Шымкенттегі Абай аудандық соты №6 қалалық аурухананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаеваны «қорқытып, ақша алған» деген айыппен республикалық «Қоғамдық бақылау» газетінің бас редакторы Ғани Өмірәліні 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Ол жазаны қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейді.
Үкімді судья Асқар Досәлиев оқыды. Ол 39 жастағы Өмірәліні Қылмыстық Кодекстің «Қорқытып алу» бабымен (194-бап) кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Журналист сот залынан қамауға алынды. Ол бұған дейін үйқамақта болған.
«Сот кабинеті жүйесінде ілінген үкімде Өмірәлі серігі Хажыхат Абулдаевпен «аурухананың ақауын түсіріп, ақша талап ету үшін» ауруханаға барғанын, ол жерден ілулі тұрған тудың жыртылғанын көріп, фото-видеоға түсіріп, полиция шақырғаны жазылған. Мұны әлеуметтік желіге шығармау үшін аурухана медбикесі арқылы бас дәрігерден әуелі 500 мың теңге, кейіннен 300 мың теңге талап еткен. Осы 300 мың теңгені алу кезінде журналисті полиция ұстаған.
Ғани Өмірәлі тағылған айыпты толық мойындамайды. Ол бұған дейін Orda.kz тілшісіне «ақшаны алғаным туралы дәлел жоқ» деген.
Өмірәлі сот залынан қамауға алынған. Сот оның жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтеуге үкім етті.
Журналисті ұстау кезінде тәркіленген 300 мың теңге істе жәбірленуші деп танылған бас дәрігерге қайтарылды.
kaz.orda.kz