Жамбыл ауданының әкімі білім ошақтарының жай-күйімен танысты

591

Енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Оған әзірлік қалай? Мектептер оқушыларды қарсы алуға дайын ба? Кеше аудан әкімі Бақыт Қазанбасов осы сауалға жауап іздеп бірқатар нысандарды аралап, ахуалымен танысты, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі.
Аудан басшысы бастаған топ­тың алдымен тоқтаған тұсы Қызыл­қайнар ауылдық округі аумағындағы Жасөркен орта мектебі болды.
Мұнда жаңа оқу жылына әзірлік қызу жүріп жатқаны айтпаса да түсінікті еді. Сынып бөлмелері, асхана, спорт залы, жылу қазандығы ақталып, сырланған. Әйтсе де, Бақыт Алпысбайұлы мектептің сырт жағындағы алаң шөптен арылмағанын, рухани жаңғыру бөлмесінің жаңартылмағанын, асханадағы жиһаздардың ескіргенін айтып, бірқатар ескертулер жасады.
Аудан басшысының жұмыс сапары М.Әуезов атындағы орта мектепте жалғасқан. Алыстан менмұндалаған еңселі ғимарат еріксіз көз тартады. Ғимарат гүлге көмкерілген. Ішкі көрінісі де көркем. Аралай жүріп, мұнда қызу жұмыс жүріп жатқанын байқаған Бақыт Алпысбайұлы акт залына кіргенде сахнаға ілінген шымылдықтың тозғанын көріп, жаңа оқу жылына дейін ауыстыру керектігін ескертті. Мектептің алдындағы ескі ғимараттың оңтүстік беткейіндегі қабырғасын ретке келтіруді тапсырды.
М.Әуезов атындағы орта мектептің дайындық жұмысына көңілі толған аудан басшысы «Ертөстік» бөбекжайына тоқтаған. Мұнда кіргеннен-ақ тазалыққа ертөстіктердің ерекше көңіл бөлетіндері көрініп тұр. Ғимараттың іші-сырты әсем безендірілген. Қысқы маусымға да дайын.
Аудан басшысы аралаған нысандардағы жылу қазандықтары аязды күндерге дайын деп мәлімдеді мекеме басшылары. Қазандықтар «Жамбыл-жылу» мекемесіне қарағандықтан барлық жауапкершілікті солар мойнына алған.
Аудан басшысы бастаған топ жұмыс сапарын Көлқайнар ауылындағы 200 балаға арналған бөбекжайдың құрылысы басында түйіндеді. Негізі бұл бөбекжай мемлекет пен жеке меншік серіктестігі қағидасымен салынып жатқан ғимарат. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан құрылысшылардың сөзіне сенсек, бөбейжай қыркүйек айына дейін пайдалануға берілмек.
Мектептердің жаңа оқу жылына әрі қысқы маусымға дайындығын көруді аудан басшысы алдағы күндері жалғастырмақ ниетте.

Leave A Reply

Your email address will not be published.