Өңірлік университет ректоры жас ғалымдарға құрмет көрсетті

409

Ғылым-білім саласында нәтижеге жету үшін қажырлы еңбек пен төзімділік керек екені түсінікті. Табысқа жеткізетін де сол табандылық.  М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушы-профессорлар құрамының ғылым-білім жолында қол жеткізген табыстары жетерлік.

Бүгін өңірлік университеттің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов оқу орнының үздіктері мен халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарын қабылдады. Талғат Ілиясұлы ғалымдарды жетістіктерімен құттықтап, жақын күндерде шетелге аттанатын оқытушыларға сәт-сапар тіледі.

— Ректор бізден алға қойған мақсаттарымызды сұрады. Ары қарай да талмай іздене беру керек екенін айтып, ғалымдардың ізденісін барынша қолдайтынын жеткізді. Бұл бізге үлкен күш-қуат, жігер сыйлады, — дейді Маржан Сейітқызы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру факультеті, «Мұнай-газ және тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі Арман Қабдушев пен технологиялық факультеті, «Химия және химиялық технология» кафедрасының PhD докторы Маржан Қалмаханова жылдың ең үздік жоғары оқу орындары оқытушыларының қатарынан көрініп, жеңімпаз атанғаны белгілі. Үздіктерді жақында ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттаған болатын.

2

Жалпы бұл  оқу орнында ғылымға бетбұрған оқытушыларға түрлі бағдарламалар шеңберінде үлкен қолдау көрсетіліп тұрады. Олай дейтініміз, былтыр жыл соңында «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, бақ сынап көрген Дулати университетінің төрт оқытушысы енді шетелге ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберілмекші.

Атап айтсақ, Ақпараттық технологиялар факультеті, «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының доценті Шынар Ахметжанова Ұлыбритания, Данди қаласы, «Dandee University»-інде 6 айға, «Экономика және құқық» факультеті, «Менеджмент» кафедрасының доценті міндетін атқарушы Қайрат Шалдарбеков «Жобаларды басқару»  мамандығы бойынша Венгрияның Будапешт метрополитан университетінде бір айлық, ақпараттық технологиялар факультеті, «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының доценті Ербол Тұрғынбеков «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша Польшадағы Люблин политехникалық университетінде 6 айлық, «Экономика және құқық» факультеті, «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы Вильнара Алибекова Білім мен ғылымдағы «Менеджмент»  мамандығы бойынша М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өтеді.

«Болашақ» бағдарламасының талаптары бойынша барлық сынақты тапсырып, сынақтан сүрінбей өткенін айтқан Шынар Егеубайқызы Ұлыбританияға визалық құжаттары толық рәсімделіп болған соң, жақын күндерде жолға шығатынын жеткізді. 20 жылға жуық оқу орнында оқытушылық қызмет атқарып келе жатқан ол шетел ғалымдарымен бірлесіп, ғылыми еңбек бойынша ізденіп жатқанын жеткізді.

Алыс-жақын шетел оқу орындарының оқытушы-профессорларымен тығыз байланыс орнатқан оқытушының бірі – Қайрат Шалдарбеков. Қайрат Базарбайұлы Будапешт метрополитан университетінің профессорымен 5 жылдан бері тың тақырыпты зерттеп, жақында шетелдік басылымдарда ғылыми еңбегін жариялау жоспары барын айтты. Ал Ербол Тұрғынбекұлы Дулати университетінің «Қос дипломды» бағдарламасы шеңберінде Люблин университетінде магистратураны оқып келіп, өз білім ордасында докторантурада білім алып жатыр екен. Енді міне, қайтадан сонда барып, ғылыми тағлымдамадан өтпекші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.