Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби

750

ХХІ ғасыр-ақпарт ғасыры. Ал ақпараттың басты құралы-жазу болып табылады. Ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы- ол латын графикасы екені анық. Елбасы өткен жылғы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты  бағдарламалық мақаласының “Таяу жылдардағы міндеттер” атты бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығын айта келе: “Латын әрпі- коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие”, -деп жазылған. Шындығында да латын әліпбиіне көшу — рухани тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам.

Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Байзақ аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Тіл жаңғыруы — жаңа әліпби» атты тақырыпта семинар — тренинг өтті.

Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын тұрғындар арасында  түсіндіру мақсатын көздеген шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Ақбаев ашып, латын әліпбиіне көшудің өзектілігін атап өтті.

Бұдан соң сөз алған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова  латын  қарпіне негізделген әліпбиді насихаттау мақсатында қолға алынған жұмыстарға жан-жақты тоқталып,  жаңа әліпбиге көшу-өркениеттік таңдау, ұлттық модернизацияның, жаңғырудың мызғымас бөлігі екендігін баса айтты.

Семинар-тренингті М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Балмира Мырзабаева жүргізіп, “Тіл жаңғыруы — жаңа әліпби” атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы латын графикасына негізделген  жаңа әліпбидің тиімділігіне екпін сала келе, бүгінде кириллицаны әлем елдерінің үш пайызы ғана қолданып отырғанын,  ал латын қарпін 48 пайыздан астам мемлекеттер қолданысқа енгізгендігін мысалдарға сүйене отырып, түсіндіріп берді. Алдағы жылдың көктемінде емле-ереже бекітілетіндігі туралы да ақпарат берді.

Айтулы шараға білім, денсаулық сақтау, банк жүйесі және ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдерімен қатар, ауыл тұрғындары, жастар қатысып, өздерінің ойларымен бөлісті.

Нұрбек Сүгірбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.