«АЖАР» КАФЕСІ АШЫЛДЫ

356

 

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан орталығы тағы бір жақсы халыққа қызмет көрсететін жаңа ғимаратпен толықты. Орталық алаң жанындағы Р. Смайлов көшесі бойынан көтерілген екі қабатты «Ажар» кафесі өз ерекшелігімен алыстан көз тартады.
Жеке   кәсіпкер Ажар Мейірманова соққан кафенің ашылуына ауыл халқы көп жиналды. Онда алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков пен  мүшесі Серік Балабеков құттықтау сөз сөйлеп, Ажардың алдағы жұмысына табыс тіледі, өздерінің басқа да  игі тілектерін білдірді.
Кафенің ашылуына арналған лентаны С. Ермеков  қиған бетте, шараға қатысқан азаматтар кафе ішін аралап көрді. Көрер көздің жауын алатын кафе іші шынында да тартымды екен. Екінші қабаттағы 100 орындық залда жиналған көпшілікке құдайы тамақ берілді. Бұл жерде де кафе иесі Ажар Жарылқасынқызына жақсы тілектер айтылып, аудан тұрғындарына қызмет көрсетудегі жұмыстарына сәттілік тілегендер көп болды.
-2015 жылы осы маңнан 30 келушіге арналған шағын асхана ашқан едім. Алайда бұл тарлық жасады. Содан соң ойланып барып, осы 100 орындық екі қабатты кафені іске қосып отырмын,-дейді Ажар.
Кафе орталықта болған соң мұнда тамақтануға келетіндер де көп. Оның үстіне аталған кафенің тағамы тіл үйіреді, бағасы анау айтқандай  қымбат та емес. Ажар осы жерде 15 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Солардың бірі — кәуап пісіруші Сайлау Майлыбаевтың осында жұмыс істеп жатқанына жеті жылдан асыпты. Сондай-ақ онымен қатарлас тұрып ташкент палауын  дайындап жатқан Алтынбек Нарбаевта өз мамандығын жетік меңгерген жан. Олардың дайындаған кәуап пен палаулары дәмді болғандары соншалық көпке дейін дәмі аузыңыздан кетпейді.
Жеті жылдан астам уақыттан бері халыққа қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан жас кәсіпкер Ажар Мейірманованың алдағы жұмысына бізде табыс тілейміз.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.