Облыс орталығындағы заңсыз салынған нысан иелеріне шара қолданылуда

500

Елімізде, оның ішінде өңірімізде болсын кез келген құрылыс нысаны жоспарға, салада қолданылатын заңнамаларға, ереже-қалыптарға сәйкес салынуға тиіс. Жалпы облыстың, оның ішінде әр қала, ауданның арнайы бекітілген өз бас жоспарлары болатыны, құрылыс нысандарын салу да соған сәйкес жүзеге асырылатыны белгілі. Жеке тұлғалардың менің жеке иелігімдегі жерде не қаласам соны саламын деуіне әсте жол берілмейді. Қайда да құрылыс нормалары қатаң сақталуға тиіс.
Алайда соңғы жылдары жеке тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарды бұза отырып, онда белгіленген тәртіппен рұқсат алмай, өз беттерінше құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізгендері бар екені анықталу үстінде. Қала, аудандарда бұл істі реттеудің, әсіресе тиісті бақылау, қадағалау болмауынан «қызыл сызық» үстіне салынып кеткен құрылыс нысандарын алып тастаудың қажеттігі айқын сезіліп те отыр. Бұл елді мекендер келбетін келістіріп, ажарын айшықтау мәселесінде айрықша маңызға да ие.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жыл басында қала, аудан әкімдері мен тиісті мекемелер мен басқар­малар басшыларына осыған байланысты бірқатар хаттамалық тапсырмалар бергені белгілі. Соның нәтижесінде облыс бойынша заңсыз салынған құрылыс нысандарын ретке келтіруге қатысты жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген болатын. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары, осы мәселеге байланысты құрылған облыстық, аудандық комиссиялар өз жұмыстарын бастап та кетті. Арнайы брифингтер, тұрғындармен кездесулер өткізіліп, бұл жөнінде кеңінен түсіндірмелер де берілді.

Жалпы өңір басшысының тапсырмасы қала, аудандарда бүгінгі күні қалай жүзеге асырылу үстінде дегенге келсек, мұндай жұмыстар облыс орталығы Тараз қаласында да қызу жүргізілуде. Бірқатар құрылыс салу нормаларын бұзу деректері анықталып, нысан иелеріне тиісінше шаралар қолданылуда. Мұндай тізімге облыс орталығындағы Самарқанд көшесінің бойына орналасқан «Закиров» ЖК-ның көлік жуу бекеті заңсыз салынған құрылыс есебінде алдымен ілікті. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы да жоқ, ЖСҚ-сы сараптаудан өткізілмеген, тиісті құрылымдары арнайы сараптамалық қадағалауынсыз салынған. Әрі мақсатына сай келмейді. Негізінен мұнда тұрғын үй салуға ғана рұқсат бар.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда кәсіпкер жергілікті билік органдарына қайырылып, қаланың егжейлі-тегжейлі жоспарына сәйкес бұл жерде бизнестік нысан салуға болатын-болмайтынын нақтылап, тиісті құжаттамаларға қол жеткізуі керек екен. Аталған кәсіпкер азамат әрекетінде мұндай міндетті шарттардың бірі де сақталмаған, тұрғын үй орнына шаруашылық нысанын тұрғызған. Тұрғын үй туралы Заңның 3-бабында атап көрсетілгендей, маңайдағы тұрғындармен келісіп, олардың рұқсаттарын алу жайы да ескерілмеген. Шынында да нысан маңайы бірнеше көлік қана сиярлықтай өте тар, әрі күрежолға тым жақын орналасқан. Қысқасы, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тым қолайсыз-ақ.
Осы мәселеге байланысты тараптардың сотқа жүгінулеріне де тура келген. Заңсыз нәрсенің бәрі де жансыз екені белгілі.Енді аталған нысан иесі соттың шешіміне сәйкес көлік жуу бекетін қайта бұзуға мәжбүр болып отыр. Мұны шаһарда қолға алынған зерделеу, тексеру, нақтылау жұмыстарының алғашқы «жемісі» десе де болады. Нысан басында облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов журналистерге бұл мәселенің мән-жайын жан-жақты түсіндіріп берді.
– Мұндай жұмыстар іс-шаралар жоспарына сәйкес алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бүгінгі күні Тараз қаласында осындай 19 нысан бар екені анықталып отыр. Күнбе-күн жүргізілетін жұмыстардың нәтижесі олардың қатары артпаса, кемімейтіндігін де көрсетуде. Құрылыс нормалары өрескел бұзылған мұндай нысандардың қай-қайсысы да осылай егжей-тегжейлі таныстырылатын болады. Ендігі жерде БАҚ арқылы бұл мәселе туралы тұрғындарды да құлағдар етіп отырамыз, – деді ол.

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.