Ұстазға жақтасқан ұлы күн!: Мұғалімді “ішкіш” еткендер сотта жеңіліс тапты

60

Семейде мұғалімді «ішімдікке әуес» деп айыптаған әйел сотта жеңілді.Семей қаласында бастауыш сынып мұғалімін көпшілік алдында ішімдікке салынды деп айыптаған әйел сот шешімімен жалған ақпаратты жоққа шығарып, мұғалімнен ресми түрде кешірім сұрауға міндеттелді.

Қалалық ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соттың мәліметінше, дау мектеп директорына жолданған дауыстық хабарламадан басталған. Кейін жауапкер мектеп ұжымының қатысуымен өткен кездесуде де мұғалімге қатысты осындай мәлімдемелерін қайталаған.

Жауапкер мұғалімнің үнемі алкогольдік ішімдік ішетінін, жұмысқа аузынан ішімдік иісі шығып келетінін және «түстен кейін ішіп кететінін» айтқан.

Алайда сот барысында бұл айыптауларды растайтын ешқандай дәлел ұсынылмаған. Іс материалдары мен сот психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысын зерттеген сот таратылған мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын және мұғалімнің ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін анықтады.

Осыған байланысты сот жауапкерге жалған ақпаратты ресми түрде жоққа шығаруды және мектеп директоры мен оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарының қатысуымен мұғалімнен кешірім сұрауды міндеттеді.

Сонымен қатар жауапкерден моральдық зиян үшін өтемақы мен сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарылды. Өтемақы мөлшерін белгілеу кезінде сот тараптар арасындағы жанжалдың ұзақтығын, құқық бұзушылықтың сипатын, сондай-ақ әділдік пен ақылға қонымдылық қағидаларын ескерген.

Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

ALASH.KZ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.