Ортағасырлық Ақжар қалашығы жаңа тарихи деректермен толығуда

128

Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылының батыс бөлігінде, Ақжар өзенінің салаларының аралығында орналасқан ортағасырлық Ақжар қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.

🔎 Ғылыми зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» атты ғылыми бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

 Экспедиция құрамында PhD докторы, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Ақымбек, аталған институттың докторанты әрі кіші ғылыми қызметкері Несіпбай Нұрғали және «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің инспекторы Жандос Бәйтімбетов еңбек етуде.
🖇️ Қазба барысында ХІ–ХІІ ғасырларға жататын саз
 кірпіштен тұрғызылған құрылыс орындарының қалдықтары анықталды. Сондай-ақ әр кезеңнің тыныс-тіршілігінен сыр шертетін қыш ыдыс сынықтары, темір және шыны бұйымдардың бөлшектері, тас құралдар мен үй жануарларының қаңқа қалдықтары табылды.
📍 Археологиялық және остеологиялық материалдар ортағасырлық Ақжар қалашығының тарихи-мәдени келбетін тереңірек тануға, оның өңір тарихындағы орнын айқындауға және ғылыми айналымды жаңа деректермен толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл зерттеулер Ақжар қалашығының ортағасырлық қалалық мәдениеттің маңызды орталықтарының бірі болғанын дәлелдеуге бағытталған ғылыми ізденістерге тың серпін бермек.
Leave A Reply

Your email address will not be published.