Қайырымдылық жасау – асыл қасиет. Жүрегінің жылуы мол азаматтар жақсылық жасауға бейім тұрады. Қоғамда қайырымды жандар көбейсе, ізгілік пен игіліктердің есігі ашылады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған міндеттерге қолдау көрсетіп, туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген мәрт азаматтарға құрмет көрсетіліп жатады.
Кеше, К.Әзірбаев атындағы саз мектебінде “Жомарт жүрек” сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз сөйлеп, бұл шараның мән-маңызына тоқталды. “Кең болсаң-кем болмайсың» деген ғибратты сөзге сүйене отырып, қолында бар мүмкіндікпен бөлісіп, туған жер – туған еліне санамен қызмет етіп жүрген азаматтарды дәріптеу арқылы жастарды елжандылыққа тәрбиелейтіндігін жеткізді.
Мұнан соң салтанатты жиын жомарттықты жолдас, мәрттікті жанына серік ете білген азаматтарды марапаттау рәсіміне ұласты.
“Жомарт жүрек” сыйлығының “Туған жер” аталымына елді мекендерді абаттандыруға, яғни көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырған Төлепберген Сейтқадыров ие болды. “Жүректен жүрекке” номинациясы аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға, жетім балаларға қайтарымсыз көмек көрсеткен Ердос Иманқұловқа табыс етілді. Ал, “Жыл тұлғасы” номинациясы белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметтеріне байланысты Мұрат Тлеулиевке, “Жылдың үздік ұйымы” аталымы әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды және қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасаған “Әулиеата-Феникс»” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Фарида Жүнісоваға, “Ерен еріктілік” аталымы волонтерлық қызметтерге белсенді қатысқаны үшін Ақжол Белқожаевқа табысталды.
Аталған азаматтарға және ұйымға Диплом және ескерткіш сыйлықтар табысталды.
Қолында барын халықтың игілігіне, қайырымдылыққа жұмсап, көмегін аямаған жаны жайсаң жандардың атынан сөз алған Төлепберген Сейтқадыров жүрекжарды лебізін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Шара қатысушыларына аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерін тарту етті.