Димаш Ресей публикасын баурап алады — композитор Игорь Крутой

762

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мәскеудегі Кремль сахнасында ән салып, «НТВ» арнасының «Орталық телевидение» бағдарламасында қонақта болды.

Ресейге барғаны туралы әнші Инстаграм парақшасында жазды. «НТВ» арнасындағы «Орталық телевидение» бағдарламасында маэстро Игорь Крутоймен бірге алғашқы дуэттің тұсаукесері өтті», — деді Д.Құдайберген.

Бірегей тембрімен әлем халқын тамсандырған Димашты осылайша, тағы бір ресейлік арна мойындап отыр. Шоуды әзірлегендер әншінің дауысының құпиясын ашпақ болады. Ресей шоу-бизнесінің нарығына батыл қадаммен енген әнші бағдарлама соңында композитор Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен «Қалжыраған аққулардың сезімі» (Любовь уставших лебедей) әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

«Осы әннен кейін сен сөйлей аласың ба?», — деп сұрады таңданысын жасыра алмаған бағдарлама жүргізушісі Димаштан.

Өз кезегінде композитор Игорь Крутой Димаштың «Ресей публикасын баурап алатынын» айтып өтті.

Кейін Димаш аталмыш әнді Мәскеудегі Кремль сарайында Ресей Федерациясының Ішкі істер органдарының қызметкерлері күніне арналған концертте шырқады.

Айта кетерлігі, «Қалжыраған аққулардың сезімі» әнін композитор Игорь Крутой мен ақын Михаил Гуцериев әйгілі француз әншісі Лара Фабиан үшін жазған болатын.

Еске сала кетсек, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Screaming» әніне түсірілген бейнебаян ресейлік «МУЗ-ТВ» арнасында көрермендердің ең көп дауысына ие болып, «музраскрутка» бағдарламасында көш бастаған болатын.

Ал осы айдың 19-да Димаштың Лондондағы жеке концерті өтеді. Қазіргі таңда Лондон орталығындағы экрандарда қазақстандық әншінің концерті жарнамаланып жатыр.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.