Өмірін руханиятқа арнаған жанға – құрмет пен алғыс

157
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев ауданның мәдениеті мен руханиятының дамуына ұзақ жылдар бойы өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы, қоғам белсендісі әрі аяулы көпбалалы ана Шубаева Ғалия Бейсебайқызын зейнеткерлік жасқа толуымен құттықтап, аудан әкімінің арнайы сый-құрметін табыстады.
Ғалия Бейсебайқызының еңбек жолы – табандылық пен адалдықтың, білім мен парасаттың жарқын үлгісі. Еңбек жолын қарапайым кітапханашы қызметінен бастап, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры дәрежесіне дейін көтерілген ол кітапхана саласының дамуына ғана емес, тұтас ауданның рухани өмірінің жандануына сүбелі үлес қосты.
Көпшілік оны білікті басшы ретінде ғана емес, ел мүддесін әрдайым биік қойған халық қалаулысы, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін белсенді тұлға ретінде де жақсы таниды. Ана ретінде ұрпақ тәрбиелеп, қоғам қайраткері ретінде елге қызмет етіп, мәдениет саласының жанашыры бола білген Ғалия Бейсебайқызының өмір жолы кейінгі буынға өнеге.
Салтанатты шара барысында аудан басшысы оның ұзақ жылғы жемісті еңбегіне алғыс білдіріп, ауданның мәдени-рухани дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ әріптестері мен замандастары ақжарма тілектерін арнап, құрметпен зейнет демалысына шығарып салды.
Өмірін кітап пен руханиятқа, ел мен қоғамға қызмет етуге арнаған Ғалия Бейсебайқызына зор денсаулық, отбасы амандығын, бақ-береке мен ұзақ ғұмыр тілейміз. Еңбекпен өрілген ғұмыр жолы әрдайым құрметке лайық.
Leave A Reply

Your email address will not be published.