Жастар елге қызмет етуден талмауы қажет

886

-Толық аты-жөніңіз, қызметіңіз

-Қойбағаров Ғани Бірлікұлы-Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

-Жастар саясатында қызмет көрсеткеніңізге неше уақыт болды?

-Жастар саясатында қызмет етіп келе жатқаныма 11 жыл болды. Осы жылдар ішінде консультант, директор орынбасары және директор болып қызмет атқарып келемін.

-Жастар саясатында нені өзгерткіңіз келеді

-Жастар саясаты туралы заң жастарға арналағандықтан ол жерде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, денсаулықты сақтау және нығайту, жұмысқа орналасу мен жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту, жас отбасылар және жұмыс істеп жүрген жастар үшін қолжетімді тұрғын үй, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу, мәдени бос уақыт пен демалыс үшін жағдайларды қамтамасыз ету т.б. бір қатар жастардың өзекті мәселелері қарастырылғандықтан және бұл мәселер бүгінгі күнде өзектілігін жоймағандықтан алдымен осы мәселелерді шешу жолдарын табуымыз қажет деп ойлаймын. Әзірге заңды өзгеруге еш негіз жоқ деп ойлаймын.

-Сіздің жастарға деген сеніміңіз қандай? Және не себепті олай ойлайсыз

-Жастар қоғамның қозғаушы күші. Қай дәуірде немесе қай кезеңде  болмасын халық өз болашағын жастармен байланыстырған. Солардың іс-әрекетіне қарай келешегін бағдарлаған. Әлемдегі барлық өзгерістер көбінесе жастардың қолымен жасалғанын ескеру керек. Оған дәлел Тәуелсіздік алуға тікелей серпіліс жасаған желтоқсандықтар 1986 жылы небәрі жиырмадан асқан жастар.

Жастарға деген сенімге келетін болсақ, өз басым замандастарға сенемін.  Жігер, білім, күш, ұмытылыс, тың идея мен бастысы елге деген махаббаты болса әрбіріміз сенуге тиіспіз. Сонымен қатар жол көрсетіп, бағыт беру керек. Мағжан Жұмабаев атамыз сенген жастар әлі де бар. Олар білімде, спортта, мемлекеттік қызметте, кәсіпте, ауыл шаруашылықта, денсаулық сақтау саласында т.б салаларда еңбек етуде. Мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соны тиімді пайдаланып отырған жастар да жоқ емес.

-Жастарға арналған қай мемлекеттік бағдарламалар сіздің өңіріңізде кең орындалуда?

-«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік сала мамандарын жұмыспен қамтып, ауылға тұрақтандыру мақсатында ағымдағы 2021 жылы 27 маман жалпы соммасы  7 млн. 875  мың  900 теңге болатын көтерме жәрдемақы алды, 16 маманға 65 млн. 632 мың теңге бюджеттік несие берілді. 2009-2021 жылдар аралығында 389 жасқа бюджеттік несие, 392 жасқа көтерме жәрдемақы берілген.

 Сондай «Жастар тәжірбиесіне бағдарламасымен 74 жас жолданғанса, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты бойынша 200АЕ грант алған жастар саны 132, несие алғандар саны 2. Атамекен кәсіпкерлік палатасындағы  «Бастау бизнес» курсына 179 жас оқыған.

Сонымен қатар, «Жасыл ел» бағдарламасы бар. Аталған бағдарлама аясында 85 жас уақытша жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге жоспардың 70 пайызы, яғни 61 жас жұмыспен қамтылды. Жұмыстар қыркүйек айында жалғасатын болады.

«Серпін-2050»  бағдарламасы бойынша 2014-2021 жылы аралығында 52 жас білім алған. «Серпін» жобасын түлектер арасында кең ауқымды насихаттау мақсатында Шығыс Қазақстан техникалық университетімен, , Шығыс Қазақстан Университетімен, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтымен, Қостанай өңірлік университетімен онлайн іс-шаралар өткізілді, сонымен қатар ауданда орналасқан колледждер мен орта білім беру оқу орындарында карантиндік талартарды сақтай отырып 28 офлайн іс-шара ұйымдастырылды.

-«Болашақ – жастардың қолында» деген тұжырыммен қаншалықты келісесіз?

-Толықтай келісемін. Бүгінгі жас, ертеңгі ел ағасы. Әркім өзіне жүктелген жүкті жетер жеріне жеткізу тиіс, әйтпесе келер ұрпаққа ауыр жүк қалып қою мүмкін деген Әлихан Бөкейхан атамыздың сөзінің төркінін түсініп, іске асыруымыз керек. Білімді, батыл, алғыр жас аға буынға айналғанда айтары бар, ақылы кемел, көргені көп жанға айналады емес пе? Жастың жолына халық үмітпен қарайды, сенім артады, тілеуін тілейді. Оның барлығы болашақтың қамы екені даусыз.

-Тәуелсіз мемлекеттің жастары қандай болуы қажет?

-Тәуелсіз елдің жастары ата-баба аманатына адал болуы тиіс. Ұлан-ғайыр атыраптың асты-үстіндегі аманатты орынды игеріп, келесі буынның қолына бүтін күйде табыстауы тиіс. Келешектің күл талқанын шығаратын есірткі, алкаголь, құмар ойын, жалқаулық секілді зиянды әдеттерді спорт, кітап, музыка, саяхатқа алмастырулары керек деп ойлаймын. Зиянды емес зиялы болуға талпынғандары жөн. Ұтқыр шешім қабылдап, намыс, ұят дегендерді бойтұмардай серік етулері тиіс. Бір сөзбен айтқанда қазақтың ұлы, қазақтың қызы деген мәртебеге дақ түсірмей, елге қызмет етуден талмайтын жас болуы керек деп есептеймін.

-Өңіріңіздегі жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстарына тоқталып кетсеңіз

Ауданда жастар саясатын тиімді жүргізу мақсатында аудан әкімі мен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқарсының басшысы арасында арнайы бекітілген жұмыс доспары бар. Аталған жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда жастар арасында Рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  бағыттары  бойынша онлайн және офлайн (карантиндік талаптарды сақтай отырып) барлығы 598 іс-шара өткізілсе, волонтерлық бағытта  222 әр түрлі бағытта
іс-шаралар өткізілді.

-Жастардың еңбек сатысымен көтерілуінде аға буынның алатын орны туралы айтып кетсеңіз?

Сұрағыңыз орынды. Қарттары кім жоқ болса, жастары болар диуана деген екен Махамбет батыр. Ағалардың алтын қолы талай тұмса бұлақтың көзін ашып, арнасына бағыттаса шөлдегендер сусын қандырып, көп жақсылықтарға жан бітетіні сөзсіз. Сол себептен болар халқымызда мәні жоғаламайтын, мазмұны ескірмейтін «Бұлақ көрсең көзін аш» деген мәтел бар. Бұл тікелей табиғатқа және адамзатқа бағытталған асыл сөз, қажетті қасиет.  Талабы бар, дарыны жетерлік жастарға ақыл беретін, қатесін түзеп, арқасынан қағатын аға буын ауадай керек. Әсіресе, еңбек сатысымен көтерілу үшін көп тәжірбие керек. Ол кеудесі алтын сандық аға буында бар дүние. Ізденімпаз жастар солардың мейіріміне бөленіп, мейлінше тәлім алуы тиіс.

-Ауыл жастары неліктен үлкен қалаларға арман қуып кетеді?

Бұл енді жастардың көзқарасы мен таңдауына байланысты. Бірі білімін жетілдіру, кәсіби қабілетін арттыру, шетелде білім алу мақсатымен қалаға кетсе. Енді бірі жасыратыны жоқ қызық қуып, қызылды жасылды ортаға құмартып, ата-аналары тірнектеп тапқан тиынды уыстап шашу үшін қалаға баратын секілді. Бірақ, көпке топырақ шашуға болмайды. Басым көпшілігі мен айтқан бірінші себептерге байланысты деп ойлаймын. Ал, ауылға келер болса ауылмен ауыратын жастар баршылық. Олар өздеріне ұнайтын кәсіптерді игеріп, ауылдың дамуына ат салысып жүр. Әрі өздерін өсірген ата-аналарына қолғабыс жасап, қазақтың қанына сінген отбасы құндылығы, ағайынгершілік секілді игіліктерді тірілтіп жүр. Біз әрбір жастың таңдауын құрметтейміз. Дегенмен ауылдың гүлденгені, елдің гүлденгені деген ұстанымды ұмытпауды сұраймыз. Ауылда жатып Алашқа қызмет етуге болатынын Әбдімомын Желдібаев секілді даңқты күйші атамыз дәлелдеді деп ойлаймын. Мұндай мысалдар жетіп артылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.