Тараз қаласының сәулеттік келбеті жақсарып келеді

692

Жыл өткен сайын Тараз қаласында жаңа нысандар көптеп бой көтеруде. Олардың қатарында бизнес орталықтары да жетерлік. Шаһардың шырайы артып, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп жатса, оған қалай қуанбасқа? Алайда, құрылыс нормаларын сақтамайтын пысықайлардың пиғылы еріксіз ойға қалдырады. Соның кесірінен кейбір нысандар «қызыл сызықтың» үстіне жайғасқан. Тіпті, тротуарларды таптап, жол қозғалысына кедергі келтіріп тұрған ғимараттар да бар. Бұл өз кезегінде қаланың сәулеттік үйлесіміне де кері әсерін тигізеді. Міне, сондықтан да облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырған болатын.

Ашығын айту керек, бұған дейін мемлекеттің заңын емес, қалтаның қамын ойлағандарға жауаптылар тек айыппұл салумен ғана шектеліп келген болатын. Енді міне, елді мекендерде сәулет және қала құрылысы саласында орын алған заңбұзушылықтарды реттеуге бағытталған жоспар түзіліп отыр. Соның аясында ағымдағы жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, қала және аудан әкімдіктері бөлімдерінің мамандарынан құрылған арнайы жұмыс комиссиясының құрамы жасақталып, іске кірісті. Бірінші кезекте тиісті нормаларға сәйкес келмейтін нысандарға талдау жасалып, олардың алғашқысы сот шешіміне сәйкес сүріле бастады. Бүгінде бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың тікелей бақылауында.
Жалпы, қандай ғимарат болмасын, талапқа сай салынуы керек. Қаланың ажарын арттырып қана қоймай, тұрғындардың да жүріп-тұруына қолайлы болуы шарт. Бүгінде осы бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер көпшіліктің көңілінен шығып жатыр деп айтуға болады. Осы орайда, қала тұрғындарының айтар алғысы мен пайымды пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Елбасы айтқандай, Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Көне шаһар ұлттық салт-дәстүріміздің ғана емес, қазақи діліміздің де берік сақталған мекені. Сондықтан да қаланың тарихына, тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытатын туристер көп. Осы орайда, Асқар Мырзахметов облысқа басшылыққа келгелі бері сәулеттік симфонияның жаңаша сипат ала бастағаны байқалады. Жүйелі жұмыстың бәрі де жұртшылықтың көз алдында.
Жасыратыны жоқ, облыс орталығында жаяу жүргіншілер жолағына дейін жайылып жатқан сауда нүктелері баршылық. Ондай орындарды әсіресе, ықшамаудандардан көптеп кездестіруге болады. Соңғы уақытта, облыс басшылығының бастамасымен осындай дүңгіршектер алынып тасталуда. Сонымен қатар, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына айрықша назар аударылып жатқаны қуантады, – дейді зейнеткер Әсемкүл Даукулова.
Шынында да облыс орталағындағы оң өзгеріс­тер тұрғындардың ойынан шығып жатқандай. Кім­мен пікірлессек те осыны аңғарамыз. Жергілікті жұртшылық заңсыз салынған нысандар бойынша қабылданып жатқан шараларға да дән риза.
– Бүгінде облыс орталығында ілкімді істердің атқарылып жатқандығына қуаныштымыз. Аймақ басшылығының жаңғырту жұмыстарын демалыс орталықтарынан, яғни, саябақтардан бастағандығы құптарлық іс. Сондай-ақ, заңсыз салынған нысандарды ретке келтіру бойынша тиісті жұмыстардың қолға алынғанына БАҚ беттері мен әлеуметтік желі арқылы көз жеткізіп жатырмыз. Қала – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан да оның таза әрі көрікті болғанын қалайтынымыз рас. Бұл тұрғыда басталған тірліктердің лайықты жалғасатындығына сенім мол, – дейді қала тұрғыны Дәулет Бегділдәұлы.
Халық даналығында «Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» деген сөз бар. Дәл осы нақыл Тараз қаласындағы жаңғырту жұмыстарына қарата айтылғандай. Себебі, тындырымды тірліктер қазірдің өзінде тұрғындардың оң бағасын алып отыр. Бұл тек бастамасы ғана. Алда атқарылатын шаруалар да ауқымды. Ендеше, көне шаһардың көркіне көз тойып, көңіл сүйсінетін күндер әлі алда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.