Қоқысқа қырын қараған әкімдер жазаланды

721

Жуырда облыстық прокуратура жарты жылдық жұмысын қорытындылай келе, облыс аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтар 31 пайызға азайғанын мәлім етті. Сондай-ақ, прокурорлардың пәрмені түрлі саладағы келеңсіздіктерді жөнге келтіруде көп септігін тигізген.

Атап айтсақ, жасырылған қылмыстарды анықтау мақсатында белсенді шаралар қолға алынып, аудандық полиция бөлімдеріндегі «102» нөміріне түскен хабарламалардың жазбаларын жергілікті прокурорлар тексерістен өткізген. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың мамыр айында Шу аудандық полиция бөліміне М. деген азаматша ұрлық дерегі бойынша қоңырау шалғанымен, полиция қызметкерлері хабарламаны арыз иесінің наразылық білдірмеуіне байланысты тіркеуге алмадық деп, істі қозғамағаны анықталған. Десе де, тексеру барысында аталған азаматша арызды полиция қызметкерлерінің өтініші негізінде жазбағаны белгілі болып отыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Прокуратура түзеу мекемелеріндегі тәртіпті де қамтамасыз еткен. Есепті кезеңде мамандардың тексерісінің арқасында түрмелерден 117 тыйым салынған заттар тәркіленген. Оның 84-і ұялы телефон болса, 33-і кесіп-тесу құрылғылары, ақшалай қаражат, спирттік ішімдіктер және есірткі заттары да бар. Тыйым салынған заттарды түзеу мекемелеріне кіргізу жолдары да анықталып отыр. Мысалы, ЖД-158/4 түзеу мекемесіне салмағы жарты келі марихуана есірткі затын кіргізу барысында кәсіпкер қолға түскен. Ағымдағы жылдың наурыз айында ол сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік-экономикалық бағытта, әсіресе, халықтың осал топтары арасында прокурорлық қадағалау күшейтілген. Бұл бағыттағы жұмыстардың қорытындысында негізсіз көлік және мүлік салықтары салынған 200-ден астам мүгедектің құқығы қорғалып отыр. Қадағалау актісімен оларға 5 миллион теңге қайтарылған. Сондай-ақ, облыс аумағында орналасқан «Жаңатас-Су-Жылу» және «Игілік» кәсіпорындарының тарифті негізсіз екі есеге өсіру дерегі бойынша да 36 500 тұтынушының қаржысы қайтарылған.
Тағы бір ерекше айта кетерлігі, биыл прокуратура қызметкерлері қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңнаманы бұзғаны және тұрмыстық қалдықтарды тазалауға қырағы қарамаған 120 ауыл әкімінің үстінен 240-тан астам әкімшілік іс қозғаған. Нәтижесінде, әкім-қараларға 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Ал, қоғамдық тәртіпті сақтауда прокуратура мамандарының жұмыла жұмыс атқаруы қандай мақтауға да лайық.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.