Байзақ ауданында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүруде

558

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Байзақ ауданының бірқатар ауылдық округтері, атап айтқанда, Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Аймантөбе, Сарыбарақ, Тегістік, Ынтымақ, Шахан ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш жұмыстар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, сапалы медициналық қызметтердің көрсеткіштеріне қол жеткізу, аурухананың стационарлық ағымын түсіру және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіруге мүмкіндік бермек.

Аймантөбе ауылындағы бес келушіге арналған медициналық пукнкт құрылысын «Талас Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Жалпы аумағы 0,15 гектар алып жатқан нысанда қызу жұмыс жүруде. Айтқұл Асан жетекшілік ететін серіктестікте он беске жуық құрылысшы еңбек етіп жатыр. Оның бесеуі шатырды жауып жатса, қалғандары нысанның ішкі және сыртқы сылақ жұмыстарын атқаруда. Құрылыс бригадирі Диар Ашилов мұндағы жұмыстар тамыз айының соңына дейін жалғасатынын, жұмысшылар жалақысы уақытылы беріліп, олардың ас-ауқат, жатын орынмен толық қамтылғанын жеткізді.

Келесі осындай нысандардың бірі Мәдімар ауылында орналасқан. 0,30 гектар аумақты қамтыған нысан құрылысын Газиз Манашев басқаратын «Тараз Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жауапкершіліктеріне алып, небәрі екі айдан астам уақыт аралығында аяқтаған екен. 15 келімге арналған ауылдық-дәрігерлік амбулатория заман талабына сәйкес салынған. Онда фельдшер мен медбике қызмет көрсетеді. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа медпуктте балалар мен ересектерге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, екпе жұмыстары жасалатын, медициналық сараптама қабылдайтын және ем-дом жасайтын арнайы бөлме бар.

Айта кетерлігі, пайдалануға берілгелі отырған медициналық пунктер ауыл тұрғындарының көңілінен шығуда. Әсіресе, шалғай елдімекендерге тиімді саналатын мұндай  медициналық тіректің ерекшелігі — оның құрылысының тым қысқа мерзімде, яғни, екі немесе үш айда аяқталуында. Сонымен бірге, бюджет қаражатынының тиімді жұмсалуына да сеп болуда.

Жалпы өткен жылмен салыстырғанда ауданда құрылыс көлемі 43,8 пайызға, инвестиция көлемі 33,4 пайызға, тұрғын үй аумағы 6,5 пайызға, бөлшек сауда 81,8 пайызға артқан. Дегенмен, ауданда — жұмыртқа өндіру 70,1 пайызға, ауылшаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,7 пайызға төмендеген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.