Бюджет шығындарының 70 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуда

78

Ағымдағы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының барлық даму көрсеткіштері республикалық деңгейден жоғары қалыптасып отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясына қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов атап өтті.

Күн тәртібінде 29 мәселе қаралған сессия барысында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Гүлдана Жауынбекова 2023-2025  жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылға арналған облыстық бюджет кірістері 507,8 млрд. теңге көлемінде жоспарланған десек, бұл 2022 жылғы нақтыланған көлемнен 49,1 млрд. теңгеге немесе 10,7 пайызға артық.

— Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар атқарған жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы Жамбыл облысына республикалық бюджеттен 454,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылған. Бұл 2022 жылғы нақтыланған көлемнен 48,1 миллиард теңгеге немесе 11,8 пайызға көп.

Бюджет шығындарының 70 пайызы немесе 349,1 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға бағытталып, өткен жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға артып отыр,-деді Гүлдана Жауынбекова.

Жиында Жамбыл облыстық мәслихат хатшысының есебі, Тараз қаласының Бас жоспарына түзету енгізу жобасын мақұлдау, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту және өзге де бірқатар мәселелер қаралды.

Сессия соңында сөз алған аймақ басшысы облыстың он бір айдағы даму қорытындыларына қысқаша тоқталып, барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып, республикалық орташа деңгейден жоғары қалыптасып отырғанын атап өтті. Нұржан Нұржігітов бірлескен жұмыстардың арқасында жергілікті атқарушы органдар 2022 жылды жақсы нәтижемен аяқтауға күш салатынын жеткізді.

 

 

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.