Көп тілді меңгеру – өнер

641

Көп тілді меңгеру — өнер. Бірнеше тілді еркін меңгерген адамның алатын асуы биік болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Бүгінгі таңда дамыған мемлекеттер көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді міндет санайды. Сондықтан, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады. Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады» деп атап көрсеткен болатын.
Ел алдында тұрған басты міндетті іске асыру, яғни қазақ тілінің қолданыс деңгейін дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйреніп, меңгерудің маңызы артып келеді. Бүгінде  ағылшын тілінің бастапқы білімі балалар бақшасынан  беріле бастады. Бұл мектеп табалдырығын аттаған  балғындардың ағылшын тілін ары қарай меңгеруіне жол ашады. Себебі, бала жастайынан бірнеше тілді білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады.
Тіл – ұлттың жаны. «Тiлiмiздiң бүлiнбей сақталуын тiлесек, әуелi, өз ана тiлiмiзде оқытып, сонан соң басқа тілді үйретуге тиіспіз» дейді Ахмет Байтұрсынов. «Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп — өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» депті Жүсіпбек Аймауытов.  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болса «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі» деп баға  берген.
Кез келген ұлттың басты ерекшелігі – оның ана тілінде. Ана тілі – әрбір ұлттың, ұлыстың мақтанышы, көзінің қарашығындай көретін қазынасы, асыл мұрасы. Тіл – ұлттық белгі, халықтық мұра, дүниетаным құралы. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты.
Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан-дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту. Ұлт болып сақталуымыздың темірқазығы болған ана тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді үйреніп, мәдениетін  қадірлей аламыз. Сондықтан, барлық қазақстандықты біріктіретін – қазақ тілінің  қолдану аясын кеңейту, оның мүмкіншіліктерін барынша пайдалану – еліміздің әрбір азаматының абыройлы міндеті екенін ұмытпайық.

Асима  ҚАРЫМСАҚОВА,
Байзақ аудандық статистика басқармасының жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.