Меркі ауданында «Ақпарат ағыны және біз» семинары өтті

554

Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс аймағында «Ақпарат ағыны және біз» семинары өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастырып отырған шараға облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары мен журналистер және блогерлер қатысты.

Жиын барысында ақпарат саласының өызметкерлеріне ақпарат таратудағы сауаттылық, бүгінгі журналистиканың талаптары, ақпаратты тексеру (фактчекинг) сияқты тақырыптарда дәріс оқылды.

Семинардың лекторлары – «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер Асхат Еркімбай және республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер Бэлла Орынбетова.

Шараның ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали семинардың мақсатына тоқталып өтті.

– Біз бұл семинарға журналистерден бөлек облысымыздағы ақпарат саласына қатысты бірқатар мамандарды, мемлекеттік қызметкерлерді де шақырдық. Қоғамға шынайы, сауатты ақпарат таратуда телеарна, газет тілшілері ғана емес, блогерлер, облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен өкілдеріне де зор жауапкершілік жүктеледі. Семинар-тимбилдинг арқылы бір-бірімізбен жақынырақ танысып, пікірлесіп, ой бөлісуді мақсат тұттық. Тимбилдинг сөзінің тікелей мағынасы да «команда құру», «команда болып жұмыс жасау» дегенді білдіреді. Біз іс-шарамызды бұл жолы әдеттегідей қаланың шулы ортасында емес, табиғат аясында, тау етегінде өткізгенді дұрыс деп таптық. Оның әсері ерекше болады деп ойлаймын.
Өздеріңіз де жақсы білесіздер, қазір ақпараттар ағыны өте қарқынды. Біз оған қалайда ілесіп, өз үнімізді қоса алуымыз керек. Жуырда облыс әкімінің интернет кеңістігінде жұмыс істеуге қатысты арнайы өкімі жарияланғаны белгілі. Ал оны қадағалау ішкі саясат басқармасына жүктелді. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуді бастап та кеттік. Белгілі блогерлеріміз барлық ауданды аралап, кездесулер өткізіп шықты. Бұл өкімнің мақсаты – қоғаммен кері байланыс орнату, ақпаратты жылдам алмасу, кез келген тосын жайт орын алған жағдайға дер кезінде жауап беру, тұрғындарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету. Өкімнің арнайы нұсқаулықтары да бекітілді. Сол нұсқаулыққа байланысты жоспарлы шаралар қолға алынып, жұмыс талап етілетін болады, – деген Берік Уәлиұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым қонақтардың қадамына құт тілеп, мұндай игі шараны өткізуге аудан басшылығы тарапынан үнемі қолдау болатынын жеткізді.
Бұдан соң қатысушыларға таратпа қағаздары ұсынылып, танысу рәсімі өтті. «Мені ұмытпа», «Ормандағы оқиға» секілді ойындар ойнатылып, қонақтар бір серпіліп қалды. Кәсіби медиалектор оқыған дәрістер арқылы тыңдаушылар көп мағлұмат ала алды. Сонымен қатар интернетті тиімді пайдаланудың мүмкіндіктері де сөз болды. Атап айтсақ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер Асхат Еркімбай «Google» жүйесінің қыр-сыры мен ерекшеліктерін, оны ақпарат саласында қалай ұтымды жүзеге асырудың жолдарын түсіндіріп, көрсетті. Ал республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер Бэлла Орынбетова сайттар мен әлеуметтік желідегі ақпараттардың көп оқылымына қол жеткізудің жолдары мен оқырмандарды тартудың тәсілдерімен бөлісті. Қатысушылар сайттардағы материалдар мен посттардың мәтініндегі сауаттылық төңірегінде пікірталас өрбітті.
Семинар қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Арнайы сауықтыру – суға шомылу, табиғат аясында серуендеу шаралары да ұмыт қалған жоқ. Жиналғандар мұндай игі шара жиі өтіп тұрса деген тілек білдірді, қажетті мағлұмат алып, әріптестермен жақынырақ танысу үшін мұндай жиындар өте қажет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.