1 тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?

56

Тамыз айында қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісі тамыз айынан бастап күшіне енетін негізгі жаңашылдықтарға шолу жасады.

Тамызда қанша күн демаламыз?

2026 жылдың тамыз айында қазақстандықтар 10 күн демалады. Оның ішінде бес сенбі мен бес жексенбі бар.

Биыл тамызда мемлекеттік мерекелер болмайды. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты 30 тамыз – Конституция күні мерекелік демалыс күндері қатарынан алынып тасталды. Сондықтан қосымша демалыс немесе жұмыс күндерін ауыстыру қарастырылмаған.

Бес күндік жұмыс аптасында – 21 жұмыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында 26 жұмыс күні болады.

Тамызда қандай атаулы күндер бар?

Мемлекеттік мерекелер болмаса да, тамыз айында бірнеше кәсіби және тарихи дата аталып өтеді:

  • 2 тамыз – Теміржол көлігі қызметкерлері күні;
  • 10 тамыз – Абай күні;
  • 9 тамыз – Құрылысшылар күні;
  • 16 тамыз – Спорт күні;
  • 18 тамыз – Шекарашылар күні;
  • 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні;
  • 30 тамыз – Шахтерлер күні.

Тамыздың ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» ұсынған көпжылдық климаттық мәліметтерге сәйкес, тамыз – жаз маусымын қорытындылайтын ай.

Еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы +21…+29°C шамасында болады. Қиыр оңтүстік-батыста +30…+31°C-қа дейін жетсе, солтүстік және шығыс өңірлерде +15…+20°C күтіледі.

Жауын-шашын республиканың солтүстік аймақтарында көбірек түссе, оңтүстік өңірлерде жауын аз болады. Сонымен қатар тамызда шілде айымен салыстырғанда аптап ыстық пен құрғақшылықтың ықтималдығы төмендейді.

1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталады

2026–2027 оқу жылына арналған 1-сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызда аяқталады.

Өтінімдер eGov.kz порталы арқылы қабылданады. Бірінші сыныпқа биыл алты жасқа толған немесе жыл соңына дейін алты жасқа толатын балалар қабылданады.

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді

23 тамызда Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Жаңа бір палаталы парламенттің құрамына 145 депутат сайланады. Сайлау партиялық тізімдер бойынша ұйымдастырылып, әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота сақталады.

Электросамокаттарға жаңа талаптар енгізіледі

25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.

Жаңа талаптарға сәйкес:

  • жолдың жүру бөлігінде тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс шлемін киген азаматтар ғана жүре алады;
  • қалған пайдаланушылар велосипед жолақтары мен веложолдарды пайдалануы тиіс.

Білім гранттарының нәтижесі жарияланады

Биылғы білім гранттары конкурсының қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланады.

Нәтиже талапкерлердің eGov порталындағы жеке кабинетінде қолжетімді болады. Егер грант берілмесе, жүйе оның себебін көрсетіп хабарлама жібереді.

Киік мүйізін сату тәртібі өзгереді

4 тамыздан бастап киік мүйіздерін өткізуге қатысты жаңа ережелер күшіне енеді.

Енді киік мүйіздері мен одан дайындалған өнімдер мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңында аукцион арқылы сатылады.

Аукциондар кемінде тоқсанына бір рет өткізіліп, ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанады.

Барлық перзентханалар тексеріледі

Денсаулық сақтау министрлігі 15 тамызға дейін еліміздегі 69 перзентхананы тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар ауруханаларды дезинфекциялық құралдармен, заманауи жабдықтармен және бір реттік медициналық материалдармен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерін оқыту міндеті қойылды.

«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталады

Тамыз айында «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады.

Бағдарламаға 45 млрд теңге бөлінген.

Негізгі шарттары:

  • ресми табысы болуы;
  • соңғы алты айда зейнетақы аударымдарының жасалуы;
  • несие сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
  • мерзімі – 25 жылға дейін.

Бағдарлама тек алғашқы баспана сатып алуға емес, тұрғын үй жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді.

Туристік гидтердің жұмысына жаңа талаптар енгізіледі

1 тамыздан бастап гидтер, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушылары бірыңғай ереже бойынша жұмыс істейді.

Жаңа талаптарға сәйкес:

  • туристік қызмет міндетті түрде келісімшарт негізінде көрсетіледі;
  • гид туристерді сапар басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын маршруттың ерекшеліктері, қауіпсіздік талаптары және ықтимал тәуекелдер туралы хабардар етуі тиіс;
  • төтенше жағдай болған кезде уәкілетті органдар мен туристің туыстарына дереу хабарлауға міндетті болады;
  • қауіпті бағыттарға шығатын туристер тәуекелдермен танысқаны туралы жазбаша келісім береді.
  • АҚПАРАТ: ФОТО: https://baq.kz КОЛЛАЖ
Leave A Reply

Your email address will not be published.