Хамит Есаман республикалық мүшайрада жеңімпаз атанды

550

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрада «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық Жазушылар одағы филиалының директоры Хамит Есаман жүлделі үшінші орынға ие болды.

Осы уақытқа дейін облыстық деңгейде өткізіліп келген мүшәйра биыл тұңғыш рет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық деңгейді қамтыды. Мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен 18-40 жас аралығындағы 70 үміткер бақ сынап, оның 17-і ақтық сынға шықты.

Қазылар алқасының шешімімен ынталандыру сыйлығына Қуат Ежембеков (Астана қаласы), Саят Қамшыгер (Алматы қаласы), Думан Саматұлы (Ақмола облысы), Марлен Ғилымханов (Батыс Қазақстан облысы), Мизан Жұмаәлі (Павлодар облысы), Ақерке Әбдікәрім (Қарағанды облысы), Салтанат Кеңесбекова (Қарағанды облысы), Мақсат Күземханов (Қарағанды облысы), Сұлтан Дәулетхан (Қарағанды облысы) ие болып, оларға 30 мың теңгеден жүлде тапсырылды. «Үкілі үміт» арнайы жүлдесіне (50 мың теңге) Ерік Нарын (Қарағанды облысы) лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаманға, Түркістан облысынан келген Арқалық Әмәлиятұлына және алматылық Мұхтар Күмісбекке бұйырып, олар 150 мың теңгеден жүлде қаржысын қанжығаға байлады. Екінші орынды Қарағанды облыстық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Жанат Жаңқашұлы және  Маңғыстау облысынан келген Асылбек Жаңбырбай иеленді. Мұндағы жүлде 250 мың теңгеден болды. Ал 350 мың теңге тартатын бірінші орынның жүлдесі Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Рауан Қабидолдинге бұйырса, бас жүлде – 500 мың теңгені осы басылымның аға тілшісі Жәнібек Әлиман иеленді.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.