Байзақ батыр кесенесі жөнделді

38

Қазақтың арғы-бергі тарихында елі үшін қасық қаны қалғанша айқасып өткен асыл ерлер аз емес. Солардың бірі де бірегейі Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы – Байзақ Мәмбетұлы. Көзі тірісінде тізерлеп күн кешкенше тіресіп құрбан болуды жөн деп тапқан батырды Қоқан ханы азаппен өлтірсе де оның атымен бірге ажал құшқан сәті де ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып таралып кете барды. Айтқанына көнбей, айдауына жүрмеген батыр денесін қоқан ханы Әлімқұл зеңбірек аузына матап атуға бұйрық беріпті. Кейіннен халық батырдың күл парша болған денесінен қалған екі саусақты Талас өзенінің бойындағы қазіргі Сарыкемер ауылының маңына жерлейді. Қазір мұнда батырға арналған еңселі кесене бой көтерді.
Бұл күнде Байзақ батыр кесенесі өңірдегі киелі тарихи-мәдени ескерткіш­тердің біріне айналды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы­нан туындаған міндеттерге сай, кесене Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы 100 нысанының тізіміне алынды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқан еңселі нысан қазірдің өзінде туристер тамашалайтын қасиетті орын саналады. Жыл сайын мұнда мектеп оқушылары мен аудан жастары ат басын бұрады. Жаңадан шаңырақ көтерген жастардың да батыр кесенесіне тәу ете келетін игі дәстүр қалыптасқан. Осыны ескерген аймақтың қалталы азаматтары ауданның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Байзақ баба» кесенесіне баратын жол салуға, кешен аумағына су тартып, көгалдандыру жұмыстарына демеушілік жасады. Сонымен қатар, кесене маңы жарықтандырылып және айналасын қоршау жұмыстары жүргізілді.
Келешекте бұл орын да Әулиеата өңіріндегі әйгілі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері секілді өңірдің сан қатпарлы тарихынан сыр шертетін тарихи нысанға айналмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.