Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан!

75
БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Мойынқұм ауданында экономикалық жағынан алға басқан ауылдық округтің бірі – Бірлік. Ауылдық округтегі тұрғындар саны 3595 адамды құраса, аула саны – 618. 399 зейнеткерлерге көңіл дұрыс бөлінсе, 109 көп балалы ананың да көргендері – құрмет. Ауылдық округ әкімі Қуаныш Оспановтың да қолынан іс келетін азамат екені көрініп тұр. Бірлік ауылының тұрғындарының да округ әкімінің жұмысына көп жағдайда көңілі толатынын байқадық.
Бұл ауыл осы атамекеннің топырағына аунап өскен танымал тұлғалары мен, есімі елге белгілі перзенттерімен мақтанады. Атап айтқанда, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, генаралдар Берік Асылов, Шаймұрат Исаев, Нұржан Исақов. Елімізге танымал Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов та – Бірлік ауылында балалығы өткен азамат.
Міне осындай тұлғаларымен ерекшеленетін Бірлік ауылында кәсіпкерлік саласында да ілгерілеу бар. Атап айтқанда, 25 дүкен, 6 тойхана мен кафе, 2 наубайхана, 3 шаштараз, 2 автокөлік жөндеу орталығы, ағаш өңдеу цехы жұмыс істеп тұр. Аталған кәсіпкерліктерде 95 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. Ауылда 22 көше бар. 22 көшенің көпшілігіне асфальт төселген. Көше жарықтары да самаладай жанып тұр.
Бірлік ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 23 адам еңбек етсе, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектепте 120 маман еңбек етеді. Олардың ішінде 96-сы мұғалімдер. Олар 620 білім алушыға –бұлақтың көзін ашып отыр. Аталған мектепте құқық бұзушылық және қиын бала ретінде есепке алынған оқушылар тіркелмеген. Ал «Ақбота» балабақшасында 6 топта 110 бала тәрбиеленуде. Оларға 55 маман қызмет етсе, 24-і тәрбиешілер.
Ауылда 80 шаруа қожалық тіркелген. 1450 гектар суармалы жер бар. 30 шаруа қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдық округте 500 жылқы, 1600 ірі қара, 15 мың қой, 1 мың ешкі бар.
Бірлік ауылдық округінің тұрғындары биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бұл жобаға Бірлікте тұратын барлық азаматтар ризашылық білдіріп отыр.
Ауылдың саябағын да аралап көрдік. Көрікті саябақ маңайға сән беріп тұр. Ішіне арнайы тастар төселіп, орындықтар қойылған. Тұрғындардың ертелі-кеш серуендеп, қыдырып қайтуына қолайлы. Мұнда танк техникасы ескерткішке қойылған. Оны да тамашалайтындар, осында келіп суретке түсетіндер аз емес.
– Ауылда бала тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Өздеріңіз білесіздер аталар мен әжелер мектебі ауылда жақсы қалыптасқан. Сол мектепке жететін мектеп жоқ. Қазіргі бастауыш сыныпта оқитын балалардың сабағы едәуір қиын. Оларға бір мезгіл асыр-салып ойнап алмаса болмайды. Бүгінгі бейбіт, жақсы заманда ойын баласы уақыт тауып ойнауы керек. Оған мұнда барлық мүмкіндік бар», – дейді округ әкімі Қуаныш Мәлібекұлы.
Бастысы мұнда жақсы жабдықталған ойын алаңы бар. Онда алтыбақан құрылған. Одан бөлек балалардың алаңсыз ойнауына қажетті құралдардың барлығы бар. Біз барғанда да бірнеше бала ойынның қызығына беріліп жатты. Көңілдерінен шаттық лебі еседі.
Жұрттың басын біріктірген «БайбарақАгро»
Мемлекетіміздің ауылға жасап жатқан қолдауын алыстағы Бірлік ауылдық округінен де сезінуге болады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алған бірнеше шаруа қожалық «БайбарақАгро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің қанатының астына біріккен. Кооперативті басқару іскер азамат Әділхан Темірбековке жүктелген. Ауылдың экономикасына тікелей әсері бар үлкен серіктестікке төраға болуы – өте жауапты іс. Біз барған кезде де төраға Ә.Темірбеков шаруашылықтың қажетіліктерін іздестіріп кеткен екен.
Іс — басынан аталған кооперативтің серіктестік жетекшісі Бихан Сейіммолдаевты кездестірдік. Оның айтуынша, «БайбарақАгро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі 2019 жылы құрылған. Ашылған кезде кооперативте 3 трактор болса, жақында «Зумилон» атты 3 алып тракторға мемлекеттің жеңілдетілген несиесі арқылы қол жеткізбекші. Сонда өндірістік кооперативте 6 трактор болады. Тоқтамай жүріп тұрса 6 трактор дегеніңіз – алып күш.
Аталған өндірістік кооператив 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын жүгері мен жоңышқадан мол өнім алуға күш салып келеді. Үш сушы бар. 4 механизатордың да атқарар жұмыстары жеңіл емес. Олар өндірістік кооперативке біріккен шаруа қожалықтардың жерін жыртып, шөбін шауып береді. Ол үшін шаруа қожалықтар ақысын және жанармайдың құнын төлейді. Дегенмен, ең арзан баға болғандықтан шаруаларға қолайлы.
Осы кезге дейін егістік жер аз, шағын шаруа қожалықтар біраз қиындық көріп келді. Егісін жыртатын тракторы болмады. Жалдайтын болса, оның бағасы қымбатқа соғатын. Енді кооператив аясына бірігу арқылы біраз мәселе шешімін тауып отыр. Егістігін арзан бағамен жыртуға тракторлар дайын. Ауыл шаруашылық бағытында жеңілдетілген несие, субсидия алуларына болады. Ауыл халқы «Ауыл аманаты» келгелі осындай жақсылықтар мен қамқорлықтарды сезініп отыр. Он саусақ бірігіп, ине қолға ілігіп отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегенді де қазақ халқы бекер айтпаса керек.
Себебі, ауылдағы қазақтың төрт түлік малсыз, егістік пен мал жайылымынсыз тіршіліктері жоқ. Қазақтың тіршілігі мал шаруашылығымен етене араласып кеткен. Мойынқұм секілді шөлейтті аймақта мал өсіру – аса маңызды. Сондықтан, аталған өндірістік коопертаивтің ісін, аяқ алысын ауыл халқы тегіс қолдап, құптап отыр. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Ауылдың сәні еңбек, төскейде жайылған малы, егістігі. Қазақтың болмысы, қадамы, берекесі мен бейнеті ауылмен бірге. Біз тұрғындардың осындай пейілін Бірлік ауылынан да байқадық. Мұндағы қазыналы қарттар – ауылдың сәні. Ал, жалынды жастар берекелі істердің ұйытқысы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүкіл ауыл бір мақсат жолында сүттей ұйып отыр. «Ынтымақ түбі – береке» дегендей, Бірлік тұрғындарының өзара түсіністік арқылы қол жеткізген жетістіктері аз емес.
Мұнда уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген озат механизаторлар Бақытжан Әлпейісов, Айдос Әділбаев, Нұрбақыт Өксікбаевтың еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Себебі, шілденің ми қайнатар ыстығында, қыстың аязында темір тұлпарды тізгіндеп ауыл халқына қызмет ету оңай шаруа емес. Дегенмен, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, темір тұлпарларын жылына 12 ай бойы тоқтатпаған тракторшылар жаз айында қомақты табыс табады. « Ауылдық округте 3595 тұрғын бар. Олардың көпшілігінің тыныс тіршілігі ауыл шаруашылығымен байланысты. Сондықтан, біздің өндірістік кооперативтің ауыл халқына тигізіп жатқан пайдасы мол. Оны шаруа қожалықтар еркін сезініп отыр. Кооперативте 135 гектар суармалы жер бар. Оның 87 гектары жүгері. Жүгеріден де, жоңышқадан да су жеткілікті болса жақсы өнім алуға болады» дейді Бихан Сейіммолдаев.
Жетістігі мол жеке кәсіпкер
Бірлік ауылында еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген кәсіпкердің бірі – Айдар Маштаев. Ол мал шаруашылығымен айналысу барысындағы қадамын 20 сиыр және бірнеше уақ малмен бастаған екен. Еңбеккеш азамат сол малдарды өз төлінен өсіріп, өрлеу жолына ұмтылды. Есебін тауып малдарына жайлы да кең қора салдырды. Ауылдың сыртында да қора –жайы, жайылымдық жерлері бар. Айдар бір көрген адамды аңқылдап кең пейілмен қарсы алатын, ақкөңіл, жайдары кісі екен. Біздерге қора-жайын, малдарын көрсетіп, жұмысы жайлы айтып, тыным таппады. Жұмысқа төселіп қалғаны, кәсіптің талай жылдан бері көзін тапқаны көрініп тұр. Алыс ауылда кәсібін осылай жан-жақты дамытқан жеке кәсіпкердің еңбек етіп жатқаны қуантады. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, мұндай азаматтарда табыс болса, ауыл тұрғындарына көп пайдасы тиетіні анық. Бұл кәсіпкер ауылдың экономикалық дамуына да, қоғамдық істерге де жомарт ретінде өз үлесін қоса беретіні анық. Ауылдағы мұқтаждарға да кеңдік танытып, көмегін беріп жүргенін ауылдастары жарыса айтады. Жолбасшымыз Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақов та мұндай ісін өрге домалатқан кәсіпкердің көпшілікке қолдау көп екенін, ауылдың экономикасының дамуына үлесі мол екенін атап өтті.
Айдар Оршыбекұлы мал шаруашылығымен айналысуды түбегейлі қолға алып, осы іспен бірнеше жылдан бері бел шеше айналысып жүр. Барынша көңіл бөлінген жерде нәтиже де болатыны белгілі. «Жүргенге жөргем ілінеді» демекші, оның бұл қадамына орай мемлекет тарапынан «Ауыл аманаты» жобасы да шығып отыр. Кәсіпкер биыл аталған жоба аясында 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңге несие алды. Ол несиеге 21 аналық бас сиыр алды. Бұйыртса, сиырларының алды екі-үш айда бұзаулай бастайды. Яғни, малдың өз төлінен өсуіне тағы да мүмкіндік бар деген сөз.
– «Бағалай білгенге бақ қонады», – дегендей, еліміздің жетістіктері мен табыстарын, ауыл шаруашылығын дамытуға көрсетіп жатқан қолдауларын сезінудеміз. Ешқандай қолдау жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қай кезде де аграрлық салаға қолдаулар көрсетіліп жатыр. Сол қолдаудың нәтижесінде қол жеткізген табыстарымыз да аз емес. Қазіргі таңда ауылдың ішінде де жайлы қорамыз, жеткілікті жем — шөбіміз бар. Жылына 50 бұқа, 200 қой байлап сатамыз. Есігіміздің алдынан тапсырыс беріп, ет алып кететіндер бар. Ол екі тарапқа да тиімді. Етке көп тапсырыс беретін мейрамханалар және орталықтармен де байланысып отырмыз. Кәсіпкерліктің талабы өзгемен байланыс жасай білу екенін түсінеміз. Осы мал бордақылау арқылы төрт азаматты тұрақты жұмыс көзімен қамтып отырмыз. Еңбектеріне қарай олардың тауып отырған табыстары жаман емес» -дейді кәсіпкер Айдар Маштаев.
Біз Бірлік ауылынан елдің бірлігі мен ынтымағына, берекелі тірлігіне куә болып қайттық. Жергілікті жердегі жақсыларының жанашырлығымен, іскер жігіттердің өрге басқан ісімен ауылдың ажары ашыла түсетініне тағы да көз жеткіздік.

 

Есет ДОСАЛЫ,
Мойынқұм ауданы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.