Ербол Қарашөкеев: «Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, ойларын ашық айтуы керек»

107

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі отырыс барысында өңірдегі жұмыстың қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.

«Мекеме басшылары туындаған мәселелермен жүйелі түрде жұмыс істеудің орнына фактілерді жасыруға тырысады. Олар жұмыстан босатылып, жауапқа тартылатыны сөзсіз. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес», — деді Е. Қарашөкеев.

– Мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырамын. Жергілікті жерлерде мектеп әкімшілігінің бұзушылықтарды уақтылы анықтауын және жедел ден қоюын ынталандыру талап етіледі.

Сондай-ақ жауапты тұлғаларға әлімжеттік көргендерге көмек көрсету үшін бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және оқушыларды жаңа қызметтің жұмысы туралы кеңінен хабардар ету тапсырылды.

Облыс әкімі учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық жұмысының тиімділігін арттыру, білім беру мекемелерінде, оның ішінде, мектеп-интернаттарда бейнебақылау камераларының санын көбейту, оларды полиция департаментінің жедел басқару орталықтарына қосу міндетін қойды.

Өңір басшысы білім беру мекемелерінде психологиялық қызметті күшейтудің және мектеп психологтарының біліктілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Психологтар білім басқармасымен тікелей жұмыс істеп, мәселелер туралы жедел хабарлауы, өз бетінше маңызды шешімдер қабылдауы және мектеп басшылығына тәуелді болмауы тиіс, — деді Е. Қарашөкеев.

Жалпы, облыс әкімі өңірдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тиісті органдардың жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Ол әлеуметтік желілерде мектептердегі мәселелерге қатысты шағымдардың саны артқанын, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 3,8 пайызға өскенін атап өтті.

«Балалар қиын жағдайларда қалай және қайда жүгіну керектігін білуі маңызды. Оларды толғандыратын мәселе туралы жасырын түрде айта алуы керек. Барлық сынып кабинеттерінде сенім телефонының нөмірімен плакаттар ілу қажет. Балалармен сенімді қарым-қатынас орнату үшін кәсіби психологтар жұмыс істеуі тиіс. Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, не мазалайтыны туралы ойларын ашық айтуы керек», — деп атап өтті облыс әкімі.

– Жазатайым оқиғалардың көпшілігі сабақтан тыс уақытта болады. Сондықтан балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда ата-аналармен өзара әрекеттесуді күшейту маңызды.

Отырыста ҰБТ-ға дайындау және өткізу, жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, лагерьлерде, шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сондай-ақ аймақ басшысы мектептерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. Биыл өңірде білім беру саласын қаржыландыруға 320,5 млрд теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды (2023 жылы 282,8 млрд теңге).

Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев қысқа мерзімде лицензиясыз жұмыс істеген үш мектепке қатысты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл өңір мектептерінің заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру бойынша мониторинг барысында анықталды.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысы мен орынбасарларының, бірқатар аудан әкімдерінің, полиция департаменті басшылығының есептері тыңдалды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.