АУЫЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ АЙРЫҚША ЖОБАСЫ

89

 

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктерінің өкілдері және басқа да аймақтардың түрлі дәрежедегі әкімдері облысымызда жұмыс сапарымен болып, Жамбыл өңірінде атқарылып жатқан тың жобалармен танысты. Жауапты министрлік өкілдері Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде халықпен кездесіп, семинар-кеңес өткізді.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  Ұлттық экономика министрлігінің дайындаған «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасы таныстырылып, талқыланды.
Аталған жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ашып, жүргізді. Ал Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жаңа тұжырымдамада көзделген жобалардың мақсатына тоқталды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде республикамызда ең алдымен ауылдық аймақты дамыту мәселесін көтерген болатын. Сөйтіп бұл жұмыстың концепциясын дайындау Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылған еді. Оны дайындау барысында өңірлердегі «Ауыл-ел бесігі» мен басқа да атқарылып жатқан жобалар басшылыққа алынды. Сонымен қатар бұл құжатты дайындауда ауылдық аумақтарда тұратын халықтың ұсыныс-пікірі де ескерілген. Бүгінгі таңда аталған концепция еліміздің бірнеше өңірлерінде ауыл және аудан халқының ортасында талқыланып, тұжырымдамаға біршама өзгерістер енгізілді. Концепция ол ауылдық аймақты дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын құжат болып табылады. Онда 60-тың үстінде құжат бар. Әзір бұл тұжырымдама құжаты қабылданған жоқ, сол үшін қазір сіздерге концепцияның мәтінімен таныстыратын боламыз. Сондықтан бүгінгі кездесуімізді өздеріңізбен сұрақ-жауап түрінде өткізсек,- деді вице-министр өз сөзінде.
Ал аталған тұжырымдамаға енген жобалар мен бағдарламалар туралы аталған министрліктің өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов таныстырды. Онда болашақта атқарылатын ауқымды жобалар рет-ретімен таныстырылды. Осыдан кейін семинар-кеңеске қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ол сауалдарға Бауыржан Омарбеков нақты жауап берді.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков «Жамбыл облысының ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі Ауыл Аманаты» қанатқақты жобасының жүргізілу барысымен таныстырып өтті.
Осыдан кейін министрлік өкілдері Жамбыл ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен аудандық техникалық шығармашылық және кәсіптік бағдар беру орталығының қазіргі жағдайымен танысып, жоба аясында атқарылған жұмысқа жоғары баға берілді.
Бұдан кейін министрлік және әр өңірден келген аймақ басшылары мен олардың жауапты өкілдері Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылдық округінде «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту»  атты қанатқақты жобаның «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы кооперативінде жүзеге асырылу барысымен танысты. Мұнда атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы салаға жауапты Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков баян етті. Қанатқақты жоба аясында атқарылған жұмыстар жиналғандардың қызығушылығын тудырды.
Осы жобаға қатысушы «Калдарова М» жеке кәсіпкерлігі осыдан үш жыл бұрын 2,4 миллион теңгеге бес бас жылқы алса, бүгінде қожалық оның басын 18 басқа жеткізген. Ал кооператив ішінде жұмыс істеп жатқан «Шамуратов Ш» жеке кәсіпкерлігі шұжық өнімдерін өндірумен айналысуда. Кәсіпкер Шовкат Шаймұратовтың айтуынша, цехта тәулігіне 400 килограмм шұжық дайындалады. Бұл кәсіпті ашу үшін кәсіпкер «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 10 миллион теңге алған. Қазіргі таңда екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнімі облыс көлемінде таратылуда. Байзақ ауданындағы қанатқақты жоба семинар қатысушыларының қызығушылығын тудырып, жергілікті кәсіпкерлермен өзара тәжірибе алмасты.
Семинарға қатысқан Алматы облысы, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы қанатқақты жобаның өз ауданында төрт ауылдық округке енгізіліп жатқанын айтты. «Бүгін біз Жамбыл облысында өткен семинар-кеңеске  қатысқанымызға өкінбейміз. Біз бүгін Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, қызығып отырмыз. Елге барған соң Жамбыл облысының тәжірибесін басшылыққа алып жұмыс істейтін боламыз»,-деді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Жамбыл және Байзақ аудандары.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.