Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №11 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті.

94
Басқосуда әуелі округтің бас инспекторы Ернұр Үдербаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
– Ағымдағы жылы аумақтық округте атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Айталық, «Жасыл желек» бағдарламасы бойынша «Көлтоған» алқабына 20 мың тал егілді. Сондай-ақ «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптары арқылы өтетін Байзақ батыр, Құмшағал көшелеріне орташа жөндеу жұмысы жүргізілсе, Назқоңыр көшесі мен Ақжар, Ақсарай бұрылыстарына асфальт төселді. Сонымен қатар «Шаңырақ», «Жиделі», «Құмшағал» алқабындағы Ақжар, Үшқоңыр көшелерінде түнгі жарық шамдары іске қосылса, «Шаңырақ», «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптарына қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамалар ортатылды. Бұған қоса, 2023 жылдан бастап «Құмшағал», «Көлтоған» алқаптарынан қалаға қатынайтын №54А қоғамдық көлік жүргізіліп, «Шөлдалада» №2 қалалық емхананың медициналық қызмет көрсететін бөлімі ашылды. Қолға алынған ілкімді істер мұнымен шектелмейді.
Мәселен, «Құмшағал» алқабында спорт кешені, «Казармада» 180 орынды орта мектеп, ал «Шөлдала» алқабында 300 орындық жайлы мектеп салынуда. Бұдан бөлек, округте ауыз су жүйесі және электрмен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған аумақтарда абоненттеу жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін «28 саяжай» алқабы бойынша 5775 тұрғын үйге электр желіі тартылса, қосымша мердігерлер тарапынан 75 үйге есептеуіш құралдары орнатылды. Қазіргі таңда ауыз су және электр желісі тартылмай, қалып кеткен үйлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде,– деді Ернұр Әуезұлы.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы жұртшылықты ауыз су, жолдарды жөндеу, қоғамдық көліктерді көбейту, қаңғыбас иттерді жою сынды өзекті мәселелер толғандырады.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы тұрғындар тілегі тыңдаусыз қалмайтынын баса айтты.
– Бұл округте шешілмеген мәселелер өте көп. Әсіресе, округте ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «28 саяжай» алқаптарына ауыз су тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аталған аумақтарда құбыр жүргізу шаралары қызу жүруде. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС атқарып жатқан «Шөлдалаға» ауыз су тарту жұмыстары қазіргі кезде 90 пайызға орындалса, өзге алқаптар бойынша құрылыс 80 пайызға аяқталған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес аталған жұмыстарды ағымдағы жыл соңына дейін аяқтауға барынша ден қойып отырмыз. Ол үшін жауапты тұлғалар жұмыстың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстап, мердігерлердің өз міндеттерін тиянақты орындауын тұрақты қадағалауда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы округтегі өзге де мәселелер қаланың үш жылдық даму жоспары шеңберінде өз шешімін табатынын жеткізді.
Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сауалдарымен қабылдады.

 

Тараз қаласының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.