Шәмші әні туралы шындық

702

Бүгінде танымал тұлғалар жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. Мұндай дүниелер осы уақытқа дейін айтылып келген, бұдан кейін де айтыла бермек. Ал халқымыздың көрнекті өнер адамдарының шығармашылығы жайлы да жиі сөз болады. Тұтас халықтың жүрегіне жол тапқан танымал шығарманың дүниеге келу тарихы кімді де болсын қызықтырмай қоймасы ақиқат. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың халық арасына кең тараған барлық әндерінің өзіндік тағдыры мен тарихы бар. Атақты композитор жайлы талай естеліктер жазылды. Көзкөрген, онымен сыйлас болған азаматтар есте қалған естелігімен бөлісті.

Тарихи тұлға үшін қазақтың әрбір жері өзінің құтты мекені. Дей тұрғанмен, Шәмші Қалдаяқов үшін Әулиеата өңірінің өзіндік орны бар. «Дүнген қызы» деп талай тыңдарманның жүрегін жаулаған композитордың кезінде «Дунгановка» деп аталатын ауылда үй салып, біраз уақыт тұрғанын ел біледі. Өмірінің соңғы кезеңінде де Жамбыл қаласында болғаны тағы шындық. Жуырда бізге Жамбыл ауда­нынан Байбатыр Мыхаев деген азамат хабарласып, Шәмшінің бір әні туралы өзі куә болған әңгімені айтты. 1974 жылы Жамбыл қаласына Шәмші Қалдаяқов келіп, Жамбыл педагогикалық институтында компо­зитормен кездесу өтеді. Бұл жерге жер­гілікті тыңдармандармен қатар, сол кездегі жам­былдық өнерпаздар түгелдей қатысады.

– Сол кездесуде мен де болдым. Өзім өнер адамы болмасам да өнер адамдарын жақсы сыйлаймын. Бір күні сол кездегі «Алатау» триосының мүшесі Алтынбек Оразбеков қалаға Шәмші ағамыздың келгенін айтты. Алтынбек екеуміз Жамбыл технологиялық институтында бірге оқитын едік. Әрі екеуміз де Жамбыл ауданының Куйбышев совхозынан болғандықтан, үнемі бірге жүреміз. Сөйтіп кездесуге бардық. Сонымен қатар, кездесуге «Алатау» триосының мүшесі, кейіннен атақты өнер адамы болған Алтынбек Қоразбаев та барып, Шәмшімен қатар отырды. Бірін-бірі жақсы таниды екен. Кездесу барысында халықтың сұрағына орай Шәмші Қалдаяқов «Қайықта» әнінің тарихын өз аузымен әңгімелеп берді. Ал кейіннен елдің айтып жүрген «Шәмші бір қызбен бірге қайыққа мініп қыдырыпты. Оны жақсы көрген соң ән шығарыпты» деген сөздің бәрін қате деп білемін. Және кейіннен түсірілген «Шәмші» фильміндегі бұл әнге қатысты деректер де қисынсыз. Сондай-ақ сол кездесуде Шәкең өмірі қайыққа мінбегенін айтқан, – дейді Байбатыр Мыхаев.

Алматы қаласындағы М.Горький саяба­ғында композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов серуендеп жүреді. Алатаудың салқын ауасын көкі­рек кере жұтып, жұпар иісіне елтиді. Өнер төңірегінде өзара сұхбат құрады. Сонда Шәмші қайыққа мініп алып, ары-бері су бетінде жүзіп жүрген көркем қыз­дардың сұлулығына сүйсінеді. Қазақ қыз­дарының көркемдігіне тамсанады. Бұл көрініс өнер адамының қиялына қанат бітіріп, шабытын шалқытып, көкірегіне көркем саз ұялатады. Жанында отырған Нұрсұлтан ақынға жақсы бір ән туып келе жатқанын айтып, әннің мәтінін жазып беруін сұрайды. Композитордың көңіліне ерекше әсер еткен сол бір көріністен әйгілі «Қайықта» әні дүниеге келеді. Осы бір оқиғаны Шәмші Қалдаяқов өз аузымен Жамбыл қаласындағы кездесу кезінде айтып берген екен. Және сол күні Шәмшінің Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Мойынқұмда» әні тұңғыш рет Жамбыл қаласында шырқалып, қалың қазаққа жол тартады.

Шынында да өмір ағып жатқан өзен сияқты. Бір арнаға сыймайды, бір соқпақ­пен жүрмейді. Бірақ уақыттың дауылы да, жауыны да әсер ете қоймайтын алып талант­тардың табиғи туындылары халық­тың жү­регінде мәңгілікке қала береді. Қа­зақ топырағын сағыныш болып тербетіп тұрады.

Хамит Есаман
egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.