiн де Шо­қан ауыл «университетiнен» алған. Ш.Уә­ли­ханов ес бiле бастағаннан қазақ елi­нiң тарихы мен сол кездегi жағдайын си­паттайтын аңыз-әңгiмелердiң қалың ор­тасында жүредi. Мұның өзi баланың ойы­на берiк орнап қалғаны мәлiм. Қазақ хал­қының басына түскен әртүрлi ауырт­палық сезiмтал, зерек Шоқанға өшпес әсер еткен, ерте ойлауға үйреткен. Бiр заманда зор болған әулеттiң соңғы ғасырларда әл­сiреп, ақ патшаға тәуелдi халге кетуiнiң се­бебiн бiлуге ұмтылу да мұндай жағдайда та­биғи көрiнiс болатын. Болашақ қазақ да­ласының зерттеушiсi Шоқанның алдағы iс­терiнiң бағытын күн iлгерi белгiлеуі се­бептiң бiрi осы.
Ғалымның ой-өрiсiнiң кеңеюiне, көр­кемдiк талғамның жетiлуiне жасынан ақын­дар, әншiлер, күйшiлер, шешендер өн­ерiн естiп, ғибрат алуы зор әсер еткен. Шо­қанның орыс достарының бiрi Г.Потанин кейiнгi естеліктерiнiң бiрiнде Ш.Уәлихановты «өз халқының жазушысы болуға жаралған адам» едi деп сипаттауында үлкен мағына бар.
Ғалым өзi жинаған, зерттеген ауыз әдебиетi шығармаларын алдымен түрлi орындаушы, дарынды өнерпаздардан тың­даған. Ол ХVIII ғасырда жоңғар жау­лау­шылығына қарсы күрескен қазақ ба­тыр­ларына қатысты аңыз бен жырды бала ке­зiнен сан рет естiп, санасына құйған. «Қо­зы көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше» сын­ды эпикалық жырларды, тарихи аңыз­дарды, ертегiлердi, тұрмыс-салт өлеңдерiн айту­шылар ол кезде жиi ұшырасатын Сондықтан оның бойына жинау­шы­лық қабілет жастайынан қалыптасты. Көк­шетау округiнiң тамылжыған әншiлiк дәс­түрi жас Шоқанның эстетикалық талға­мын ұш­та­ған ғажайыптың бірi. Шоқан жаз­баларында аттары жиі ұшырайтын Жұ­мағұл, Жанақ, Орын­бай, Арыстанбай, Шөже сынды ақын, жыршылар, түрлi әншi-күй­шiлер, Шыңғыс Уәлиханов аулына ке­лiп, апталап, айлап жатып, өз өнерлерiмен ха­лықты қуанышқа бөлеп отырған. Әрбiр орын­далған күй, аңыз-жыр, толғаудың өзі та­рих, әдебиет т.б. толы мұра болды. Айту­шы­лар тек жұрт­шы­лық көңілін көтерумен шек­телмей, тың­дау­шыға тарихи бiлiмді де тарат­ты. Ш.Уәли­ханов қазақ хандары тари­хы туралы шежiрелiк мағлұматтарды ата-анасынан, құймақұлақ қариялардан естiп бiлсе, сол тарихтың желiсiн ауыз әдебиетi шы­ғармаларынан да аңғарып білді.
Сонымен қатар ол ел намысы үшiн жан ая­май жорыққа аттанып, асқан ерлiктер көр­сеткен, күнi кеше ғана (ХVIII ғасырда) өмір сүрген Бөгенбай, Қабанбай, Жәнiбек, Сы­рымбет, Олжабай, Малайсары, Жасыбай, Баян сынды батырлардың да тарихын ал­ғаш рет қариялардан естіп таниды. Өз хал­қының осыншама бай тарихын жасын­да қанып тыңдап, құлағына сiңiрiп, олар­дың сөзiн де, сазын да, аңызын да бiлуi Шо­қан­ның алдағы зерттеушiлiк бағытқа келуі­не өз ықпалын жасады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – төрелер та­рихын терең зерттеген ғалым­дар­дың бірі. Ол да Шоқан Шыңғысұлы де­­­ректерімен В.Радлов, В.Вельяминов – Зер­нов еңбектерімен таныс болған. Төрелер ше­жіресін және Абылай хан және оның за­манындағы би-батырлар туралы аңыз-әң­гімелерді Шоқан Шыңғысұлы жина­ған­дарынан көріп, өзі де ел аралап жинаумен ай­налысады. Оның қолжазбаларындағы мә­тіндер ұқсастығына қарап, дерек беру­шілер барлығына ортақ бір адам деген пі­кір­ге келеміз.
Е.Жүсіпов құрастырған Мәшһүр Жүсіп Кө­пейұлының көптомдық шығармалар жи­нағындағы 8-томында берілген түсі­нік­темеге назар аударсақ, онда хандар генео­ло­гия­сының толық тізімі алғаш рет беріл­ген. Барлық жоғарыда келтірілген деректер ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұсы­нып отырған нұсқалары неғұрлым то­лығы. Сондықтан Орталық ғылыми кітап­хана қолжазба қорында сақтаулы тұрған оның қолжазбалары Отандық тарих ғы­лымы үшін өте құнды. Сонымен бірге №1170 «а» бума­сы­ның ішінде мәтін басын­да: «Тимучин – Шың­ғыс» деген оқшау сөз­дер жазылған.
Осыған ұқсас мәтінді 1905 жылы шық­қан Ә.Бө­кейхановтың тапсырысымен бе­ріл­ген қолжазбадан да көруге болады. Он­дағы де­ректер әр жерден жинақталып алынған. Со­ның ішінде Ә.Бөкейхановтың Қарқаралы тө­релері шежіресі кітабына назар ауда­рар­лық. Себебі Ә.Бөкейханов та төрелер әуле­тінен және оның мәліметтері толығымен беріл­ген. Е.Жүсіпов түсінік­те­меде екі же­рін­де ғана өзгешелік бар дейді: 1. Жикефар ха­нымды Бөкейдің (негізінде Шыңғыстың-Е.Қ.) зайыбы деп көрсетуі.
2. 1905 жылғы кі­тапта Әзхан 30 жаста деп бер­се, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Әлихан Бө­кейхановты 1903 жылы 30 жаста болған деп көрсетеді (18, 8 т., 446-б.). Е.Жүсіпов кө­шіру бары­сы­н­да екі кеткен қателік се­бе­бін өзінше тү­сін­діреді: бірінші қателік – жинаушы тарапынан кетуі болса, ал екін­шісі – баспа­хана тарапынан (Әлихан ор­ны­на Әзханды 30 жаста деп көрсету- Л.Қ.) кет­кен кемшілік болуы ықтималдығы. Бұл мә­тін туралы толығырақ Ә.Бөкейханов таң­дамалысынан (19, 114-117-беттер) және Жол­мұрат кө­шір­месінің 3-топтамасынан көруге болады.
ХІХ ғасыр екінші жартысында ауызша та­рихи дәстүрді жинаудың маңызы, мақ­саты мен шарттарының негізін қалаған Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин тәрізді ға­лымдардың ізденістері ХХ ғасырда жал­ғасын тапты. Ресейдің империялық-отар­лық саясаты орыс ғалымдары мен жазу­шы­ларының қазақ еліндегі ғылым мен мәде­ниеттің, қоғамдық ой-пікірлердің дамуына үлкен үлес қосуына, әсіресе, қазақ ауызша тарихи дәстүрына арналған мақалалар жа­зылуына, түрлі библиографиялық көр­сет­кіштер жариялануына т.б. өз әсерін ти­гізді.
ХХ ғасыр басында баспасөз беттерінде қа­зақ тарихына қатысты үлгілер жиі ба­сылып, жинаушылар есімдері де көрсетіле бастады. Нұсқалар көбінесе әрі қазақ тілінде, әрі орыс тіліндегі аудармасымен қатар басылып отырылды. Бұл баспасөз беттерінде Ресей ғалымдарымен қатар қазақ зиялылары да М.Көпеев, Б.Адықов, Ж.Айманов, Қ.Жапанов, Б.Райымбеков,
Т.Сейфуллин, Р.Дүйсембиев, т.б. есімдері де бар. Қай елдің болсын ескі тарихынан, мә­де­ниетінен, өткен-кеткенінен мол ма­те­риал беретін, сыр шертетін дерек көзі – ол халықтың өзі жазып қалдырған қолжаз­балары екені баршаға мәлім.
Қазақстан Республикасы Ғылым Ака­демиясының Орталық Ғылыми кітап­хана­сы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында ХIХ-ХХ ғасырларда жиналған ауызша та­ри­хи дәс­түрлік шығармалар мол сақталған. Онда Ә.Диваевтың, тарихшы Н.Весе­ловский­дің, М.Көпеевтің, Ш.Жиһан­геров­тың, Т.Ізті­леуовтың, Б.Мұсабектің, т.с.с. көп­теген тарих­шылардың, фольклор­шы­лар­дың, ақын-жазушылардың кітаптары мен қолжаз­балары да бар. Мысалы, Ә.Жи­рен­­шин «Қа­зақ кітаптары тарихынан» (Алма­ты, 1971) атты еңбегінде: «Жүзден ар­тық жаз­ба, ауызша мұраны жинап, кітап, газет-жур­нал бетінде жариялаған Әбубәкір Ди­ваевтың, кезінде Орта Азия және қазақ әде­би мұра­ла­рын, кітаптарын жинаған Мәш­һүр-Жүсіп Көпеевтің зиялы еңбектері де еске алар­лықтай. Мәшһүр көптеген ақын, жырау­лар мен Саққұлақ би, Май­лықожа, Ақан серімен кездесіп, айтқан­дарын қағаз бетіне түсіріп алады. Ол Науаидің «Хам­се­сін», Низамидің «Жеті аруын» Бұхарадан, Түр­кістаннан алып ке­леді» делінген. Сон­дықтан ХХ ғасыр басын­да ауызша тарихи мұралар қағаз бетіне түсе бастап, ескі кі­тап­тар мен қолжазбалар түрінде де жинала бастағаны күмән туғыз­байды.
ХХ ғасырдан 20-жылдарына дейін қа­зақ газет-журналдары мен кітаптары Қа­зан, Уфа, Орынбор, Омбы, Томск, Троицк, Пе­тербург қалаларында басылып келді. Мы­салы, Қазан университеті жанындағы Н.Ло­бачевский атындағы ғылыми кітап­ха­наның қолжазба қорында көптеген қазақ­тың ауызша тарихи нұсқасы сақталған. Мәтінді жинау жұмыстарында алғаш­қы­лары тілдің жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінді дәл түсіріп отырған. Кейінгілері ХХ ғасырдан бастап мәтінді ел аузынан жазып алғанда, қажетті пас­порт­тық мағлұматтар бірге жазу ісін қолға алды. Сөйтіп жазу сапасы артты. Сондықтан олардың жазбаларын қазақ тарихы, фи­ло­софиясы, этнографиясы, әдебиеті, т.б. ғы­лым салалары үшін ең баға жетпес дерек көзі болып қала берді. Жоғарыда аталған дерек­терді саралай келе, олардың кеңестік дәуірдегі зерттеу еңбектерінен табылмауы та­рихымыздың жан-жақты зерделен­бе­ге­ніне көзімізді жеткізеді. Соның ішінде ХV-ХVIII ғасырлардағы Қазақ хандығы тари­хына қатысты төл деректердің әртүрлi себептермен зерттелмей келуі заңды құ­былыс.

Лаура ЖҮСІПОВА,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік
университеті қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының докторы

https://turkystan.kz/article/68112-aza-ojshylyny-asiretti-keze-i/

Leave A Reply

Your email address will not be published.