Туған жер – темірқазығымыз

568

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ой-сананың кемелденуінің көрінісі. Мақаланы тұщына оқыған әр адам дәл осындай ой түйетіні анық. Расында, бұл мақала – ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа бастайтын жол. Бұл жай ғана жол емес, рухымызға серпіліс, санамызға сілкініс әкелетін дара да даңғыл жол. Мақаладағы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында, рухы биік азаматтары бар елдің іргесі сөгілмейді.
Осынау бір маңызды құжат мені асқақ ойларға жетеледі. Мемлекет басшысының, әсіресе, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынуы өте құптарлық іс. Себебі, Отанға деген патриоттық сезім туған жерді шынайы сүйіп, оны аялаудан басталады. Мақалада Елбасы туған жерге айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екенін атап көрсетті. Әр адам өз өлкесінің гүлденуіне үлес қосса, онда ол бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. «Туған жер бағдарламасы» еліміздегі Атымтай жомарттардың туған жеріне септігін тигізіп, қайырымдылық шараларына тамшыдай болса да үлес қосады деп сенемін.
Әр қазақтың кіндік қаны тамған жері ол – ауыл. Ауыл – адамзаттың алтын діңгегі. Қаншама ғұламалар, ғалымдар, мыңдаған дарын иесі сол ауылдан түлеп ұшты. Бір кездері ауылдардың азып-тозып, шаруасы шатқаяқтаған кездері де болды. Алайда, бүгінде оның бәрі артта қалып, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдағы мал, егін шаруашылықтарының бойына қан жүгіріп, қарқынды дами бастады.
Елбасының әр жылғы Жолдауында ауылдардың әлеуетін арттыру мәселесі назардан тыс қалған емес. Бір кездері қолға алынған «Ауыл жылы» бағдарламасы да ауылдардың көркеюіне зор ықпал жасады. Мұның бәрі ауылдың екінші тынысын ашуға мол септігін тигізді. Ендігі жерде, басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, қамқорлық жасағысы келетін қалталы азаматтарды, зиялы қауым өкілдерін, шенеуніктерді ұйымдастырып қолдау көрсеткен жөн. Бұл тұрғыда алдымызда ауқымды істер күтіп тұр.
«Туған жер» бағдарламасын жаппай ха­лық арасында үлкен күшке айналдырып, жас­тардың бойына патриоттық тәрбиені ұялату – бар­шаға міндет. Осы міндетті абыроймен атқа­ра алсақ, әрбір жас отансүйгіштік рухта тәр­бие­ле­нетініне бек сенімдімін.

Жеңіс Махашев, «Бектөбе» шаруа қожалығының төраға­сы, Жамбыл аудандық мәслихаттың депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.