СТУДЕНТТЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

196

Ауданымыз-облысымыздағы тікелей ауыл шаруашылығымен айналысатын іргелі аудандардың бірі. Сондықтанда ауданымыздағы №3 Байзақ колледжі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жастар үшін ең ыңғайлы оқу орындарының бірі болып саналады. Бүгінде 369 білімгерлері бар аталған колледждің шаңырақ көтергеніне 15 жылдан астам уақыт болғанымен колледж студенттерінің алыс-жақыннан қатынап оқуы өз қиындығын туғызып келген еді.
Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан білім саласына ерекше назар аударылып, балаларымыздың сапалы білім алуларына барынша жағдай жасалып келеді. Бұл ретте еліміз бойынша оқу орындары студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанында баса айтқан жөн. Міне осындай тығырықтан шығу үшін өткен жылы колледж басшылығы ауданымыздан 150 орындық жатақхана салуға ұсыныс берген болатын. Қаржы орталығы жобасы арқылы колледж жанынан құны 280 млн. теңге тұратын екі қабатты 150 орындық «Студенттер үйін» ауданымызға белгілі жеке кәсіпкер Алтаева Сания Мақсұтқызы сапалы соғып, пайдалануға берді.
Студенттер үйінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, орынбасары Дәуір Дәулетов, колледж ұжымы,  ауыл тұрғындары қатысты.
Онда алдымен облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев сөз алып, мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп келе жатқан қамқорлыққа тоқталды. Соның бір дәлелі жаңадан ашылғалы отырған «Студенттер үйі» екенін айта келіп, оны соғып, пайдалануға бергелі отырған жеке кәсіпкер Сания Алтаеваға алғыс айтты. Ал колледж студенттеріне сабақты жақсы оқып, ертеңгі күні жақсы маман болып шығуларына тілек білдірді.

Колледж ата-аналар комитетінің төрайымы, “Денсаулық” саяжайының тұрғыны Айнұр Сыванбаева аталған Студенттер үйінің ауыл-ауылдардан қатынап оқитын балалар  үшін дұрыс болғанын атап өтті. Балаларға осындай қамқорлық жасап отырған аудан, облыс басшыларына ата-аналар атынан алғысын жеткізді. Ал кәсіпкер Сания Мақсұтқызы болса құрылыс жұмыстарын жүргізуде өзін қолдаған аудан басшыларына, басқа да азаматтарға алғысын білдірді.
Студенттер үйінің ашылу лентасын облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы мен еңбек ардагері Мақсұт Алтаев қиған бетте жағалай шашу шашылды.
Шараға қатысқандар ғимаратқа кіріп, колледж студенттері дайындаған қолөнер бұйымдарымен танысып, оқушылар оркестрінің өнерін тамашалады. Студенттер жатып демалатын, сабаққа дайындалатын бөлмелерді аралап көрді. Екінші екі қабатты ғимараттағы студенттер асханасы, оқушылар үйірмелері өтетін бөлмелерді көріп шықты.
Бір сөзбен айтқанда бүгінгі талапқа сай соғылып, пайдалануға беріліп отырған. «Студенттер үйі» бүгінгі жастарға жасалып отырған үлкен қамқорлықтардың бірі. Бала — біздің болашағымыз екенін біліп, оны сапалы соққан кәсіпкер қыз Сания Мақсұтқызына бізде алғыс айтып, оның алдағы жұмыстарына  табыс тілейміз.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.