Білім гранты: сан мен сапа

94

Білім гранты иегерлерінің тізімі шыққаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Сыни пікір айтатындардың
бір тобы грант санын көбейту білім сапасын жоғарылатпайтынын, керісінше төмендететінін алға тартады. Сондай-ақ гранттарды бөлуге қатысты наразылық білдірушілер көп болды. Олардың айтуынша, сұраныс аз мамандықтарға грант көп берілген. Желідегі екінші топ қымбатшылық жағдайында тегін білім алушылардың көбейгені жақсы, өйткені қазір көп ата-ананың баласын ақылы оқытуға жағдайы келмейді деген пікірде.

Мемлекет бөл­ген грант саны тым көп, бұл білім са­па­сын төмен­де­теді деп дабыл қаққан­дар­дың бірі – жур­на­лист Ерболат Мұ­­­­хамеджанов. Ол грант тек жақсы оқи­тындарға, әді­лет­ті берілуі ке­рек деп санайды.

Білім гранты: сан мен сапа– 94 мың оқушы грантқа тапсырады. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Бәсеке мүлдем жоқ. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Жақ­сы оқитын да, үлгерімі нашар да грантқа ие болады. Нәтижесінде, университеттер түсініксіз жағдайда қалады. Келесі мәселе, мемлекет төлейтін грант құны нарықтық ба­ғадан бірнеше есе төмен. Мемлекет нарық­тық жағдайды әділетсіз реттейді. Мысалы, ұлттық университетте грант құны – 1 млн 300 мың теңге, ал мемлекеттік университет­тер­ге – 900 мың, жекеменшікк универси­тет­терге – 700 мың. Айтпақшы, осыдан 3 жыл бұрын 350 мың болып, сол кездегі министр қазіргі суммаға көтерген еді. Ал оқу ақысы­ның өзіндік құны – 1 млн мен 1,5 млн-ның ара­сы. Бұл мәселені тез арада шешпесек, ке­рі­сінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз. Министрлік осындай гранттың құнымен сапалы білімді талап етуі орынсыз, – деді ол.

Оның айтуынша, мәселені шешудің, білім сапасын реттеудің дұрыс жолы бар. Біріншіден, гранттың санын азайтып, ар­тылған сомаға гранттың құнын өсіру керек. Себебі жыл сайын гранттың санын өсір­геннен білімнің сапасы жоғарыламайды. Мұн­дай жағдайда мықты университеттер грантқа түсудің шекті балын өсіреді, нәти­жесінде ұлттық және мемлекеттік уни­вер­ситеттердегі білім сапасы нашарлап, жағ­дайлары қиындай түседі.
Расында, 55-60 балмен инженерлік, тех­никалық мамандыққа оқуға түсіп жатқан түлектерден болашақта қандай сапалы ма­ман шығады деген заңды сауал туындайды. Кезінде техникалық мамандықтарға білімді ба­лалар оқуға қабылданатын. Олардың зерт­теушілік қабілеттері қаперге алынатын. Осын­дай таңдаулы мамандықтардың қазір құ­нын түсіріп, дипломы бар мамандар са­нын арттырғаннан ұтарымыз қайсы? Бола­шақ­та сапасыз маманды кім жұмысқа алады?
Кезінде сапалы жоғары біліммен қам­ту жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та Үкіметке тапсырма бер­ген болатын. «Әр ата-ана баласының жо­ғары білім алғанын қалайды. Бұл – орынды тілек. Деген­мен бүгінгі одан да өзекті мәселе – болашақ тү­лектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орындарын са­палы біліммен қамтамасыз ету қажет. Оқу үр­дісінің сапасын арттырмай, білім грант­тары­ның санын көбейту жақсылыққа емес, жа­ман нәтижеге алып келуі мүмкін. Сон­дық­тан жоғары білімнің қолжетімдігін қам­та­масыз етуді көздей жүріп, оның дева­ль­ва­ция­­сы­на жол бермеу керек», – деді Пре­зи­дент.
Үкіметтің мемлекеттік гранттардың құ­­­ны мен оның қазіргі заманға сай не­месе сай еместігін қаншалықты зерттегені бел­гі­сіз. Алайда Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігі биыл Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сәйкес халық тығыз қоныс­тан­­ған батыс және жаңадан құрылған өңір­лер­дің жастары үшін де гранттар бөлінгенін айт­ты.
Ғылым және жоғары білім вице-ми­нистрі Қуаныш Ерғалиев әлеуметтік желідегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сынға қатысты Facebook-тегі парақшасында жаз­ды. Вице-министрдің айтуынша, елімізде ха­лықтың жоғары біліммен қамтылуы бойынша деңгейі Ресейден де төмен екен.

– Ұлттық статистика бюросының 2021 жыл­ғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда тү­лектерді жоғары біліммен жалпы қамту 62 пайызды құрайды. Бұл көптеген елден едәуір төмен (Ресей – 82 пайыз, Оңтүстік Корея – 94 пайыз, Ирландия – 78 пайыз, Беларусь – 81 пайыз). Ал жалпы елімізде жоғары білімі бар азаматтардың статистикасына қарасақ, ер­лердің үлесі – 17 пайыз, әйелдердің үлесі – 21 пайызды құрайды. Бұл – төмен көр­сет­кіш. Осы жайттарды ескерсек, әлеуметтік желі­дегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сын қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды. Биыл елімізде 174 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Сондай-ақ 140 мыңға жуық түлек колледж бітірді. Олардың ішінде 94 мың түлек грант конкурсына қатысты. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Статистикаға қарасақ, грант негізсіз бөлінді деп айтуға келмейді. Керісінше, Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу ізде­мей, елімізде қалуына және халықтың ж­о­ғары білім деңгейін арттыруға септігін ти­гізері сөзсіз, – деді Қуаныш Ерғалиев.

Вице-министр жастарға мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңыз­ды­лығы туралы да жазды.

– Түлектерге бөлінген гранттардың жар­тысынан көбі әлеуметтік осал санат­тарын­дағы адамдарға арналған. Квоталардың үлесі мемлекеттік гранттардың жалпы санының 53,5 пайызын құрайды, оның ішінде 35 пайы­зы ауыл жастарына бөлінген. Әлеу­мет­тік осал топтарға барлығы 9 квота қарас­ты­рыл­ған. Елімізде жоғары білім барлығына бір­дей қолжетімді болуы тиіс, – деді ол.

Оның айтуынша, Үкіметтен гранттардың бө­лінуі, әлеуметтік қолдау көрсетілуі жас­тардың дамуына әсер етеді. Мемлекет тара­пы­нан жастайынан қолдауды сезініп өскен ба­ла болашақта елі үшін аянбай еңбек етеді.

Гранттың кө­бе­юі­не білім са­ла­сы­ның сарапшысы, QazBilim Group ком­­­паниясының бас­­қарма төрағасы, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан­ұлы да қарсы. Мем­лекет грант санын кө­бейтпес бұрын ЖОО-лар сол ма­ман­­дарды оқытуға дайын ба деген мәселені анық­тап алуы керек дейді ол.

Білім гранты: сан мен сапа– Бізде маман дайындайтын база бол­ма­са да жылына мұнай-газ мамандығына 50 PhD оқытады. Өтірік маман дайындау не үшін қа­жет? Ол мамандардың еңбек нарығынан өз орнын табуы – одан кейінгі мәселе. Екін­ші­ден, кеше ғана жабылған университеттер биыл қайтадан мемлекеттік грант алып жа­тыр. Шыны керек, біз бакалавр, магистра­тура, докторантура бойынша мамандардың сапасына кепілдік бере алмай отырмыз. Біз­дің ең басты мәселесіміз – жұмыссыздық емес, біліксіздік. Ал гранттың көп болуы бі­ліксіз мамандарды көбейтеді. Өйткені тү­лектер кейбір мамандықтарға 60 балмен грант­қа түсіп жатыр. Білімсіз түлектен мық­ты маман шықпайды. Мемлекет мектеп тү­лектерінің білім сапасымен емес, санмен ай­налысып отыр. Кейде маған грантты үйіп-тө­гіп беру мемлекеттегі жастарды 4 жыл ты­ныш ұстаудың жолы ма екен деген ой ке­леді, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Сарапшының айтуынша, министрлік ста­тистиканы өзіне ыңғайлы етіп бұрып алып отыр. Мектеп бітірген 174 мың түлек­тің 94 мыңы конкурсқа қатысты. Қал­ған 80 мыңы конкурсқа қатыса алмады. Неге? Се­бебі олар шекті балл ала алмады. Оған се­беп, мектептің сапалы білім бере алмауы. Сон­дық­тан вице-министрдің 73 мың грантты аз деп, Қазақстанда түлектерді жоғары бі­лім­мен жалпы қамту Ресейден тө­мен екенін ал­ға тартуы қисынсыз дейді қо­ғам белсендісі. Ол вице-министрдің Үкі­мет­тен бөлінген грант­тар жастарды шетелден тегін оқу ізде­мей, елімізде қалуына және халықтың ж­о­ғары білім деңгейін арттыруға септігін ти­гізері сөзсіз деген пікірімен де келіспейтінін жет­кізді. Ахметжанұлының айтуынша, мем­лекеттік идеология мықты болса, жас­тар­дың шетелде оқуынан қорқу­дың қажеті жоқ. Жастардың шетелге оқуға кетуіне грант санының аздығы емес, ұлттық идео­логияның әл­сіздігі, жемқорлық пен әді­летсіздік себеп бо­лып отыр. Жастар Қазақ­станда әділетті жол­мен табысқа жету­дің қиял-ғажайып еке­нін білгеннен кейін де шетелде қалғысы ке­леді.

Алайда елімізде мемлекеттік грант­тың арқасында те­гін оқып, еліне қыз­мет етіп жатқан ма­­­­мандар да көп. Мем­лекет­тік грант, әсі­ресе, ауыл жаста­ры­на – үлкен мүм­кін­дік. Ауыл­дағы көп ата-ананың ба­­ласын ақы­лы оқы­­­туға мүм­­кіндігі жоқ. Үкі­мет беретін те­гін грант­тың үлкен пайдасын көріп отыр­­ған ананың бірі – Айнұр Нағашы­бай­қызы.

Білім гранты: сан мен сапа– Балаларым менің ғана емес, елімнің де бо­­лашағы. Әрбір ата-ана баласының бо­ла­шағы үшін алаңдайды. Әсіресе, мектеп біті­ріп, мамандық таңдап, оқу гранты үшін ҰБТ тапсырарда қатты қобалжиды. Менің ба­ла­ларым жастайынан білімге құштар болып өсті. Бар күшімді балаларымның жақсы білім алуына жұмсадым, барынша таңдаулы мектептерде оқыттым. Балалардың білімді бо­лып өсуіне отбасы, ортасы, мектебі тікелей әсер етеді. Өзіміз бұрын ауылдық жерде тұр­дық. Соған қарамастан балаларымды облыс­тық атаулы мектептерде оқыттым. Үлкен ұлым Қызылорда облыстық дарынды ба­лаларға арналған мектеп-интернатын алтын медальға бітірді. Мектеп қабырғасында жүріп Ресей елінің білім грантын жеңіп ал­ды. Санкт-Петербург қаласында оқып келіп, қазір елімізге қызмет етіп жүр. Екінші қызым 7-сыныптан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыды, Астана қаласындағы Медициналық университетке грантқа оқуға түсті. Биыл мектеп бітірген ұлым физика-ма­тематика пәнін таңдап, ҚазҰУ-дың гран­тын жеңіп алды. Оған себепші болған қа­ла­мыздағы – Достық оқу орталығы. Сол жерде тәжірибелі ұстаздардан 1 жыл қосымша бі­лім алуына жағдай жасадым, міне, нәти­жесін көріп отырмыз. Кенже қызымды дарынды балаларға арналған жеке мектепке ақылы түр­де оқытудамын. Болашақта оның да грант иегері болатынына сенемін. Өзім асы­рау­шысынан айырылған ана болсам да бала­ларымның жан-жақты білім алуына бар жағдайды жасап отырмын. Өйткені 4 жыл тегін оқу – ата-ана үшін үлкен көмек, – дейді Айнұр Нағашыбайқызы.

Айнұрдың айтуынша, балаға жұмсалған қаражат – болашаққа құйылған инвестиция. Баланың бойына жастайынан армандауды, дұрыс мақсат қоюды сіңірсе, жемісін береді. Мемлекеттің берген мүмкіндігін әрбір бала пай­далануға құқылы, тек ынта мен жігері бол­са. Өйткені елімізде грантты жеңіп алуға бар­лық жағдай жасалған дейді кейіпкеріміз.

Әрбір ата-ана баласының таңдаулы оқу ор­нында оқығанын қалайды. Алайда 4 жыл тегін оқығанның бәрі нарыққа қажетті маман болып шықпауы уақыт енші­сінде. Сондықтан ел болашағын санға емес, сапаға қарап бағалайтын кез келгендей.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

https://turkystan.kz/article/230070-bilim-granty-san-men-sapa/

Leave A Reply

Your email address will not be published.