Тараз іргесіндегі саяжай тұрғындары жарықсыз отыр

530

Тараз қаласының іргесіндегі «Бақшашы» тұтыну кооперативі бір аптадан бері жарықсыз отыр.

«Лето» саяжай алқабының төрағасы трансформатордың шамасы жетпейді деп, 60 үйді электр қуатынан ажыратқан. Күннің аптап ыстығында азық-түліктері бұзылып, өркениеттен тыс қалған тұрғындар шағымдарын жеткізді.

Осылайша қынжылған 4 баланың анасы Ардақ Дәукенова азық-түліктің барлығын қоқысқа тастадық дейді.  Қуат көзінен қағылған олар кеш батса болды, отбасымен жалғыз сығырайған балауыз шамды жағалап, күнелтуге мәжбүр.

«Қалаға тиіп тұрмыз. Ал енді мынау жолдың арғы жағында «Лето» деген массив бар. Олар біздің қолданып отырған жарығымызды уақытша берді. Енді қиып тастады да, не қаладан ала алмаймыз жарықты, не олардан ала алмаймыз», — дейді «Бақшашы» тұтыну кооперативінің тұрғыны Егізбай Айханов.

«Бақшашы» кооперативі көрші «Лето» саяжайынан электр қуатын алып, ақшасын да уақтылы төлеп келген. Алайда, саяжай басшысы Алексей Манаковтың айтуынша, «бақшашылықтар» өздеріне жеке шағын электр стансасын орнатуы керек. Өйткені, тұрғындар саны көбейген саяжайды жарықтандыруға электр трансформаторының қауқары жетпейді деп отыр. «Менде  400 отбасы тұрады, оларды электрмен қамтамасыз етуге тоқ көздерінің шамасы жетпейді. Тіпті кіржуғыш мәшинесін тартпайды. Басында ол жер қосылғанда небәрі 3 үй болған, қазір 60-қа жуықтады», — дейді «Лето» тұтыну кооперативінің төрағасы Алексей Манаков.

Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қадырбек Деметбаевтың айтуынша, бұл кісілердің өздері осы саяжайға бөлек трансформатор стансасын алуы керек болатын.

«Осы саяжайда жеке кәсіпкер  өзіне автомобиль жөндейтін цех ашқан. Сол жерде өзінің үлкен күшті қуаты бар трансформатор қойған. Ол кісімен біз келісіп, келістіріп, халықтың сол жерден электр қуатын ала тұруға толық мүмкіншілігі бар» дейді ол.

Бақшашы ауылы тұрғындарының мәселесін шешу үшін ең арзаны 1 млн теңге тұратын трансформатор қажет. Алайда 60 үйлі қараша халықтың бұл қаражатты жинауға қалтасы көтермей отыр.

«Ақша жинауға бұлардың шамасы жоқ, балалардың әрқайсысына қазір 40-50 мыңнан ақша, киім алу керек. Өздері егін басынан зорға тауып жүр нанын. Біз қаладан свет алуымыз керек боп тұр. Балаларымыз оқушы, ертең екі жетіден кейін оқу басталады. Балаларымызды қалай жібереміз?», — дейді «Бақшашы» тұтыну кооперативінің тұрғыны Күнқияш Қалиева.

Саяжай халқының басты талабы — электр жарығын ел қатарлы тікелей қаладан тартып, яғни, электр таратушы компанияға қаратып, соларға төлем жасау. Алайда бұл армандарының орындалуына бір-екі жылдай уақыт қажет. Өйткені үлкен трансформатор орнату 2019 жылға жоспарланып отыр.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.