«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жасөспірімдермен тәрбиелік шара өтті

25

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 мекемесінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында мекемеде ұсталатын кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, дүниетанымын кеңейту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Шара барысында қатысушылар оқыған әдеби шығармалар бойынша өзара пікір алмасып, кітаптың мазмұны мен тәрбиелік мәніне тоқталды. Сонымен қатар жастар өздерінің сүйікті кітаптары туралы ой бөлісіп, кітап оқудың тұлғаның жан-жақты дамуына, ойлау қабілеті мен сөздік қорын байытуға, дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруға тигізетін оң әсері жөнінде пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара аясында жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында эссе жазу ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушылар марапатталды. Кездесу барысында кітаптың білім мен тәрбиенің сарқылмас қазынасы екені, оның жас ұрпақтың бойында патриотизмді, жауапкершілікті, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.
Мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралар кәмелетке толмағандардың рухани дамуына, қайта әлеуметтенуіне және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №67 мекемесінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып, жасөспірімдердің білімге құштарлығын арттыру мен олардың тұлғалық дамуын қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.