Жамбылдық теміржолшылар кәсіби мерекесін атап өтті

634

Аймақ теміржолшылары кәсіби мерекеге толағай табыспен жетті. Алты айдың көрсеткіші бойынша табысы да, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де көрсеткіштер еселеніп отыр.

«Түріксіб» кешенінде өткен шараға қала тұрғындары да көп жиналды. Әуелі ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов алты айдың көрсеткіші бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген теміржолшыларды, ардагерлерді құттықтады.

Бұдан кейін болат жол қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ел экономикасының көшін алға сүйреп отырған сала қызметкерлерін төл кәсіби мерекедегеі табыстарын жыл сайын еселей түсуі үшін бүгінде жаңа технологиялар толқыны келгенін тілге тиек етті. Сөйтіп, Жамбыл магистральді желі бөлімшесіның арнайы бөлімінің жетекші инженері Рахат Тастанбекова мен осы бөлімшенің экология және еңбекті қорғау секторының бастығы Баян Қонқабаеваны Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сонымен қатар теміржолшыларды құттықтай келген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат күндіз-түні тынымсыз еңбектің бел ортасында жүрген теміржолшылардың еңбегіне табыс тіледі. Бірқатар теміржолшыларды «Нұр Отан» партиясы облыстық және қалалық филиалының Құрмет грамоталарымен марапттады.

Мереке күні құттықтаушылардың қатарында «Қазфосфат» ЖШС ЖТК директоры Марат Оңласынов пен өткеру және логистика бөлімінің басшысы Бақтияр Жексенбай да болды. Болат жол арқылы өнімдерін алыс, жақын шет елге тасымалдап отырған компания өкілдері теміржолшыларға арнайы сыйлығын ала келген екен. ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Сағымбекұлы бұл сыйлықты жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыра білген қызметкерлерге тарту ететіндігін айтып өтті.

Сондай-ақ, Тараз әскери көлік комендатурасының әскери коменданты Жандос Дәулетов, №5513 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы Самат Құспанов та теміржолшыларды құттықтады.

Салтанатты шарада ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» медалімен марапатталды. Ал Аса станциясының жүк және багажды қабылдап-тапсырушы Күлшат Досалиева мен Сары-Шаған электрмен жабдықтау дистанциясының электрмен жабдықтау учаскесінің бастығы Аманбек Ахметбеков «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болды.

Мерекеде теміржолшылар, сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрінің Құрмет, Алғыс хаттарымен, «Самұрық Қазына» АҚ-ы президентінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы басқарма төрағасының атаулы сағатымен марапатталды.

Әрине, әр теміржолшы үшін өз еңбдегінің бағаланғаны бағалы. Өйткені, жартылай әскериленген салада қозғалыс қауіпсіздігін еңсеруде жауапкершілік өте жоғары. Міне, осы қозғалыс қауіпсіздігін еңсеру, ерекше қырағылық, батылдық пен қаһармандық танытқан теміржолшырдың бірқатары өз кәсібіне деген құрметі үшін «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік маман» төсбелгілерін кеуделеріне қадады. Мерекелік шара ән-күйге жалғасып, теміржолшылардың арасында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Ал бүлдіршіндерге арнайы театрланған көрініс ұсынылып, балмұздақ таратылды.

Ерман ӘБДИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.