Нұрай Серікбайға қатысты әлеуметтік желіде қорлайтын пікір жазған қолданушыны жауапқа тарту туралы полицияға ресми арыз жолданды.
Бұл туралы қылмыстық істер бойынша заңгер Аянхан Омаров Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Instagram желісінде Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты жарияланған жазбаның астына ауыр әрі былапыт пікір жазған аккаунт иесін анықтау үшін ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментіне ресми арыз берілген.
«Instagram-дағы Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты қорлайтын пікір қалдырған аккаунт иесін анықтау және заң аясында жауапқа тарту туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментіне ресми арыз жолданды. Әлеуметтік желідегі анонимділік жауапкершіліктен босатпайды. Заң бәріне ортақ», – деп жазды заңгер.
Еске салайық, бұған дейін белгісіз қолданушы Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты жарияланған жазбаның астына марқұмды қорлайтын, былапыт сөздерден тұратын пікір қалдырған болатын.

Заңгердің айтуынша, енді пікір авторының жеке басын анықтап, заң аясында жауапқа тарту мәселесі қаралады.
Еске салсақ, Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу толықтай аяқталып, қазір тараптардың іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатқанын хабарлағанбыз.
Фото: ашық дереккөзден