Ербол Қарашөкеев өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

31

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру пункттерін құру және мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпті маусымының өту барысы қаралды.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, бүгінде өңірде өрт қауіпсіздігін ТЖД-ның 21 бөлімшесі мен жергілікті атқарушы органдардың 24 өрт сөндіру пункті қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда облыстағы 75 елді мекенде өрттен қорғау жүйесі жоқ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында өткен жылы облыста 5 жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.
Биылғы жоспарға сәйкес облыста тағы 27 өрт сөндіру пункті құрылады. Оның ішінде 23-і жаңадан салынып, 4 қолданыстағы пункт қайтта жаңғыртылады.
Баяндамашының мәліметінше, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Өрттің қауіпті кезеңі басталғалы 82 адамнан құралған 16 мобильді топ 346 рейд өткізген. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 305 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2 млн 365 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Оның айтуынша, Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4 млн 416 мың гектарды құрайды. Оның 2 млн 296 мың гектары немесе 52,3 пайызы орманмен көмкерілген. Ал орман қоры облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.
Өрт қаупі бар маусымға дайындық аясында орманшылықтардағы 41 өрт бақылау мұнарасы мен 20 найзағай бұрғыш толық дайындыққа келтіріліп, 65 өрт бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Сонымен қатар 3 млн 213,2 мың гектар орман алқабына әуеден бақылау жүргізілуде.
Орман өрт сөндіру станциялары 20 өрт сөндіру автокөлігімен, 30 шағын өрт сөндіру көлігімен, 115 трактормен, 15 әмбебап су цистернасымен және 17 пилотсыз ұшу аппаратымен жабдықталған. Сондай-ақ өрттің алдын алу шаралары үшін 63 мың литр бензин мен 19,5 мың литр дизель отыны әзірленген.
Бұдан бөлек, биыл орман қорындағы өртке қарсы минералды жолақтардың 11 154,5 шақырымына күтім жасау жұмыстары жоспарға сәйкес сәуір айында аяқталған.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын сапалы әрі уақытылы іске асыру ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндет екенін атап өтті.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға өрт сөндіру пункттерін белгіленген мерзімде пайдалануға беруді, оларды қажетті техникамен және құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуді, сондай-ақ ерікті өртке қарсы құралымдардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар кезеңді қауіпсіз өткізу – бәрімізге ортақ міндет. Сондықтан орман өрттерінің алдын алу, орман шаруашылығы мекемелерінің дайындық деңгейін қамтамасыз ету және күштер мен құралдардың жедел әрекет ету қабілетін тұрақты бақылауда ұстау қажет. Сонымен қатар тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, елді мекендер мен орман алқаптарындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізу маңызды, – деді облыс әкімі.
Кеңес қорытындысында облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, төтенше жағдайлар департаментіне өзара үйлесімді іс-қимыл арқылы жүктелген міндеттерді сапалы әрі мерзімінде орындау міндеті қойылды.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.