Өзге аймақтарға үлгі боларлық жоба

341
Байзақ ауданы, «БНК GROUP» ЖШС алқабында өткен шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек 10 ауданнан келген 15 кооператив төрағасына жалпы 55 дана түрлі ауыл шаруашылық техникасын табыстап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
— «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл өңірімізге 24 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникасын алуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 2,3 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ.
Нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы техникалары паркін 10 пайызға жаңарту тапсырмасын орындауға мүмкіндік беруде. Бүгінгі беріліп жатқан жаңа тракторлар – соның бір көрінісі.
Айта кету керек, техникалардың жалпы құны 803 миллион теңгені құраса, оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады.
Біз бұл іспен шектелмей, тұрғындардың табысын арттыру үшін жоба аясында өндіріс орындарын құруымыз қажет. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін ауыл халқының табысы мен өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, агрокешенді дамытуға оң әсер ететіні анық.
Өздеріңіз білетіндей, агроқұрылымдарға қызмет көрсететін сервис орталығы ашылып отыр. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасап, саланың дамуына үлес қосады деген сенімдемін,-деді Қанатбек Мәдібек.
Бұдан соң облысымызда әр ауданынан келген кооператив төрағаларына «Ловол», «Зумлион», «Юто», «Мтз» маркалы тракторлар табысталды. Кооперативтерге берілген техникалардың жалпы құнының 50 пайызға дейінгі көлемі мемлекет тарапынан субсидияланады.
Айта кетейік, 2019 жылы облысымызда пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өзінің тиімділігін көрсетіп, Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, оң тәжірибе республика көлемінде таралуда.
Жалпы биылғы жылы облыста 1885 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу арқылы, 15%-ға жаңарту көзделсе, бүгінгі күні барлығы 1283 техника (8 комбайн, 306 трактор, 969 басқа да техника) алынып, 10,2 пайызға жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.