Жамбылда «Қызғалдақ жолы» дәстүрлі халықаралық фестивалі өтеді

904

Өңіріміз қызғалдақтардың «отаны» болып саналады әрі осы гүлдердің көптеген ерекше түрлерімен танымал. Мысалы, Жуалы ауданындағы Берікқара шатқалында бес түрлі, соның ішінде сирек кездесетін сары түсті Зинаида, Борщова, Колпаковский эндемик гүлдері және «Қызыл кітапқа» енген Григ пен Кауфман қызғалдақтары да өседі. Олардың жойылып кету қаупі бар. Сондықтан осы гүл түрлерін сақтап қалу үшін, жас ұрпақ бойында туған жердің табиғатына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, сондай-ақ облыстағы эстетикалық және экологиялық туризмді дамыту қажет. Облыста осы мақсатта аңызға айналған қызғалдақтарға арналған ауқымды шара ұйымдастыру көзделуде.
Атап айтқанда, келер жылы көктемде Жамбыл жерінде қызғалдақтар мерекесін өткізу жоспарланып отыр. Осынау ауқымды шара Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен мақұлданған еліміздегі ең үздік үш халықаралық фестиваль қатарына да еніп отыр.
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясы қазірдің өзінде «Қызғалдақ жолы» атты дәстүрлі халықаралық фестивальді бастауға кірісуде. Әулиеата өсімдіктері дүниесінің осынау бірегей үлгісін сақтауды ғана емес, сондай-ақ елімізге және өңірімізге шетелдік туристерді кеңінен тартуда да діттеген шаралар легі толастамақ емес. Әрине, жоспарлар өте ауқымды, бұл бағытта жоғары білікті кәсіби топ жұмыс істейтін болады. Фестиваль аясында қызғалдақтың пайда болуынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы кеңінен қамтылмақ.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы мен Жамбыл облысы қызғалдақтың туған жері деп танылғандықтан, екі өңірдің ауқымды іс-шараларды дайындаудағы күш-жігерін біріктіру де ойластырылуда. Ал бұл аймақаралық ынтымақтастықтың нығаюына септеспек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шаралар Шымкент қаласының алуан гүлдер көптеп өсетін аумағынан бастау алатын болады. Мереке аясында қызғалдақтар туралы деректі фильмдер мен тақырыптық сән көрсетілімдері, фотосурет, бейнелеу және қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сонымен қатар фестиваль облыс орталығындағы Шахристан туристік кешенінің ашылуымен тұспа-тұс өткізілгелі отыр. Бұл саяхатшылар көңіліне ұмытылмас әсер қалдырары анық.
Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, өңірде келер жылға жоспарланып отырған гүлдер мерекесін жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік те, әлеует те жеткілікті. Жергілікті туристік қауымдастықтар мен компаниялар қызметіне қуатты серпін беретін айтулы шараға кем дегенде 10 мың турист келеді деп күтілуде.

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.