Фракция отырысында су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланды

31

«AMANAT» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы отырысы өтті. Кезекті жиында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды.

Айта кетерлігі, бүгінде облыс орталығында 8 ирригациялық канал бар болса, олардың жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды құрайды. Өткен жылы қолданыстағы арық жүйелері мен құбыр өткелдерін тазалауға 65,0 млн теңге бөлініп, 785 метр болатын 53 өткел, 51 км арық тазаланса, биыл арықтар мен құбыр өткелдерді тазалауға 81 млн теңге бөлініп отыр екен. Бұл ретте арық-атыздардың қоқысқа толып қалуына тұрғындар себеп болып жатқанын айта кеткен жөн. Солардың салғырттығынан су жолдары бітеліп, зардабын өздері көріп жатқан жағдайлар аз емес.

Шаһарда су тасқыны қаупі төніп отырған аумақтың бірі – «Алатау» мөлтек ауданы мен «Тайвань» алқаптары. Мұнда жер асты сулары көктем, күз мезгілдерінде көтеріледі. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл аумақтарда ешқандай қауіп жоқ. Ауа райы күтпеген жерден өзгеруі мүмкін. Оның үстіне жерге дұрыс сіңбеуінен су жиналатын орындар да бар. Сондықтан, жауын-шашын түскен жағдайда біз бәріне дайын болуымыз керек. Бұл орайда Тараз қаласы аумағында су тасқыныны салдарын жоюға қала әкімдігі мен төтенше жағдай басқармасы сақадай сай.

Фракция отырысында Құрылыс кодексінің жобасы мен ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы талқыланды. Ол бойынша депутаттар ұтымды ұсыныстары мен пайымды пікірлерін ортаға салды. Алдағы уақытта олардың көтерген ұсыныстары партия облыстық филиалы тарапынан құзырлы органдарға жіберіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.