КӨПТЕН КҮТКЕН ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

144

 

Жақында Көктал ауылындағы Көктал орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 3 қабатты, 600 орындық мектептің құрылысын Әлімбек Жұмабаев басқаратын «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясы жүргізді.
Мектептің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар қатысты.
Онда алдымен облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев сөз алып, ауыл халқын Жаңа жыл мерекесі, жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан қамқорлық туралы айта келіп, аталған мектептің оқушылары келешекте еліміздің тірегі болатындай үлкен азамат болып шығуларына тілектес екендігін білдірді.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері Мүсім Қожықов ауылға осындай үлкен, сәулетті де, сәнді мектеп ғимаратын салып бергендері үшін облыс, аудан басшыларына алғысын айтып, оқушыларына енді тек қана 4 пен 5-ке оқу керектігін ескертті. Сөйтіп, келешекте ауыл ғана емес, аудан, тіпті облыстың абыройын асқақтататындай азамат болуларына тілектес екенін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы мен еңбек ардагері Мүсім Қожықов мектептің ашылу лентасын қиған бетте, кимешек киген апалар шашуларын шашты.
Облыс әкімінің орынбасары бастаған қонақтарға мектептің домбырашылар тобы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, көңілдерін көтерді. Қонақтар мектептің үш қабатында да болып, әрбір кабинеттерде оқып, жұмыс жасап жатқан оқушылармен кездесті.
Міне осылайша Жаңа жыл қарсаңында көптен күткен жаңа мектеп көкталдық оқушыларға есігін айқара ашты.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Көктал ауылы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.