Қырғыздар теміржолды өз күшімен бірнеше есе арзан бағада салды

99

Қырғызстан Балықшы мен Кочкорды жалғайтын 63,4 шақырымдық жаңа теміржолды өз күшімен салып шықты. Шетелдік компаниялар ұсынған бағадан бірнеше есе арзанға түскен жоба мемлекеттік қаражатты ұқыпты жұмсаудың жарқын үлгісіне айналды.

Жаңа бағыттың ашылуына Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысып, жол бойымен алғашқы сапарлардың бірін жасады. Балықшы – Кочкор учаскесі болашақта Қара-Кече мен Макмалды жалғайтын ірі теміржол желісінің алғашқы кезеңі саналады.

Садыр Жапаровтың айтуынша, шетелдік компаниялар құрылыстың бір шақырымын 4,8-6,8 млн долларға бағалаған. Қырғызстан жұмысты ұлттық мамандар мен «Қырғыз темір жолу» кәсіпорнының мүмкіндігіне сүйеніп жүргізіп, теміржол төсемінің әр шақырымын 955 мың долларға салған.

Қарапайым есеппен 63,4 шақырымдық жол төсеміне шамамен 60,5 млн доллар жұмсалған. Егер шетелдік мердігерлер атаған ең төменгі баға қолданылса, осы көлемдегі жұмыс 300 млн доллардан асып кетер еді. Алайда 955 мың долларлық көрсеткіш бүкіл жобаның емес, теміржол төсемінің өзіне кеткен шығын екенін ескерген жөн.

Соған қарамастан айырмашылықтың ауқымы таңғалдырады. Қырғыздар қымбат ұсынысты өзгермейтін үкім ретінде қабылдамай, жобаны өздері атқаруға тәуекел етті. Нәтижесінде ел қаржысын үнемдеп қана қоймай, ұлттық инженерлер мен теміржолшылардың тәжірибесін де арттырды.

Ірі инфрақұрылымдық жобада ең оңай жол шетелдік компанияға қымбат келісімшарт беріп, жауапкершілікті мердігерге ысыру. Қырғызстан күрделірек жолды таңдады. Құрылысты өзі ұйымдастырып, шығынды бақылап, нәтижеге ішкі ресурс арқылы қол жеткізді.

Мұндай жобаның құны тек салынған рельспен өлшенбейді. Жергілікті маман тәжірибе жинайды, техника ел ішінде жұмыс істейді, төленген қаражаттың елеулі бөлігі ұлттық экономикада қалады. Ең маңыздысы мемлекетте келесі жобаларды өз бетінше орындауға қажет инженерлік сенім қалыптасады.

Балықшы – Кочкор желісі Қырғызстанның ішкі көлік байланысын күшейтіп, көмір мен өзге жүктерді тасымалдауға жаңа мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімде оны Қара-Кече және Макмал бағыттарына жалғау елдің солтүстігі мен оңтүстігін теміржол арқылы байланыстыруға негіз болмақ.

Әрине, таулы аймақтағы екі жобаның құнын тек бір шақырым бағасымен толық салыстыру қиын. Көпір, тоннель, станция, жер бедері мен инженерлік инфрақұрылым шығынды өзгерте алады. Бірақ Қырғызстанның нәтижесі сметаны ашық талдап, артық делдалдан бас тартып, мемлекеттік кәсіпорынның әлеуетін дұрыс пайдаланғанда миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болатынын көрсетті.

Қырғыз ағайын бұл жолы шынында жарады. Олар теміржол салып қана қойған жоқ, шағын мемлекеттің де ірі жобаны өз күшімен жүзеге асыра алатынын дәлелдеді. Қаражатты шашпай, елге қызмет ететін нысан тұрғызу – нағыз мемлекеттік ұстаным.

 Ertenmedia.kz.

Фото: әлемжеліден

Leave A Reply

Your email address will not be published.