Жастардың ел ісіне араласуы – жақсы құбылыс

525

    -Толық аты-жөніңіз, қызметіңіз?

    -Мен, Жамалбек Жансұлтан Ұлықбекұлы 2021 жылдың 19-мамырынан бастап, Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің директоры лауазымына тағайындалдым.

    -Жастар саясатында қызмет көрсеткеніңізге неше уақыт болды?

    -Алғашқы жұмыс өтілім 2016-2018 жылдар аралығында Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі инспекторы ретінде басталды. 2021 жылдан бастап, Меркі ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры орынбасары, осы жылдың мамыр айынан бастап директор қызметіне тағайындалдым. Меркі ауданында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысында қызмет атқарғаныма 3 жылдан аса уақыт өтті.

    -Жастар саясатында нені өзгерткіңіз келеді?

    -Әрине жастар саясатын жүзеге асырудың барлық тетіктері  мемлекет тарапынан  тыңғылықты әрі жүйелі түрде ескерілген. Бұл орайда, мен жастардың өзінен ізденімпаздықты талап етемін. Себебі, қазіргі уақытта мемлекетіміз жастар үшін барлық жағдайды жасап, көптеген мүмкіндіктерді берілуде. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан осындай қолдауларды жастар пайдалана білсе екен деймін. Оқимын дейсіз бе? Кәсіпкерлікпен айналысамын дейсіз бе? Жалпы жастардың еліміздің дамуына үлес қосып, қоғамнан өз орындарын табуға қажетті жағдайдың бәрі елімізде бар. Жастар қоғамның дамуына атсалысуға асығу керек, сол жолда ортақ бір мүдденің аясында бірігулері тиіс.

 

    -Сіздің жастарға деген сеніміңіз қандай? Және не себепті олай ойлайсыз?

  -Бүгінгі күні қала және ауыл жастары қазіргі қоғамға белсенді түрде араласуда. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекет тарапынан барлық мүмкіншіліктер берілуде, сол мүмкіншілікті пайдаланып жатқан жастар да аз емес. Қазіргі жастардың идеясы тың, күш-қуаты мол. Бірақ, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі әлі күнге дейін өзекті проблемалардың бірі болып қалуда.

    —Жастарға арналған қай мемлекеттік бағдарламалар сіздің аймақта жүйелі орындалуда?

    -Меркі ауданында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын іске асыру мақсатында «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша ресурстық жұмыстар жүргізіліп, орталыққа қайырылған  жастарға тиісті деңгейде кеңестер берілуде. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Семей мемлекеттік заң университетінің өкілдерімен тікелей эфирлер өткізілді. 2020 жылы «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша Солтүстік  өңірлердің ЖОО-на Меркі ауданынан 9 жас грантқа түсті. Атаулы бағдарлама бойынша 300-ден астам мектеп түлектеріне кеңес беру жұмыстары жүргізілді.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 150 жас, 2021 жылдың 6 айында 107 жас жұмыспен қамтылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасың ІІ бағыты  бойынша 2020 жылы 197 жас қайтарымсыз 505 мың грант иегері атанды. Атап айтқанда, 103 жас гиссар қойы, 15 жас құс шаруашылығы,  4 жас тігін цехы, 33 жас заанендік ешкі, 7 жас қой шаруашылығы, 2 жас ірі қара мал шаруашылығы, қалған 33 жас өзге де кәсіптердің иесі атанды.  2021 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 150 жас қайтарымсыз 585 мың грант иегері  атанды. 118 жас мал шаруашылығы бағыты бойынша, қалған 36 жас жылыжай, фаст-фуд, наубайхана сияқты өзге де кәсіптерді жолға қойды.

   «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 20 жоба ұсынылып, 2 жоба үздік деп танылды (балмұздаққа арналған вафли өндірісі,  моцарелла ірімшігін өндіру).

   Ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүйелі түрде орындалуда. 2020-2021 жылы «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жұмыс жасап жатқан – 113 жас, оның ішінде, көтерме жәрдем ақы алған – 72 маман (әр маманға 277800тг), тұрғын үй сатып алуға – 41 маманға (әр маманға 4167000 тг) берілді.

     -«Болашақ – жастардың қолында» деген тұжырыммен қаншалықты келісесіз?

     -Әрине, толықтай келісемін. Жастар – еліміздің келешегі, қоғам айнасы. Оларға     қарап ертеңгі күн­нің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Со­ндық­тан да олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру дұрыс дүние. Жал­пы, қандай елде болсын аза­маттары мен жастарының ел ісіне араласуы жақсы құбылыс!.. Қазіргі танда, елімізде жастар саясатының аясында қолға алынған көптеген игі бастамалар өз жемісін беруде.

     —Тәуелсіз мемлекеттің жастары қандай болу керек?

     —Тәуелсіз мемлекеттің жастары –  білімді, өз ойын ашық жеткізе білетін,            Отанына сүйіспеншілігі мол болуы, өз елінің нағыз патриоттары болуы қажет.

 

     -Өңіріңіздегі жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстарына тоқталсақ?

     —Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен  1 жартыжылдық қорытындысы бойынша әр түрлі бағытта 316 іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 7543 жас қамтылды. Волонтерлік қозғалыс бойынша жалпы 162 іс шара ұйымдастырылып, 1312 жас қамтылды. Жастаға әр түрлі бағытта 2067  жасқа консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданды.  Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 14 іс-шара өткізіліп, 3 бейнеролик түсірілді. «Жолдау – дамудың жаңа бағыты» атты тақырыпта «ММ Меркі» сауда орталығы және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» КММ-нің ғимараттарында көшпелі кеңес беру алаңдары өткізілді. Шаралар барысында, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі, «Адалдық алаңы» жобалық офисі, «Халықты жұмыспен қамту орталығы», «Жер қатынастары бөлімі», «Денсаулық сақтау бөлімі» және т.б. бөлімдер мен мекемелердің мамандары кеңес беру алаңына қайырылған аудан тұрғындарына тиісті деңгейде кеңестер берді.

    -Жастардың еңбек сатысымен көтерілуінде аға буынның алатын орны туралы айтып өтсеңіз?

    —Аға буын жастардың атқарып жатқан қызметіне қарай кеңесін беріп, тура жол, бағыт-бағдар көрсете білу керек. Осы орайда, «Аталар айтқан ақыл сөз» жобасы аясында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қамбарбек Иманалиев, Шырын Мамасерікова, Қайнаркүл Татықұлова және т.б. ауданымызға еңбегі сіңген ардагерлер, зиялы қауым мүшелерімен жастар арасында тәрбиелік маңызы бар кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

         -Ауыл жастары неліктен үлкен қалаларға арман қуып келеді?

         -Ең бірінші қазіргі уақытта тек жастардың емес, жалпы тұрғындардың қалалы жерлерге қоныс аудару үрдісі жиілегенін айтқым келеді. Бұл өз кезегінде қалаға кеткен жастардың санының артуына да өз септігін тигізбей қоймайды. Ал енді, бұдан басқа себептерін айтар болсақ,  кейбір ауыл жастары өзінің білімін жоғары деңгейге көтеру үшін үлкен қалаларға барып, білім алғысы келеді деп ойлаймын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.